ХАЛЫҚТЫҢ АЛҒЫСЫ – АЗАМАТ ЕҢБЕГІНІҢ ЕҢ ҮЛКЕН БАҒАСЫ

ХАЛЫҚТЫҢ АЛҒЫСЫ –  АЗАМАТ ЕҢБЕГІНІҢ ЕҢ ҮЛКЕН БАҒАСЫ

Кәсіби қызметі барысында Айдос Сағынтайұлы ауызсумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жұмысын ұйымдастыру, инженерлік инфрақұрылымды күтіп ұстау, су желілерінің жай-күйін бақылау және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау бағытында тәжірибе жинақтаған.

Өз бағдарламасын таныстыру барысында Іргелі ауылдық округі тұрғындарын сапалы ауызсумен және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге, коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беретінін атап өтті.

Жинақтаған кәсіби тәжірибесі ауызсу мәселелерін дер кезінде шешуге, тұрғындардың сұранысын ескеруге және атқарылатын жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етуге негіз болатынын жеткізді.

 

Ел басқару – биік мінберден сөз сөйлеу ғана емес, елдің мұңын тыңдап, халықтың мұқтажын жүрекпен сезініп, түйткілді мәселелердің шешімін табуға шынайы ниетпен қызмет ету. Нағыз азаматтың қадірі атақ-дәрежесімен емес, ел игілігі жолында атқарған нақты ісімен өлшенеді.

Біз, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылының 17 және 7-квартал тұрғындары мен ауыл ақсақалдары, елге еңбегі сіңіп жүрген азаматтардың бірі – Жігітов Айдос Сағынтайұлына шынайы алғысымызды білдіреміз. Оның халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған бастамаларына оң көзқарас танытып, алдағы қоғамдық-саяси қызметіне қолдау білдіретінімізді жеткіземіз.

 

Біздің Айдос Сағынтайұлына деген сеніміміз құр сөзден немесе сырттай таныстықтан туған жоқ. Оның халық алдындағы еңбегін күнделікті тұрмысымызда көріп, нақты көмегіне куә болып жүрміз.

Оған деген сенімнің бір көрінісі – Кемертоған ауылының 17-кварталының тұрғыны Ерлан Мыңтаев пен жұбайының қолдауы. Айдос мырзаға сенім білдірген Ерлан мырза кейбір ауыл отбасыларының ауызсу ақысын төлеуіне қаржылай көмек көрсетіп келеді. Бұл игі ісі үшін ауыл тұрғындары бірнеше мәрте бас қосқан жиындарда алғыстарын білдірген. Осындай нақты қолдауды ескеріп, біз де ауыл ақсақалдарына Айдос Сағынтайұлына қолдау білдіру жөнінде ұсыныс жасадық.

Көп ұзамай Айдос мырзамен жүздесуді күткен ауыл тұрғындары мен қандас бауырларымыз Ерлан мырзаның үйіне жиналды. Арамызда жасы 76-ға келген Нариман атамыз да жүк мотоциклімен арнайы келіп, ақ батасын берді. Сол сәтте Айдос Сағынтайұлы да келіп, тұрғындармен бірге ауылды аралады. Күздің жаймашуақ күнінде елдің мұң-мұқтажын тыңдап, өзекті мәселелерді қағазға түртіп алды. Оның халықпен етене араласып, мәселелерді өз көзімен көріп, назарға алуы тұрғындардың ризашылығын арттырды.

Ауыл өміріндегі ең өзекті мәселелердің бірі – ауызсу. «Судың да сұрауы бар» демекші, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік пен үздіксіз еңбекті  талап  ететін іс.  Айдос Сағынтай -ұлының Кемертоған ауылының бірнеше бөлігін «Таусамалы Қызмет» МКК арқылы ауызсумен қамтуға қосқан үлесі тұрғындар үшін айрықша маңызды. Жеке меншікте болған кейбір су жүйелері халықтың қатысуымен мемлекет қарамағына өткізілгеннен кейін де, ол осы саладағы жауапкершілігін назардан тыс қалдырмай, тұрғындардың мәселесіне көңіл бөліп келеді.

 

Су жүйесі – күнделікті күтім мен тұрақты бақылауды қажет ететін күрделі инфрақұрылым. Кей кездері техникалық ақаулар салдарынан су тоқтап қалған жағдайда, тұрғындар хабарласса, Айдос Сағынтайұлы уақытпен санаспай, күн демей, түн демей көмекке келіп жүр. Үш жылдан астам уақыт ішінде тұрғындардың өтінішін аяқсыз қалдырмай, қажетті көмегін аяған емес. 

Мұндай жауапкершілік пен елге деген жанашырлықты құр сөзбен емес, нақты іспен ғана дәлелдеуге болады. Айдос Сағынтайұлының осы уақыт аралығындағы еңбегі мен тұрғындарға көрсеткен көмегі – соның айқын көрінісі.

 

Жақында Айдос Сағынтайұлы ел ішіндегі жағдаймен жақынырақ танысып, тұрғындардың мәселелерін өз көзімен көру мақсатында 17-кварталымызға арнайы қайта келді. Әсіресе, екі жылдан бері шешімін күтіп келе жатқан көше жарығы мәселесіне назар аударып, тұрғындармен кездесті. Мәселенің мән-жайын тыңдап, жағдайды өз көзімен көріп, оны шешуге қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткізді.

Бұл кездесу бізге үлкен үміт сыйлады. Өйткені қарапайым тұрғын үшін жарық көшенің болуы – тек жайлылық емес, ең алдымен қауіпсіздік, балалардың амандығы мен үлкендердің алаңсыз жүріп-тұруы.

Сонымен қатар көршілес орналасқан қандас бауырларымыздың үйлеріне арнайы барып, тұрмыс-тіршілігімен және әлеуметтік жағдайымен танысты. Әр отбасының жағдайын өз көзімен көріп, тұрғындармен ашық әңгімелесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Көтерілген мәселелерді алдағы жұмыс жоспарында ескеретінін білдірді.

Мұндай кездесулер халықтың сенімін арттырады. Себебі елге қызмет етудің ең дұрыс жолы – халықтың ортасында болып, мұң-мұқтажын тыңдау, мәселесін өз көзімен көру. Бұл кездесуге Кемертоған ауылының 17-кварталындағы қырықтан астам тұрғын куә болды.

Біз үшін мұның барлығы – жай ғана сөз емес, халықпен тікелей жүздесіп, елдің мәселесіне құлақ асып, оны шешуге ниет білдірген азаматтың нақты әрекеті.

 

Біздің түсінігімізде, депутат болу – мәртебе мен мансапқа қол жеткізу емес, халықтың аманатын арқалау, әрбір тұрғынның үніне құлақ асып, айтылған өтінішті қағаз жүзінде қалдырмай, нақты нәтижеге жеткізу жолында табандылық таныту. Халыққа қызмет етудің негізі – адалдық, жауапкершілік, қарапайымдылық пен жанашырлық. Айдос Сағынтайұлының осы уақытқа дейінгі еңбегі мен тұрғындармен қарым-қатынасынан біз осындай азаматтық қасиеттерді байқап келеміз. Оның алдағы уақытта да елмен етене араласып, ауылдардың өзекті мәселелерін көтеріп, халық игілігі жолында еңбек ете беретініне сенім білдіреміз. Өйткені елдің алғысын алу – кез келген лауазымнан биік, ал халықтың сеніміне ие болу – үлкен абыроймен қатар, зор жауапкершілік.

 

Айдос  Сағынтайұлына алдағы жұмысына сәттілік, қажымас қайрат, отбасына амандық тілейміз! Халықтың  үмітін ақтап, ел сенімінен шығатын, сөзі мен ісі бір жерден шығатын азамат болуына тілектеспіз.

Біз, Кемертоған ауылының 17 және 7-квартал тұрғындары мен ауыл ақсақалдары, Айдос Сағынтайұлына қолдау білдіріп, оның халық игілігі жолындағы еңбегіне сенім артамыз!

 

Ізгі ниетпен, Кемертоған ауылының 17 және 7-квартал      

тұрғындары мен ауыл ақсақалдары

 

25.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29866
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29422
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46647
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42214
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46996