«Ұшқан ұя – ұлттық тәрбие мектебі» әйел-аналар форумы көпшілікке ой салды

«Ұшқан ұя – ұлттық тәрбие мектебі» әйел-аналар форумы көпшілікке ой салды

Жуалы аудандық мәдениет үйінде Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай “Ұшқан ұя — ұлттық тәрбие мектебі” тақырыбында аудандық әйел-аналар форумы өтті.
Тағылымды шарада қоғам қайраткері, «Ауыл тағдыры – ұлт болашығы» атты «АMANAT» және «Ауыл» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, халықаралық “Қазақстан дәуірі” қоғамдық-саяси газеті, «Ел-Ана» қоғамдық-әлеуметтік-танымдық сайты және «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен экспидициясының көшбасшысы Сәуле Мешітбайқызы қонақта болды.


Батыр бабамыздың «Ұшқан ұя» кітабы – әр қазақ үшін отбасылық құндылықтың алтын қазығы. Форум осы асыл қазынамыздан алынған «Сәлем – сөдің анасы», «Әженің батасы» сынды ойлы шағын театрландырылған көріністермен басталды.


Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова шараның мақсатына тоқталып, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Форумның алғашқы спикері Желтоқсан көтерілісінің ардагері, ардагер ұстаз, қазақтың танымал ақыны, журналист, сазгер, ақын Бауыржан Үсеновтың жары Гауһар Тәжікенова «Ұшқан ұя – ұлттық тәрбиенің мектебі» тақырыбында баяндама жасады.


-Ғасыр қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы -атамыздың балалық шағын баяндаған, өсіп, тәрбие алған ортасын суреттеген ғұмырнамалық шығарма.
«Ұшқан ұядағы» оқиға желісі әже бейнесі арқылы өрбиді. Шығарманың өн бойында әже образы тектіліктің, кемеңгерліктің негізі ретінде суреттелген. Отбасы емес, бүкіл ауылдың ақылшысына айналған әже бейнесі ерекше тебіреніспен, сүйіспеншілікпен бейнеленген.


Бауыржанның аты аңызға айналған шақта ол әрдайым өзінің ұлағатты ұстаздарын, қанды көйлек жолдастарын еске алатын тұстары көп.
«Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп, ойға бататыным бар. Сондай шақтарда ең алдымен ата-аналарымның бейнесі елестейді, Солардың уағыздары басымырақ бола береді» — деп тәрбиенің басы — тал бесікте екенін атап көрсетеді,- дей келіп, спикер адам тағдырын шешетін ұлы іс – тәрбиеде ата-ананың өнегесінің маңызына ерекше тоқталып, жас ұрпағымызды ұлттық рухта тәрбиелеу қажеттігін баса айтты.


«Жуалы» және «Мыңбұлақ» халықтық театрларының әртістері «Өсекші әйел» шағын көрінісі арқылы өмірден алынған ащы сабақ, яғни өсек қуған әйелдердің іс-әрекетінің ұрпақ тәрбиесіндегі салдарын бейнеледі.
Сонымен бірге «Әйел даналығы» тақырыбындағы көріністе ері дүниеден өткен ақылды әйелдің баласының жүрегінде әкенің орнын бос қалдырмау мақсатындағы жүрек тібірентер ісі арқылы ананың даналығы жайлы сырды ұқтырды.


Әрбір театрлық көріністі аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нәзипа Каттебекова түйіндеп, көрерменге ой салып отырды.


«Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері «Ана», «Атамекен» әндерін орындап, форумның ажарын аша түсті.
«Қазақ әйелі: өмірде – нәзік, істе – мығым» тақырыбында баяндама жасаған спикер аудандық кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекеева әйелдің еңбекқорлығы, отбасының ұйытқысы бола жүріп, кәсібін де қатар дөңгелетіп, елдің дамуына үлес қосып жүрген іскер әйел-аналар туралы ой-пікірімен бөлісті.
LED экраннан көрсетілген «Дені сау ұрпақ – дені сау анадан туылады» бейнесюжеттен кейін спикер аудандық аурухананың бас акушер-гинеколог дәрігері Ғазиза Егізбаева «Ана құрсағынан басталған тәрбие: ауыл әйелінің денсаулығы – ұрпақ сапасының кепілі» тақырыбындағы баяндамасында отбасын жоспарлау, жас аналар үшін отбасының қолдауының маңызы зор екені жайлы айтып, дәрігерлік ақыл-кеңесімен бөлісті.
Форумның жұмысын қорытындылау үшін сөз кезегі Ел анасы Сәуле Мешітбайқызына берілді.


Сәуле Мешітбайқызы ауданымызда бұған дейін де бірнеше рет болған. Елім, қазағым деген ұлтжанды анамыздың бұл жолы да ниетіне сай осындай ауқымды да маңызды шараның төрінен табылып, сөз сөйлеуі, яғни аналық, жанашырлық пейілінен туған ойлы да ашық, өткір сөздері, аналық ақ батасы форумның маңызын одан сайын аша түсті.
Ел анасы атанған апамыз дәстүрлі бірлескен экспедициямен еліміздің барлық өңірін жай аралап қана қоймай, ел бесігі — ауылдарымыздағы орын алған жағдайларды халықаралық “Қазақстан дәуірі” қоғамдық-саяси газетінде ашып жазып, Үкіметке өткір жеткізіп келеді.
Қайда жүрсе де ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы, алтын бесігіміз — ауылды дамыту үшін әрбір азаматтың жанашырлық, жауапкершілік, жаңашылдық қасиетінің маңыздылығы, әлеуметтік көмек шын мұқтаж жандарға берілуі керектігі әрі тиімді де ашық болуы, тағы да басқа көкейтесті мәселелерді көтеріп, “қарлығаштың қанатымен су сепкендей” елдің рухани, әлеуметтік жағдайының көтерілуіне үлес қосып жүрген Сәуле Мешітбайқызы әйел-аналар форумында да ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті мәселерді көтеріп, көрерменді өз ой-пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісуге шақырды.


Сонымен қатар Сәуле Мешітбайқызы жастарымыз сауатты, озық ойлы болсын десек оларды кітап, газет-журал оқуға тәрбиелеу керек екенін баса айтып, көпшілікті мерзімді басылымдарға қолдау көрсетуге шақырды.
«Артық білім – кітапта» деп Абай атамыз айтқандай, кітап – алтын қазына. Ал, газет-журнал – халықтың үні, мемлекеттігіміздің тірегі. Қазақ баспасөзіне деген қолдау – сайып келгенде қазақ руханиятына деген қолдау. Сондықтан Сәуле Мешітбайқызының қоғамды кітап, газет-журнал оқуға, мерзімді басылымдарға қолдау көрсетуге шақыруы құптарлық іс. Себебі, біз кітап, газет-журнал оқу мәдениетін қалыптастыру арқылы ғана жан-жақты білімімізді, рухани ой-өрісімізді дамытып, сауатымызды көтереміз.
«Жуалы» мешітінің бас имамы, республикалық «Ақ бата» байқауының жүлдегері Сейітқазы қажы Медетбеков жас ұрпақ тәрбиесінде Үкімет тарапынан ұлттық тәрбиемізді мықтап қолға алу туралы ұсынысын жеткізіп, көпшілікке Бауыржан Момышұлының атасы Имаш бабамыздың ақ батасын берді.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы отбасылық құндылықтарды сақтау мен ұрпақ тәрбиесінде әйел-ананың рухани деңгейінің маңызы, сонымен қатар жастар мен жасөспірімдердің бойына ұлттық ерекшеліктер мен қазақы дәстүрлі мәдениетті сіңіре отырып, бірегей ойлы, рухани бай ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ету, жауапты ата-ана идеясын ілгерілету мақсатындағы форумның қабылданған ұсынымдарын оқыды. Ұсынымда форумда көтерілген мәселелердің барлығы қамтылды.


Әрбір саналы жанға ой салған, жүректерді тебіренкен, тағылымы мол шара соңынан аудан әкімі Анар Ахметова Ел анасы Сәуле Мешітбайқызына аудан басшысы мен барша жуалылықтардың атынан алғысын білдіріп, қазақы дәстүрмен иығына камзол мен ақ жаулық жапты.
Сонымен бірге түрлі салада абыройлы еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамуына үлес қосып жүрген бір топ әйел-аналарды аудан әкімі Жалғас Мұртазаның Алғысхатымен марапаттады.
Анар Ахметова форумды белгілі журналист Бейсен Құранбектің «Ойыңды түзеймін десең – Абайды оқы, сөзіңді түзеймін десең – Әуезовты оқы, мінезіңді түзеймін десең – Момышұлын оқы» деген сөзімен қорытындылады.

 

Ауыл әйелдерінің Жуалы ауданы бойынша форумының
ҰСЫНЫМДАР ЖОБАСЫ

Жуалы ауданы 2025 жылғы 11 желтоқсан

300 ауыл әйелдерінің қатысуымен өткен «Ұшқан ұя — ұлттық тәрбие мектебі» әйел-аналарының Жуалы ауданы бойынша форумы мыналарды атап өтеді.
Ауыл әйелдерінің форумы отбасында ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтарды сақтау мен ұрпақ тәрбиесінде әйел-ананың рухани деңгейінің маңызы мен жауапкершілігін насихаттау, сонымен қатар жастар мен жасөспірімдердің бойына ұлттық ерекшеліктер мен қазақы дәстүрлі мәдениетті сіңіре отырып, бірегей ойлы, рухани бай ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ету, жауапты ата-ана идеясын ілгерілетуді мақсат етеді.
«Ұшқан ұя — ұлттық тәрбие мектебі» әйел-аналарының Жуалы ауданы бойынша форумындағы талқылаулар нәтижесінде іс-шараға қатысушылар мыналарды ұсынады:
Адамның болмысы да, мінезі де, жүріс-тұрысы да ең алдымен өз шаңырағында, өз ұшқан ұясында қалыптасады. Сондықтан әр отбасы – ұлттық тәрбиенің алғашқы және ең маңызды мектебі. Бұл ұшқан ұя мектептің ұстанымы да, тәртібі де, шамшырағы да – ана екенін назарда ұстауды;
Ұрпақты тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу. Әр шаңырақта айтылған жылы сөз, үйретілген жақсы әдет, үлгі болған іс – ертеңгі елдің тұтастығына қызмет етеді;Баланың ойлау қабілетін дамыту мен қиялдай алу мүмкіндігін қалыптастыру үшін аналар балаларына үнемі ертегі айтып беріп, ертегілердегі батырлардың өмірін балаға өнеге етіп насихаттауды;
Балаларымыздың жүрегіне ата-дәстүрдің асыл мәнін, салт – сана мен әдептің мәнісін, қазақы мейірім мен ізеттің қадірін, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білуді сіңіруге бірге атсалысайық;
Ұшқан ұямыздың құтын сақтап, Ұрпағымыздың санасын ұлттық рухпен байытып, Еліміздің болашағына қызмет ететін текті тәрбие беруді бірге жалғастырайық;
Ұлт тәрбиесінде аналардың салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға аса көңіл бөлуі маңызды;
Ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың оңтайлы болуы үшін бесіктегі балаға «Бесік жырын» айтып, баламен сөйлесіп, әңгімелесудің маңызын ұғыну;
Ауыл әйелдерінің әлеуметтік және отбасылық кәсіпкерлікке қатысуын кеңейту және ауыл әйелдері ұсынатын әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін жағдай жасау;
Жауапты ата-ана болу идеясын ілгерілету. Балалардың қауіпсіздігіне назар аудару;
Балаларыңыздың өміріне қатысу, олардың қызығушылығына шынайы қарап, ашық әңгімелер жүргізу – олардың үйлесімді дамуы мен мүмкін болатын трагедиялардың алдын алудың негізі;
Білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының тәрбие үштағанының идеологемаларын іске асыруда ата-аналардың рөлін арттыру. Яғни, Әділетті Қазақстан, Адал азамат, Озық ойлы ұлт идеяларын мектеп қабырғасымен қатар отбасында да насихаттау маңызды;
Бала – біздің болашағымыз. Оның саналы, білімді, ойы ұшқыр болып өсуі ең алдымен отбасыдан, ананың берген тәрбиесінен бастау алады. Бүгінгі цифрлық заманда балалардың бос уақыты көбіне телефон мен теледидарға байланып барады. Ал, кітап пен баспасөз – баланың тілін дамытып, ой-өрісін кеңейтетін, рухани байытатын ең құнды қазына. Балаларыңызды жасына сай газет-журналдарға жаздырып, күнделікті кітап оқу, оқығанын талқылау – баланың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ана мен балаарасындағы байланысты да нығайтады. Газет-журналдар арқылы бала елдегі жаңалықтарды біліп, танымдық дүниелермен сусындайды, сөздік қоры молаяды;
Әр ана баласының қолына телефон емес, кітап ұстатса – ертеңі жарқын, ойы терең, елін сүйетін ұрпақ өседі. Балаларымыздың болашағы үшін бүгіннен бастап кітап оқуды өмір салтына айналдырайық!
Ауылдық жерлердегі әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін, сондай-ақ мәдени-адамгершілік даму мәселелерін ерекше бақылауға алуды;
Отбасының берекесі мен қоғамның тыныштығы ең алдымен әр үйдегі ынтымақ пен жауапкершіліктен басталады. Балаларымыздың жарық болашағы үшін біз – ата-аналар – заң мен тәртіпті құрметтеп, оларға дұрыс бағыт көрсетуіміз қажет;

Ұсыныс-пікірлеріңіз назарға алынып, қолдау табатынына сенімдімін.

Перизат Шымыртайқызы,
журналист.
Жуалы ауданы

19.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21233
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21012
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36200
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34624
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38558