Халқының Нұрғисасына деген махаббаты

Халқының Нұрғисасына деген махаббаты

Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы кәсіби дирижерлер мен студенттер қатысуға мүмкіндік алды. Өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 15 қыркүйегінде ресми түрде аяқталып, осы сәтке дейін 23 үміткер өз ниеттерін білдірді. Жеңімпаздар өз өнерлерін Тілендиевтің негізін қалаған, Жамбыл атындағы филармонияның Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің сүйемелдеуімен көрсетті.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, конкурстың қазылар алқасының төрағасы Дінзухра Тілендиева байқаудың маңыздылығына тоқталып: «Бұл тек жас дирижерлер сайысы ғана емес. Әкемнің бай мұрасымен тереңірек танысып, оның шығармашылығына қанығып, сол серпінді жас буынға жеткізудің ерекше мүмкіндігі», – деп атап өтті. Жамбыл атындағы мемлекеттік академиялық филармония директоры Ақан Абдуалиев байқаудың композитордың  мерейтойымен қатар келуі ерекше мәнге ие екенін атап өтті. 

«Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы еліміз ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де кең көлемде аталып өтіп жатыр. Ал Республикалық конкурстың Алматы шаһарында ұйымдастырылуы – символдық мәні бар оқиға. Біз бұл жоба тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік беріп, жаңа есімдерді анықтайтынына сенеміз», – деді филармония басшысы.

Әділ бағалауды қамтамасыз ету үшін жетекші мәдениет және өнер қайраткерлері мен халықаралық байқаулардың лауреаттарынан құрылған қазылар алқасы жұмыс істеді.  Қазылар алқасы құрамында «Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы» РМКҚ Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілендиева Дінзухра Нұрғисақызы. Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайымов Айтқали Тілепқалиұлы. Бішкек қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасының халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, Қырғызстан Республикасының халық әртісі Тілегенов Бақытбек Сабырұлы. Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі,  «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері, Қазақстанның халық әртісі Мухитдинов Абзал Мирасбекұлы. Қызылорда облыстық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе Балтабайұлы.

Даңқты композитор, күйші, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған Республикалық дирижерлер конкурсының Гала-концерті Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Үлкен залында өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен екі күндік өнер бәсекесінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 23 үміткер бақ сынап, олардың арасынан сегіз финалист екінші кезеңге өткен болатын. 

Гала-концерт шымылдығы Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің орындауындағы «Менің бабам Қарасай» күйімен ашылды. Конкурс барысында қазылар алқасының талқылауынан кейін ерекше оқиға орын алған болатын. Жоғары бағаға ие болған кәсіби дирижерлар Мәди Өмірзақов пен Қуаныш Исмаилов ізгілік танытып, іні-қарындастарына жол берді. Бұл қадамға риза болған қазылар алқасының мүшелері Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі,  «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мухитдинов пен Қызылорда облыстық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Балтабайұлы Әмзе қос дирижерға Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының Симфониялық және Қазақ оркестрлерімен бірлесіп жеке концерт өткізуге арнайы жолдама ұсынды. Марапаттау рәсімі одан әрі жалғасып,  Аршат Шәріп, Дәуренбек Сүйіндік үздік өнерлері үшін арнайы дипломдармен және 200 000 теңге сертификаттармен марапатталса, астаналық Дина Ардақ «Н. Тілендиевтің шығармаларын үздік орындағаны үшін» номинациясын жеңіп алды. Қазылар алқасының мүшелері Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің кавалері, профессор Айтқали Жайымов пен бауырлас Қырғыз елінен келген Бішкек қаласы әкімдігі мәдениет басқармасының халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, Қырғызстан Республикасының халық әртісі Бакытбек Тилегенов ІІІ орын иегерлері Қабыл Арнат, Ғабитов Дәулет және Рақышев Абайды 400 000 теңгенің сертификаты және арнайы дипломмен марапаттады. Ал қазылар алқасының төрағасы Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы- этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің кавалері Дінзухра Тілендиева ІІ орын тұғырынан көрінген Әли Сапарбекті 600 000 теңге сертификат және арнайы дипломмен марапаттады. Конкурстың ең басты жүлдесі Нұрғали Әшімханға бұйырып, оған   І орын дипломын және 1 000 000 теңге сертификатты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов салтанатты түрде табыстады. Ерекше айта кететін жайт, конкурсқа қатысқан барлық үміткерлер Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғыс хатымен марапатталды. 

Гала-концертте жеңімпаздар мен лауреаттар өз өнерлерін көрсетіп,  жеңімпаз атанған Нұрғали Әшімхан Н.Тілендиевтің «Алтын дән» шығармасына дирижерлық етті. Кеш соңында оркестрдің көркемдік жетекшісі Дінзухра Тілендиева Н.Тілендиевтің «Махамбет» күйіне дирижерлық етіп, финалда әйгілі «Құстар әнін» бүкіл зал бірге шырқап, ұлы композитордың рухына құрмет көрсетілді. Концерт соңында өнерпаздарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ықылас гүлі табысталды.

Күйші-композитор, дирижер, Халық қаһарманы, қазақ халқының даңқты перзенті Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған бұл тарихи конкурс жас дирижерлерге жол ашып, қазақ өнерінің болашағын айқындай түсті.

Даңқты композитордың  мерейтойы елімізде кең көлемде аталып өтілуде. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай қыркүйек айында ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен және ұйымдастыруымен Франция астанасы Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде композитордың туындылары шырқалды. Аталған концертке Нұрғиса Тілендиевтің өзі негізін қалаған академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі өнер көрсетіп, концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева мен Қазақстанның халық әртісі Әлішер Кәрімов және тағы да басқа танымал өнер жұлдыздары қатысты. 

Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы тек Франция төрінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде, әлемнің түрлі нүктелерінде насихатталуда. Атап айтсақ, биыл мамыр айында Қытай астанасы Пекинде Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әлқисса» атты концерт жоғары деңгейде, аншлагпен өтті. Дәл осындай атаумен көршілес Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкек шаһарында да өнерпаздар қырғыз халқының қошеметіне бөленді. Өнер ұжымы Ресей Федерациясының астанасы Мәскеудегі «Геликон-опера» музыкалық театрында да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бұл іс-шараны Алматы облысының әкімдігі мен Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі ұйымдастырды. 

Ал күні кеше Алматы облысы Іле ауданында Нұрғиса Тілендиевтің есімі жаңадан бой көтерген мәдениет үйіне беріліп, ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Ал Жамбыл ауданында орналасқан Көкбастау атшабарында даңқты композитордың 100 жылдық мерейтойына арналған дүбірлі той ұлттық ойындармен айшықталып, қырықтан астам киіз үй тігіліп, кең көлемде аталып өтті. Ұланасыр тойға «Отырар сазы» оркестрі, облыс өнерпаздары мен танымал эстрада жұлдыздары қатысты. Ал Ұзынағаш ауылында «Ұлы даланың Нұрғисасы» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. 

Мұндай дүбірлі шаралар қазақ музыкасының алыбы Нұрғиса Тілендиев  мұрасын еліміздің әр қиырына,  әлемнің әр түкпіріндегі тыңдармандарға жеткізуде. Нұрғиса Тілендиев – тек күйші ғана емес, қазақ музыкасын әлемдік деңгейге көтерген тұлға. Тілендиев күмбірі – қазақ халқының рухани байлығы, мәңгілік мұрасы.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА
16.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

«Осындай әулиеге де орын  таппадық...»
Қажымұқан Ғабдолла - 16.10.2025 23
Еуразия тарихындағы қазақ мемлекеті және Ақпан батыр
Самат ӨТЕНИЯЗОВ, т.ғ.к. әл-Фараби және Мадрид университеттерінің профессоры - 16.10.2025 20
Халқының Нұрғисасына деген махаббаты
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА - 16.10.2025 22
Абаттандыру мен әлеуметтік мәселе назарда болады
Арайлы жақсылық, Жамбыл облысы - 16.10.2025 40
Қамбасы дәнге толған Ақмола
Д. ШӨКШІР, Ақмола облысы - 16.10.2025 61
Теріскейдегі жылы жүздесулер
Нұрсайын Шәріп - 16.10.2025 60

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18755
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18618
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33787
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32331
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36134