Бүгін Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды. Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Ботай қонысымен Астана арасын жалғайтын жорық, 500 шақырымды құрайды. Оған шет мемлекеттерден 8 команда қатысып жатыр. Отандық командалардың саны 9.
«Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев Халықаралық «Ұлы дала жорығының» ашылу салатанатында сөз алып, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Amanat» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді.
«Ұлы дала төсінде өтетін көшпенділердің ұлан-асыр мерекесінің басы – осы «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінен басталады»,- делінген хатта.
Бұл жорыққа Оңтүстік Африка, Иран, Түркия, Қырғызстан, Қарашай-Шеркеш, Қабардин-Балқар, Татарстан, Мажарстан елінен келген командалар қатысып жатыр.
Ел намысын Маңғыстау облысының қос командасы, Жетісу облысы, Алматы қаласы, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облысының командалары қорғайды.
Тұңғыш рет өтіп жатқан жорыққа елімізден қос бірдей қыздар командасы қатысуда. Бірі Маңғыстаудан келген «Суын» командасы болса, екіншісі Ақмола облысының «Томирис» командасы. Ақмоланың арулары бұған дейін республикалық марафон-бәйгеге қатысқан, тәжірибе жинаған.
Халықаралық «Ұлы дала жорығын» ұйымдастырушылар бұл жолы қазақы тұқымдарға ерекше мән берді. Сол себептен Адай, Найман, Көшім, Әулие ата, Қостанай, Жетісу арғымағы тұқымдары осы жарысқа қатысып жатыр.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, бұл Жорық өркениеттің тал бесігі Ботайдан басталуына ерекше тоқталды. «Себебі Ботай ең алғаш жылқы қолға үйретілген жер. Сол себепті тарихи мекеннің маңызы осындағы барша қатысушыларға құнды деп есептеймін»,-деді.
Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бастауы болды.
Еске сала кетейік, Республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Көкпар», «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату» және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.
Атап өтейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі - Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.