Шайбалы хоккейден Қазақстанның студенттер құрамасы Американың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан Универсиада – 2023 турнирі аясында үш матч өткізіп үлгерді. Бас бапкер Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері соңғы матчында Ұлыбритания құрамасына қарсы ойнады. Қазақстандықтар алғашқы үзіліске дейін 5 шайба, екінші кезеңде 7 шайба, үшінші бөлімде тағы 3 шайба соғып, қарсыластарын 15-1 есебімен ойсырата жеңді. Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандық хоккейшілер Оңтүстік Корея (5:1) мен Венгрия (9:1) құрамаларын да тас-талқан етіп жеңген болатын. Енді Қазақстан өз тобында Словакия және АҚШ құрамаларымен ойнайды. Айта кетерлігі, осынау әлемдік деңгейдегі дүбірлі додада еліміздің атынан 78 спортшы бақ сынайды. Қысқы Универсиада 22 қаңтар күні мәресіне жетеді.