Ұрпақтар сабақтастығы ұмыт қалмаса…

Ұрпақтар сабақтастығы ұмыт қалмаса…

Қазақ қашанда жасы үлкенді сыйлаған. Ақсақалынан ақ бата алған. Әр шаңырақтағы тәрбиеленіп жатқан перзенттерге де ата-анасы бақылау жасап, аға мен әпкені сыйлауды үйреткен. Біздің қазақ ол тәрбиеден жаман болған жоқ.

Талас ауданында кезінде кеңшарларда басшылық қызметте болған Қасқарау Үкібаев деген аталас туысымыз тұрды. Үш ұл, үш қыз тәрбиелеген үлгілі отбасының басшысы. Біз сол шаңыраққа жас кезімізде жиі баратынбыз. Қасқарау ағаның дастарқан басына жайғасарда үлкен перзенттерінің кішісінен жоғары отыруын қадағалағанын талай көрдік. Былай қарасаң, қатар отырғанда тұрған ештеңе жоқ, ал бірақ, үлкен тәрбие. Қасекең үлкен баласының қолына кіші баласының су құюын ескерткенін де талай көзіміз көрді. Тәрбие деген осы ғой деп ой түйген едік, сол кезде.

Өкінішке қарай, қазір үлкендердің қолына кішілердің су құюы қалып барады. Үй иесі «Қазір қолдарыңызға су құйылады» десе, қонақтар орындарынан қарғып-қырғып тұрып «Өзіміз жуа саламыз» деп, қол жуғышы бар бөлмеге жүгіре жөнеледі. Өзің барып жуғанның да еш әбестігі жоқ, әрине. Бірақ, үй иесінің баласы қонақтардың қолына су құйса, ақсақалдардың батасын алады, жасы үлкендер: «Бақытты бол», «Өсіп-өніп, өркендей бер» деп бата береді. Ал, үлкендерден бата алған адамның жаман болғанын көргеніміз жоқ. Керісінше, жолы ашылып, қадамы сәтті болады. «Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» деген сөз бекер айтылмаған.

1972 жылдары қазақтың біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, Талас ауданына қарай өтеді. Сонда таластықтар «Ойық» кеңшарының кіре берісіне «Қаратөбе» дейтін жерде киіз үй тігіп, құрметтеп қарсы алған екен. Бірақ, Димекеңнің қабағы онша ашыла қоймапты. Төңірегіндегілер: «Қай ісіміз олқы болды?» деп уайым шеге бастайды. Сонда Дінмұхамед Ахметұлы: «Ау, азаматтар, бұл ауылдың қожайындары қайда?» деген екен. Сөйтсе, аудан басшылары үлкен кісінің мазасын алады деп, бала біткенді ол жерге жолатпаған екен. Біраздан соң асыр салып ойнаған балаларды көріп «Міне, осылай болуы керек қой» деген екен. Балалар үлкендермен бірге жүрсе, тәрбиелі сөз тыңдайды. Өсиетін ұғады, салт-дәстүрді бойына сіңіреді. Мәселенің мәнісі осында.

«Кісінің ала жібін аттамау», «Үлкеннің алдын кеспеу» деген де керемет ғажайып ұғымдар. Біздің ауылда Ақмолда деген сыйлы кісінің кемпірі Манат апа деген кісі болды. Бірде алыс жолдан сол Манат апа келе жатса, оны алыстан көрген жасы кіші абысыны ұзақ уақыт жолын тосып, әлгі апаның өтіп кетуін күтіпті. Осы ізетті байқаған Манат апа алыстан сөйлеп, алғысын жаудырады, тілегін төгеді. Міне, үлкен кісінің алғысын алған әлгі жас абысынының ұл-қыздары өсіп- өніп, ұрпақтары ауылдың алды болып, құрметке ие болды. Қазақтың батасында да таусылмас тағылым жатыр.

Кісінің ала жібін аттамауды да жас күнінен ұрпақ санасына сіңірсек, ұтарымыз көп. Біреуге қиянат жасамауды, адалдық пен адамдықты жастай үйренген бала өмір бойы ізгі жолдан айнымайды. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөзінің жаны бар. Бүгінгі таңда ел болып бәріміз күресіп жатқан сыбайлас жемқорлықтың түп-тамыры осындай тәрбие берілмеген жерден бастау алады. Қазақ аталарымыз тумысынан адал, арлы болған. Ал, бүгінгі кейбір жандардың жемқорлыққа жол беріп, адалдықтан аттауы – қазаққа жат қасиет.

Жас ұрпақтың алғыр, адал, білімді болуы оларға берілген ұлттық тәрбиеде жатыр. Үлкендердің қолына су құйып, батасын алып өскен буыннан тәлім алған ұрпақтар да сол ізгіліктен аттамайды. Жастарды кінәлай беруден де аулақпыз. Қазіргі таңда азамат болған баласымен сөйлесуге әкенің, бойжеткен қызымен тілдесуге аналарымыздың уақыты жоқ. Бірақ, сол кісілер «уақытым жоқ» деп жүріп, уақытты өткізіп алатынын білмейді. Яғни, өз ұл-қызына дер кезінде дұрыс тәрбие бере алмағанның, ұлттық құндылыққа тәрбиелей алмағанның өкініші де көп.

 

Есет ДОСАЛЫ, Ақ жол газеті
27.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 79
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 84
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 185
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 185
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 324
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 327
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 549
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 496

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9200
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8597
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11824
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9594
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10807