Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисінде инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. «ERG International Group» ірі инженерлік-құрылыс компаниясы облыста инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүдделі. Облыс әкімі өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, экономиканың негізгі бағыттарына жеке тоқталды. Өз кезегінде «MERAGRO» ЖШС өкілдері мал шаруашылығын дамыту бойынша жобаларын таныстырды. Компания құрама жем зауытын (жылына 7000 тонна), сүт-тауар фермасын (жылына 2000 тонна) салуды, өз өнімдерін өңдеп, шығаратын балық шаруашылығын (жылына 100 тонна) құруды жоспарлап отыр. Жиында басқа да инвесторлар күйдірілген кірпіш зауытын салу, балмұздақ сақтау және сату секілді түрлі жобаларды ұсынып, жергілікті биліктің қолдауына қатысты өтініштерін білдірді. Аймақ басшысы таныстырылған жобалардың маңыздылығына назар аударып, жауапты тұлғаларға инвесторлардың ұсыныстарын жан-жақты зерделеуді тапсырды. Сондай-ақ, жергілікті билік барлық кәсіпкерлерді қолдауға, олардың мәселелерін барынша шешіп беруге көмектесетінін жеткізді. Басқосу барысында Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндама жасады. Аталған ауданда ағымдағы жылды қоса алғанда 2025 жылға дейін жалпы сомасы 61,1 миллиард теңгені құрайтын 164 жобаны (72-сі 2023 жылы) іске асыру жоспарлануда. Ауданда кірпіш зауытын, бөтелкедегі экологиялық таза ауыз су зауытын, күн электр стансасын салу жоспарлануда. Кеңес қорытындысымен тиісті тұлғаларға инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыру, заңнама шеңберінде инвесторларға қолдау көрсету тапсырылды.