Орал қаласының білім мекемелері де жаңа оқу жылын бастап кетті. Жылдағы дәстүр бойынша педагогика саласы қызметкерлерінің басын қосқан «Тамыз кеңесі» жиынында алдағы мақсат-міндеттер сараланып, үздік ұстаздар марапатталды.
26 тамыз күні өткен Орал қалалық педагог қызметкерлердің тамыз кеңесі «Білім мен ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» деп аталды. Кеңеске Орал қаласының әкімі Аба т Шыныбеков, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев және ардагер-ұстаздар мен педагогтар қатысты.
Кеңеске жиналғандарға алдымен қалалық білім беру ұйымдары туралы «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» атты бейнефильм көрсетілді. Бұдан соң қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова «Жаңа оқу жылына – жаңа міндеттер» тақырыбында баяндама оқыды. Ақжарқын Мүтиғоллақызы пандемия жағдайына қарамастан қалалық білім ұйымдарында білім беру үрдісін дәстүрлі форматта жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалғанын, мектептер жөндеуден өткізіліп, қажетті санитарлық нормалар сақталып, барлық ұстаздар мен мектеп қызметкерлерінің 96,8 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа оқу жылындағы ең басты міндет – оқушылардың біліміндегі олқылықтарды жою, функционалдық сауаттылықтарын арттыру болмақ. Осы орайда баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы екенін баса айтқан қаланың бас ұстазы мұғалімдер қауымын айтылған мәселелер төңірегінде ой түйіп, нәтижелі жұмыстануға шақырды.
Орал қаласының әкімі Абат Абайұлы еліміздің тұрақты дамуының кепілі болар ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда басшылыққа алынуы тиіс бірнеше міндеттерді атады. Бұл – білім ұйымдарында оқушылардың денсаулығын сақтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуын арттыруда жекеменшік балабақшаларды ынталандыру, оқушыларға кәсіби бағдар берудегі жұмысты жандандыру, мектептердегі менеджмент сапасын арттыру.
Пленарлық мәжіліс барысында онлайн байланыстқа шыққан ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының директоры Манара Адамова 2021-2022 оқу жылында тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастыру жұмыстарын таныстырса, «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының директоры Гүлмира Корғанбаева әлемдік ғылым көшіне ілесудің алғышарттарын тарқатып, жаңа мектептің үлгісін қалыптастыруға тоқталды.
Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпөкешев мұғалімнің зерттеу мәдениетіне, қызметін қолдау тұжырымдамасына арналған жобаның нәтижесімен бөлісті. Ал «STEM Academia» ЖШС-ның даму және зерттеу директоры Мағжан Қыстаубаев оқыту барысында сандық технологияларды қолдану мәселесіне тоқталды және облыстағы білім ұяларында интерактивті лабораториялар ашуды ұсынды.
Конференция аясында №33 орта мектептің директоры Үміт Ерғалиева «Жобалар: идеядан – іске» тақырыбымен білім жүйесіндегі жобалық жұмыстар туралы ой тарқатты. Менеджердің кәсіби қолдауымен жас маманның жұмысы турасындағы тәжірибесімен №5 ЖОББ мектебінің директоры Әсем Бахытжанова мен биология пәнінің мұғалімі Ертілек Наурыз бөлісті.
Спикерлердің идеялары тыңдалған пленарлық мәжілістен соң үздік ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің, қала әкімінің және облыстық педагог қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Биыл жаңа оқу жылында қала бойынша 1 сыныпқа 6364 оқушы қабылданған. 2021-2022 оқу жылында қала мектептерінде 55 394 оқушы білім алады деп күтілуде. Бұл өткен жылғы оқушылар контингентінен 2784 балаға көп.