ҮШ ТАНЫМ АРНАСЫ: ҰЛТТЫ ТАНУ, АДАМЗАТТЫ ТАНУ ЖӘНЕ СЫР ИЕСІН ТАНУ

ҮШ ТАНЫМ АРНАСЫ:  ҰЛТТЫ ТАНУ, АДАМЗАТТЫ ТАНУ ЖӘНЕ СЫР ИЕСІН ТАНУ

«Мәпелеп сені өсірді,

Тәрбиелеп, тазалап».

– Қашаған Күржіманұлы

 

Адамның рухани әлемі бір күнде қалыптаспайды. Оның алғашқы іргетасы сәби кезінен қаланады. Адам ең әуелі дүниені анасынан, отбасынан, туған тілінен, үлкеннің сөзінен, бесіктің әлдиінен, дастарқанның әдебінен, жақсылық пен жамандықтың арасын ажыратқан қарапайым тәрбиеден таниды. Осы алғашқы таным кейін адамның мінезіне, дүниеге көзқарасына, елге қатынасына, адамға деген құрметіне, ар-ұятына және рухани жауапкершілігіне айналады.

Қашаған Күржіманұлының «Тойбастар» жырындағы «Мәпелеп сені өсірді, / Тәрбиелеп, тазалап» деген жолдардың өзі осы үлкен ақиқатты аңғартады. Мұнда балаға берілген тәрбие жай ғана күнделікті күтім емес. Оның астарында ана еңбегі, ақ сүт, бесік, тәрбие, әдеп, ата-ана хақы, отбасы жауапкершілігі, ел-жұртқа қатынас және Алла алдындағы парыз біртұтас дүниетаным ретінде көрінеді. Демек, қазақтың дәстүрлі танымында адамды адам ету жолы отбасыдан басталып, біртіндеп қоғамға, ұлтқа және рухани әлемге ұласып отырған.

Қашағанның бұл жырын бір ғана отбасылық тәрбиенің көрінісі деп қабылдау оның философиялық тереңдігін тарылтып жіберер еді. Өйткені ақын өмір сүрген дәуірде жеке адамның тағдыры отбасыдан, отбасының тағдыры ел-жұрттан, ел-жұрттың тағдыры жер мен дәстүрден бөлек қаралмаған. Ол кезеңдегі қазақ қоғамында бүгінгідей әр ұғым жеке-жеке мекеме, жеке пән, жеке ғылым саласы болып бөлінбегенімен, олардың қызметі халықтың күнделікті тіршілігінде тұтас күйінде өмір сүрді. Ана тәрбиесі – отбасының тәртібі, отбасының тәртібі – елдің әдебі, елдің әдебі – адамның ар-ұяты, ал ар-ұят – Жаратушы алдындағы жауапкершілікпен сабақтасып жатты. Сондықтан Қашағанның жырындағы ана, бала, ата-ана, тәрбие, отбасы, ел-жұрт және Алла туралы ұғымдарды бір-бірінен бөліп алып қарамай, сол дәуірдің тұтас дүниетанымдық жүйесі ретінде оқу қажет. Ақынның сөзі белгілі бір уақыттың тұрмысын ғана суреттемейді; ол сол уақыттың адамды қалай түсінгенін, адамды қандай өлшеммен бағалағанын, ұрпақтың қандай жолмен қалыптасқанын аңғартады.

 

Бұл – дәуірлік танымның өзегі

Дәуірлік таным дегеніміз белгілі бір заманның оқиғаларын тізіп шығу емес. Ол – сол дәуірдегі адамның дүниені қалай қабылдағанын, адам мен қоғамның арасын қалай байланыстырғанын, қасиет пен жауапкершіліктің өлшемін неден іздегенін түсіну. Осы тұрғыдан Қашағанның «Тойбастар» жыры – бір дәуірдің рухани айнасы. Оның әрбір тәрбиелік ишарасының ар жағында сол заманның адам туралы түсінігі, отбасы туралы түсінігі, ел туралы түсінігі және Алла туралы түсінігі жатыр.

Қашаған дәуірінде бала дүниеге келген сәттен бастап жеке дара тіршілік иесі ретінде ғана емес, белгілі бір шаңырақтың, әулеттің, елдің жалғасы ретінде қабылданған. Оның дүниеге келуі – бір отбасының қуанышы ғана емес, ұрпақтың жалғасуы. Анасының ақ сүті – тіршілік нәрі ғана емес, алғашқы аманат. Бесік – ұйықтататын орын ғана емес, тәрбиенің алғашқы кеңістігі. Үлкеннің сөзі – жай әңгіме емес, өмірлік өлшем. Дастарқан – тамақ ішетін жер ғана емес, адамдардың бір-біріне деген қатынасын қалыптастыратын орта. Ата-ананың хақы – жеке отбасылық міндет қана емес, адамдық борыш.

Осының бәрін бүгінгі тілмен қайта таразыласақ, уызана, уызтіл, уызсана, уызмәдениет, уызтек ұғымдарының тарихи негізі сол тіршілік жүйесінің ішінде жатқанын аңғарамыз.

Бұл ұғымдар әр мақалада тақырып ыңғайына қарай қайта оралып, жаңа қырынан ашыла береді.

Қашағанның жырындағы «Риза бол анаңа» деген үннің өзі үлкен философиялық мағына береді. Анаға ризашылық – баланың дүниеге келгенін ғана мойындау емес, өзінің адам болып қалыптасуындағы алғашқы себепті тану. Анасының тоғыз ай, он күн көтергенін, ақ сүтін бергенін, ұйқысын бөліп, бесікте мәпелегенін еске салу арқылы ақын адамға өзінің дайын күйінде пайда болмағанын ұқтырады. Адам – біреудің мейірімімен өседі, біреудің еңбегімен қалыптасады, біреудің тәрбиесімен адамдық өлшемге келеді.

Бұл жерде адамның алғашқы философиясы жатыр: «Мен өзім ғана емеспін. Менің артымда мені өсірген орта бар».

Осы түсінік бүгінгі адамның өзімшілдігінен бұрын адамды жауапкершілікке жетелейді. Себебі өзіңнің қалай қалыптасқаныңды түсінген сайын, өзіңнен кейінгі ұрпаққа не беріп жатқаныңды да ойлай бастайсың.

Қашағанның:

«Періште көңіл пәктікпен

Ақ сүтін сорып, жұбандың» деген жолдарындағы ақ сүттің өзі философиялық тұрғыдан қарағанда жай ғана ана сүті емес. Ол – алғашқы мейірімнің, алғашқы қорғанның, алғашқы сенімнің белгісі. Бала дүниеге келгенде дүниенің заңын білмейді. Ол алдымен ананың жылуын сезеді. Демек, адамның алғашқы дүниетанымы сөзден де бұрын сезімнен басталады. Мейірім – санаға дейінгі алғашқы тәрбие. Ана үні – білімнен бұрынғы алғашқы байланыс. Бесік – мектептен бұрынғы алғашқы кеңістік.

Осы тұрғыдан уызана ұғымының тереңдігі ашылады.

Уызана – баланың дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы рухани ортасы. Ол тек ана тұлғасымен шектелмейді. Анадан тараған мейірім әкеге, әжеге, атаға, бауырға, шаңыраққа, бүкіл отбасы ортасына жалғасады. Сондықтан уызана – адамның алғашқы рухани әлемін қалыптастыратын орта.

Қашағанның:

«Талай бөлдің ұйқысын,

Бесікте жылап мазалап.

Мәпелеп сені өсірді,

Тәрбиелеп, тазалап» деген жолдары осы ұғымның тарихи-мәдени мазмұнын айқын көрсетеді. Мұнда «өсірді» мен «тәрбиеледі» қатар тұр. Бұл екеуінің айырмасы өте маңызды. Өсіру – тәннің жетілуі. Тәрбиелеу – адамның қалыптасуы. Ал «тазалап» деген сөз осы тәрбиенің рухани сипатын тереңдете түседі.

Демек, қазақ танымында баланы өсіру мен адам ету бір нәрсе болмаған. Тән өседі, ал мінез тәрбиемен қалыптасады. Бала дүниеге келеді, ал адамдық қасиет біртіндеп орнығады.

Бұл – Қашаған дәуірінің ғана емес, қазақтың ғасырлар бойғы өмір тәжірибесінен өткен үлкен философиялық таным.

Осыдан уызсана ұғымына келеміз.

Уызсана – адамның алғашқы рухани бағдарларының қалыптасуы. Бала «ар» деген сөздің ғылыми анықтамасын білмей тұрып, үлкеннің алдында қалай сөйлеуді үйренеді. «Ұят» ұғымын анықтамадан оқымай тұрып, кей әрекеттің жөнсіз екенін сезеді. «Обал» мен «сауапты» арнайы теория ретінде оқымай тұрып, біреуге зиян келтірмеуді, нанды баспау керектігін, үлкеннің көңілін қалдырмауды үйренеді. Яғни ұлттық танымның ең алғашқы қабаты кітаптан емес, өмірден келеді.

Қашаған жырының тарихи маңызы да осында. Ол бізге сол дәуірде бұл ұғымдардың жеке-жеке анықтама ретінде емес, өмір салты ретінде қалыптасқанын көрсетеді.

Бұл жерде дәстүрдің үлкен құпиясы бар.

Дәстүр – бұрынғы адамдардың жасаған әрекеттерінің жай қайталануы емес. Дәстүр – белгілі бір қоғамның өз құндылығын күнделікті өмір арқылы келесі ұрпаққа жеткізу тәсілі. Қашаған дәуіріндегі ана тәрбиесі, бесік, ата-ана хақы, отбасы әдебі, үлкенге құрмет, ел-жұртпен қатынас және Алла алдындағы жауапкершілік – бір-бірінен бөлек дәстүрлер емес, адамның өмір жолын қалыптастыратын біртұтас жүйе. Сол себепті уызмәдениет ұғымын да тек бала тәрбиесімен шектеуге болмайды. Уызмәдениет – алғашқы тәрбиенің қоғамдық мінезге айналған жалғасы. Оның өлшемі адамның қалай сөйлейтінінен, қалай тыңдайтынынан, үлкенге қалай қарайтынынан, нанды қалай қадірлейтінінен, қонақты қалай қарсы алатынынан, ата-анасын қалай сыйлайтынынан, аманатқа қалай қарайтынынан көрінеді.

Қашағанның жырындағы анаға құрмет, ақ сүтті қадірлеу, бесіктегі баланы мәпелеу, ата-ананың хақын өтеу, отбасы ішіндегі жауапкершілік – осы уызмәдениеттің нақты тарихи-мәдени белгілері. Бұл жерде Қашаған бүгінгі «уызсана» немесе «уызмәдениет» деген атауларды қолданды деп отырған жоқпыз. Оның жырындағы өмірлік құндылықтар осы ұғымдар арқылы бүгінгі санаға қайта жүйеленіп түсіндіріледі. Яғни ақынның жыры – біздің ұлттық танымымыздың қалай өмір сүргенін көрсететін әдеби-тарихи дерек.

Қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде балаға «кімнің баласысың?» деген сұрақтың мәні де терең. Бұл сұрақ тек тегін сұрау емес, жауапкершілігін сұрау. Адам өзінен бұрынғыны таныса, өзінен кейінгіге не қалдыратынын да ойлай бастайды. Осы жерде уызтек ұғымының мәні ашылады.

Уызтек – тек қан арқылы жалғасатын шежіре емес. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа өтетін мінез, талғам, әдеп, жауапкершілік, жады, сөз және рухани сабақтастық. Адамның тегі оның өткенін көрсетсе, уызтегі оның сол өткеннен қандай қасиетті алып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан тек ата-бабаны білу аз; ата-бабадан қалған адамдық өлшемді жалғастыру маңызды.

Бұл жерде саржол, саржүріс, сарын, сар/ес ұғымдары да өзара сабақтасады. Саржол – бағыт. Саржүріс – сол бағыттағы үзілмейтін қозғалыс. Сарын – адамның, әулеттің, елдің ішкі әуені мен өзіне тән болмысы. Ал сар/ес – жай ғана өткенді есте сақтау емес, қайдан келгеніңді ұмытпай, қайда бара жатқаныңды бағдарлайтын ішкі жады.

Өз тамырын тану адамды дүниеден бөліп тастамауы керек. Керісінше, өзінің кім екенін білген адам өзгенің де кім екенін түсінуге қабілетті болады. Осы тұста екінші арна – адамзатты тану басталады.

Қазақтың ұлттық танымы адамды тек өз ортасымен шектемейді. «Адамның күні – адаммен», «кісі ақысы», «жолаушының жолы», «қонақ», «көрші», «ағайын», «бауыр» деген ұғымдардың бәрінде адамға деген ортақ жауапкершілік жатыр. Өзгені сыйлау – өзіңді жоғалту емес. Ұлттық болмысты сақтау – адамзаттан бөліну емес.

Керісінше, өз өлшеміңді білсең, өзгенің өлшемін де құрметтей аласың. Қазақты қазақтың өз өлшемімен тану – басқа халықтарды кеміту емес, өзіңнің дүниеге қосар үлесіңді анықтау. Түркілік – ортақ тамыр болса, қазақылық – сол тамырдың тарихи тағдыр арқылы қалыптасқан өзіндік тұлғасы. Ұлттық таным адамзаттық кеңістікке шыққанда ғана өзінің шынайы мағынасын ашады.

Бірақ адамзаттық танымның өзі адам болмысының соңғы нүктесі емес. Өйткені адам өзінің кім екенін, дүниедегі орнын, өмір мен өлімнің сырын, жақсылық пен жамандықтың түпкі өлшемін іздеген кезде рухани танымға келеді. Осы жерде үшінші арна – Алланы тану мәселесі алдыңнан шығады.

Қашағанның сол жырындағы «Абайласаң, айып жоқ / Алланың бұйрық ісінде» деген мазмұнды жолдар да қазақтың дәстүрлі дүниетанымында тәрбие мен иманның бір-бірінен ажырамағанын көрсетеді. Ата-ананың хақы, отбасының жауапкершілігі, адамның әдептілігі мен Алла алдындағы парызы бір дүниетанымның ішінде қатар өмір сүрген.

Алланы тану – тек діни атауларды білу емес. Ол адамның ішкі ниетін түзеуі, ар-ұятын оятуы, өз ісіне жауап беруі, өзінен әлсізге қиянат жасамауы, аманатқа адал болуы, жүрегін тазартуға ұмтылуы арқылы көрінеді. Осы тұрғыдан сафи ұғымы ерекше мәнге ие. Сафи – рухани тазалықтың, дұрыс ниеттің, жүрек тазалығының және Жаратушы алдындағы жауапкершіліктің өлшемі.

Сонда үш арна бір-бірін толықтырады: уызсана – қазақы танымның өзегі; адамзаттық таным – адамның дүниесін кеңейтетін ортақ кеңістік; сафи – діни рухани өлшем. Бұлардың әрқайсысы өз орнында болғанымен, адам болмысында бір-бірінен бөлінбей, бір шеңберде тоғысады.

Ұлтты танымаған адам өзінің тамырын сезінуде әлсіз болуы мүмкін. Адамзатты танымайтын адам дүниесін тарылтуы мүмкін. Ал рухани өлшемнен айырылған таным сыртқы білімге ғана айналып кетуі ықтимал. Сондықтан адамға бір ғана арна жеткіліксіз. Оның толықтығы осы үш арнаның өзара үндесуінен көрінеді.

Мен бұл үш арнаны бірінің үстіне бірін қойылған баспалдақ деп емес, мәңгілік үштаған Темірқазық деп түсінемін. Темірқазық қалай бағыт көрсетсе, бұл үш таным да адамның ішкі бағытын айқындайды: мен кіммін, адам деген кім, Жаратушы алдындағы орным қандай?

Бірінші сұрақ – тамырыңды танытады. 

Екінші сұрақ – дүниеңді кеңейтеді. 

Үшінші сұрақ – жүрегіңе өлшем береді.

Сондықтан уызана, уызтіл, уызсана, уызмәдениет, уызтек туралы сөз тек балалық шақ немесе ұлттық тәрбие туралы сөз емес. Оның ар жағында адамның бүкіл рухани қалыптасу жолы жатыр. Уыздан басталған алғашқы мейірім кейін мінезге, мінез тәрбиеге, тәрбие мәдениетке, мәдениет ұлттық болмысқа айналады. Ұлттық болмыс адамзатты тануға жол ашады. Ал адамзаттық кеңістік адамның рухани жауапкершілігін тереңдетіп, Алланы тануға ұмтылысын күшейтеді.

Қашағанның «Мәпелеп сені өсірді, / Тәрбиелеп, тазалап» деген екі жолы сондықтан жай ғана ананың балаға жасаған қамқорлығын айтып тұрған жоқ. Оның астарында адамды адам етуге бағытталған тұтас қазақы таным жатыр. Анадан басталған тәрбие отбасыға, отбасынан елге, елден адамзатқа, ал адамзаттан Жаратушы алдындағы жауапкершілікке дейін жалғасатын рухани жолдың алғашқы есігін ашады.

Адам өзінің кім екенін танығанда ғана өзгені тануға, өзгені танығанда ғана дүниені кеңінен қабылдауға, ал дүниені танығанда ғана Жаратушы алдындағы орнын терең сезінуге жақындайды. Ұлтты тану – тамыр, адамзатты тану – кеңістік, Алланы тану – рухани өлшем. Осы үшеуі біріккен жерде адамның танымы да, болмысы да толық мәнге ие болады.

 

Сабыр АДАЙ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,

Ақтау қаласы

 

08.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28416
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27919
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45255
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40903
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45575