Жаһандық қауіп-қатер және Абай

Жаһандық қауіп-қатер және Абай

Дана  халқымыздың «сабыр түбі – сары алтын» деген ұлағатын бәріміз де білеміз. Бірақ бұл арада «сабыр» басқа салғанға үн-түнсіз көніп, күйбең тірлікпен, ілдебайлап қана күн кешу емес. Сабыр – ұстамды мінез-құлық, бүгінгі күнін байыптап, ертеңін көкірек көзімен екшеген көзқарас. Ал мемлекеттік  өреде сабыр – ел әлеуетін жан-жақты саралап, таразыға тартқан соң ғана шешім қабылдау деген сөз. Бұл, сайып келгенде, заманның сын-қатерлерінен сүрінбей өтіп, тіпті дағдарыстан да жаңа мүмкіндіктердің көзін ашу болып табылады. Қазір де, өзіміз көріп отырғандай, адамзат үшін бір аса жауапты күн туды, әсіресе соңғы жылдары дүниежүзі дүрбелеңге толы. Бұған Сириядағы, Украинадағы, Қарабақтағы соғыстарды айтсақ та жеткілікті. Халықаралық шиеленістердің зардабын дүниежүзі оңбай тартуда. 

Қара құрлықтағы және басқа артта қалған елдерде гуманитарлық апат бұлты қоюлана  түсті. Біз, әрине,  әлемді жайлаған егес пен ерегес өрті туған жеріміздің шалғайын шала қоймас деген үміттеміз. Алайда оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына кеселі  тимей қалмасы да түсінікті. Олай болса, жаһандық қауіп-қатерлерден халқымыздың аман-есен шығуының жолы қайсы? Ұлт өркендеуі үшін қандай бағыт-бағдар ұстануымыз қажет? Жалаңдаған жауға жалаң қара күшпен ғана қарсы тұра аламыз ба? Өткір сауалдар жанымызды шабақтап, оларға шарқ ұра жауап іздейміз. Осы тұста біздің санамызға хәкім Абайдың білім мен ғылымды өсиет еткен ұлағаты шым-шымдап дарып, сабыр мен шыдамдылыққа  шақырады. Туған Отанымыз үшін, тіпті «отқа түсуге» де дайынбыз-ау, әйткенмен «білек күшіне» емес, оқу мен тоқуға арқа сүйейтін уақыт баяғыда жеткен. Сондықтан «Қайран қазағының» болашағына алаңдаулы данышпан өзінің арман-мақсатын, ең әуелі, өскелең ұрпаққа арнайды.

Келешекпен тілдескен кемеңгер 

Ұлы дала ақынының:

«Мен жазбаймын өлеңді  ермек үшін, 

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. 

Көкірегі сезімді, тілі орамды, 

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін», – деген өсиеті есіңізде болар. Абай сөзінің сәулесі: «Алланы сүй, адамды сүй, әділетті сүй!» – деп, жас ұрпақты«жарыққа» қарай жетелейді. Осы үш қасиетті бойыңа сіңіріп, тірліктің терең мәнін түйсіну үшін де білім мен ғылымға ден қоюың парыз. Хәкімнің «Қаңқ етер, түкті байқамас», құр мелшиген, мылқау  «жартас» секілді өз тұрғыластарынан әбден көңілі қалған. Қараңғылық пен бодандық бұғауында «қайғы мен ыза қысқан соң, тілінен зар шығады»:«Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, Көңілінің көзі ашық сергек үшін». Ендігі бар үміті «Жастықтың оты, қайдасың, Жүректі түртіп қозғамай, Ғылымның біліп пайдасын, Дүниенің көркін болжамай?» – деп, ел  келешегімен тілдеседі.

Абай «көкірек зор, уайым жоқ жастыққа», ең алдымен, өркениетке жеткізер жолды – білім мен ғылым жолын нұсқайды және өз өсиетін орындаудың жас буынның қолынан келетініне де сенімі кәміл. Өйткені «Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап, Әр қиынға салған шақ» ғылымды пайдасына асырып, тіршіліктің сырына тереңдей алады. Ақынның жалғыз ғана тілегі: «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан». Алайда сол «дүниенің кетігін тауып, кірпіш боп қалану» үшін не істеу керек? Хәкім «Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің» деп, жұмбақ жасырады: «Сәулең болса, бермен кел талапты ерің. Жан құмары дүниеде немене екен? Соны білсең – әрнені білгендерің».  Мұның жауабы «білмекке құмарлық» екенін табу ой маржанын жадына тоқыған жан үшін қиынға соқпайды. 

 

Наданның сүйенгені – көп пен дүрмек

Олай болса, жас ұрпақ, ұлы Абай өсиетіне ден қойсақ: 

«Бір дәурен кемді күнге бозбалалық, 

Қартаймастай көрмелік, ойланалық... 

Әуелі өнер ізделік қолдан келсе, 

Ең болмаса еңбекпен мал табалық». 

Асыл мұрада, зер сала білсек, бескүндік тірліктің бар қызығынан білім жоғары қойылады: 

«Ғылым таппай мақтанба, 

Орын таппай баптанба. 

Құмарланып шаттанба, 

Ойнап босқа күлуге... 

Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз». Ендеше, «қолыңды кеш сермегеніңе» өкінбеуің үшін де  «пайдасын тексеріп, ғылым барын жасыңнан ескергенге не жетсін?». Бұл үшін ұлт ғұламасының ұлағатына ұйып, ой-мақсатың таза болуы шарт: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге».

Өкінішке қарай, кеше де, бүгін де «қызмет қылып мал таппай, ғылым оқып ой таппай, ел қыдырып ас ішіп, құр үйінде жататын» сабырсыз, арсыз, еріншектер баршылық. Дүниежүзілік бәсеке мен тайталас заманының «еркелік» пен енжарлықты көтермейтіні – ащы шындық. Жаһандық жылыну, әлемді алқымдаған небір сырқаттар біздің «Жер» атты кемемізді аяусыз шайқауда. Қазіргідей аумалы-төкпелі уақытта баяғы, жабайы кезеңдегі «өзімшілдікпен жаугершілік» сырқатына шалдыққан кейбір «саясаткерлер» азық-түлік және денсаулық қауіпсіздігі сияқты өмірлік мәселелердің түйінін шешудің орнына, өкінішке қарай, адамзатты бұрынғыдан бетерапат аранына итермелеуде. Білек күшін сынамаққа құлшынып, айтаққа шабалана «үретіндердің» де өздерінің басқыншылық пиғылдарынан оңайлықпен бас тарта қояр түрлері көрінбейді. 

Соның салдарынан НАТО секілді әскери одақ бірқатар мемлекеттер үшін жан сақтаудың амалына айналғандай. Адамзат қауымдастығының бір шоғыры – біздің еліміздің де іші мен сыртында аңдыған жау аз емес. Жат пиғылдың жынын қоздырып, көзінің сұғы қадалған кең-байтақ жерімізді қасық қанымыз қалғанша қорғауға әзірміз, әрине. Бірақ қазіргідей ғылым жетістіктерінің арқасында, басқыншы жүздеген шақырым қашықтан баспалап-ақ, төбеден төмпештейтін кезде жалаң елжандылықтың қорған бола алмасы белгілі. Кемеңгер халқымыздың, оның ұлы перзенті Абайдың  ақыл-парасатына зейін қойсақ, білім мен ғылым ғана қазақтың ұл-қыздарын толық адам деңгейіне көтеріп, халқымызды кемелдікке жеткізіп, өзгені өзімен санасуға мәжбүрлейді. Ол – ұлы сабыр Абай тілімен сөйлейді: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ...Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек, Әр нәрсеге өзіндей баға бермек. Таразы да, қазы да өз бойында, наданның сүйенгені – көп пен дүрмек».

Хәкім «ғылым сөзін сөйлесерге, мұңдасарға кісі таппай», жаны сыздап: «Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін, Көп надандар өзіне тартар бейім» деп күйінеді. Қай заманда да ел келешегі үшін «білмекке құмар, үйренуге тоймайтын»  жанның пайдасы зор. Республика Президенті Қ.К.Тоқаевтың ұстанған сындарлы саясаты да көңіл күйге көгенделмей, жаһанның жарығына шығу мақсатында талмай ғылым іздеуге шақырады. Қазір бізге мемлекеттің күш-қуатын нығайту үшін де небір сұрқия арандатушылыққа ермей, салқын сабыр мен шыдамдылық тауып, білім мен ғылымға ғана арқа сүйеуден басқа амал қалған жоқ. Қазаққа жаңа техникалар мен технологияларға жол ашатын тың көзқарастар мен тынымсыз қарекет аса қажет. Бұл – Абайдың осыдан бір жарым ғасыр бұрын көзі жеткен ақиқат:  «Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек, Өнерсіздің қылығы – өле көрмек» немесе «Еһе-еһеге» елірме бозбалалар, Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық», өкінішке қарай, «Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп, Сыртқа пысық келеді, көзге сынық».

Амал қайсы, «Бос мақтанға салынып, Бекер көкірек керуге» құмарлар қазір де аз емес. Кеудесі – таудай, бірақ тарыдай білімі жоқ, соған қарамастан биліктің тізгініне жармасып, алға басқан елді етегінен тартатын немесе замандасты көпе-көрінеу қапасқа қамайтын көрсоқыр кеудемсоқтардың жолы неге кесілмейді екен?! Абай заманындағы «Ісің білмес, кісің білер» деген сөздің әлі де алшысынан түсіп тұрғаны алғыр да алымды жастар үшін обал-ақ. Ұлы ақынның жауһар шығармалары «Сөз мәнісін білерлік» жанның санасына білім мен ғылым сәулесін сіңіреді: 

«Білімдіден шыққан сөз

 Талаптыға болсын кез. 

Нұрын, сырын көруге

Көкірегінде болсын көз». 

Қайрат, ақыл, жүректі бірдей ұстап, «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі, Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі». Өйтпеген күнде, «Өздерің де ойлаңдар, Неше түрлі жан барсың. Ғылым да жоқ, ми да жоқ, Даладағы аңдарсың. Жүрегіңмен тыңдамай, Құлағыңмен қармарсың». 

Хәкімнің немере інісі, кемеңгер Шәкәрім Құдайбердіұлы айтпақшы, «Білген ердің шәкірті» болғанға не жетсін! Абай ұйқылы- ояу халқына  «Жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллиондай қазақ бар» деп,  надандық пен бодандық «бұғалығында» булыққан ел-жұртының білім жолын таңдағанын қалайды. Туған халқының кежегесі кейін тартқан тірлігіне «қаны қайнап, у ішкендей», дертті хәлде: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз... Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен... Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады». 

Ұлы даламызда өскелең ұрпақ білімді «махаббатпен көксеп», ғылым дамып, жаңа техникалар мен технологиялар қанат жайғанда ғана адамзат өркениетінде басқа елдермен тереземіз тең болады. Сонда ғана өзгелермен  өзара пайдалы қарым-қатынас орнығып, өркениетке бет алған қазақ көшіне «шідер» салып, тұсаулауға ешкім батпас еді-ау! Зер салып, зейін қоя алсақ, Абайдың өз қара сөздерінде өнерлерін айтысып келген қайрат, ақыл мен жүректі ғылымға жүгінтуінде  де терең мән бар. Ғылым үшеуін тыңдай келіп, қайраттың қаттылығын, ақылдың қырының көптігін алға тартады:  «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет деп ұқтырып, айтушының аты ғылым екен». Шынында да: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Демек: «Миллион хикмет бірлән жасалған машина, фабрик адам баласының рахаты, пайдасы үшін жасалса, бұл жасаушы махаббат бірлән адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?..». Білім мен ғылымға құмар Хәкімді күйдіретіні «ақыл сөзге ынтасыз шабандаған жұрт. Бірақ қазір де білмеген соң, «соқыр» қалпында «қайғысыз» отырған, «тамағы тойса» жата кететін замандас аз емес. 

Абай Құнанбайұлының қазыналы сөзі ақынның нені сүйіп, неден күйгенін одан әрі санаға тоқытады:  «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық... «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?!» немесе «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады... Адам баласының ең жаманы – талапсыз». Демек, «Бір ғылымнан басқаның, Бәрі кесел асқанға. Өйткен адам жолығар/Кешікпей-ақ тосқанға» немесе «Түбінде баянды еңбек егін салған, жасынан оқу оқып, білім алған». Олай болса, «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны толмайды. Оны білмеген соң, ол адам жаны болмай, хайуан жаны болады...». 

Бүгінгі ащы шындық сонда, халқымыз білім мен ғылымды әліде болса, жете меңгере алмай келеміз. Бұған бір жағынан, кезінде «қып-қызыл» диктатура жол бермеді. Кейбіреуді, тіпті алтын адал жолдан тайдырған егемендіктің отыз жылы да оңдырмады. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру үшін жастарды жаһандық бәсекеге қабілетті, яғни білімді ұрпақ етіп тәрбиелеу талабы – көкейкесті мәселе. Адам, оның ішінде атамекеніндегі қазақ қоғамның қозғаушы күшіне айналмайынша, толыққанды тәуелсіздікке жету екіталай.  Төңірегінде «сөзді ұғарлық замандасы» мүлде аз болғандықтан да Абайдың айналасын мұң торлайды: «Көк тұман – алдыңдағы келер заман...  Сипат жоқ, суретте жоқ, көзім талған». Ендеше, «... ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын». Бірақ ақынның сенетін адамдары да жоқ емес: біліммен еңбек, адалдық пен әділет өскіндері «Абай мектебі» дейтін мәуелі бақта тамыр жайды.

 

 «Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?..»

Абайдың «ғылымды, еңбек пен өнерді» дәріптеген асыл мұрасынан немере інісі, кемеңгер Шәкәрім Құдайбердіұлы ерте жастан терең тағылым алды. Оның «Жастарға» атты өлеңі ұлы ақын өнегесін ерекше үлгі тұтуының айғағындай. Шәкәрім қажы «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық, Арам айла, зорлықсыз мал табалық. Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік/ Бір білімді данышпан жан табалық» дегенінде де ол ақын ағасын айтып отыр: «Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан, Жалыналық Абайға, жүр, баралық!». Шын ізденіп, мұқият құлақ қойған жанға: «Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан, Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан... Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?.. Келді ғой өз еліне сата алмастан... Абай жүр соны мазақ өлең қылып, Біреуі ұғар ма деп көзі шалып...» 

Осы арада ұлы ақынның «Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ» немесе «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас», «Тыңдаушымды ұғымсыз/ Қылып тәңірім берген-ді» деген өкінішін ақын шәкірті «асылы көп өтпей жатқан, келді ғой өз еліне сата алмастан, замандасы болмады сөзді ұғарлық» деу арқылы жаны сыздай отырып бөліседі. Ол өз байламын былай жария етеді: «Өз Абайын өздері ұнатпайды, шын надан осылар ғой біз қашарлық», яғни  «Ойланар уақыт болды бас қосарлық, Дұспан көп енді бізге жол тосарлық... Ғалым көрсек – әр істі сұрасалық! Ондайға басымызды құрасалық!.. Байладым белді бекем буайын деп, Жүректі адалдықпен жуайын деп. Талпынған мақсат іздеп махрұм қалмас, Адалдық ғылым жолын қуайын деп». Абай шәкірттерінің біреуінің ғана айтар сөзі, аға өсиетінен алған ұлағаты осындай. 

Қазір көріп отырмыз, кемеңгер Шәкәрім айтпақшы, «дұспан көп енді бізге жол тосарлық». Сөйткенмен, ол да«оқ жетпес жерге қылыш шабуға» қарсы. Бүгінгі күні де Тәуелсіздігімізді нығайтып, «асқынған» жаудың аптығын басу үшін де күрестің «бейкүнә» –ғылым жолын таңдаудан басқа амал жоқ екені даусыз. Абай ұлағатымен сабырды серік ету, тағы да қайталаймыз, қиындықтың алдында бұқпалап, қараңғылыққа қамала беру емес.  Бұл – білім мен ғылым жолын қуып, жаһандық небір «қатал бәсекеге» тыңғылықты дайындалу, жарыққа – өркениетке бағдар ұстау деген сөз.  Шәкәрім ақын ағасының өмірлік ұстанымын жақсы біледі. Ұлы ақынның өз арманын  перзенті Әбдірахманға арнаған өлеңінде де мәшһүр ететіні мәлім: «Талаптың мініп тұлпарын, Тас қияға өрледің. Бір ғылым еді іңкәрің, Әр қиынға сермедің».

Хәкімнің «малға достың мұңы жоқ, малдан басқа» деген күйінішінің себебі де сол, надандық пен қараңғылық. Өз басына «ерік тигізбеген» ойларын ақын  қара сөздерінде де талдап,  тарата діттейді. Мәселен, «Қарның ашса, қаралы үйге шап» секілді ескі нақыл сөздерді  «сырты сау болса да, іші өлген» қалпында пайымдатады: «Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: «қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен...». Соның салдарынан «... төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді». 

Олай болса, енді не істеу керек? Бұған: «Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек», – деп жауап береді ақын. – Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды... мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!». Өйткені «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпек». Осылайша «Қуатты ойдан бас құрап, Еркеленіп шығар сөз. Сонда ақын белін буынып, Алды-артына қаранар. Дүние кірін жуынып, Көрініп ойға сөз салар. Қыранша қарап қырымға, Мұң мен зарды қолға алар. Кектеніп надан, зұлымға, Шиыршық атар, толғанар».    

Абайдың «іші өлген, сырты сау... іші толған у мен өрт, сырты дүрдей».  Мұның себебін ақынның өзі жайып салады: «Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы, Салқын, қуыс өмірі я қараңғы. Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ, өнерсіз қартаяр деп біл балаңды». Алайда Хәкімнің айтқан сөзі «Адасқан күшік секілді/ Ұлып жұртқа қайтқан ойдың» кебін кигендей. Бұдан соң, ақынның  «Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, ащы тілін» түсінуге болады: «Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ, Күлкішіл кердең наданның. Көп айтса,  көнді, жұрт айтса болды – Әдеті надан адамның. Бойда қайрат, ойда көз/ Болмаған соң, айтпа сөз» немесе «Ғылым да жоқ, ми да жоқ, Даладағы аңдарсың. Жүрегіңмен тыңдамай, құлағыңмен қармарсың».  Осылай ашына тұрып та ақын өзіне-өзі тоқтам айтады: «Көзіме жас бер, жылайын, Шыдам бер, сабыр қылайын».

Данышпанның бар үміті – білімді ұрпақ: «Оқыған білер әр сөзді, Надандай болмас ақ көзді». Осыған орай, інісі әрі шәкірті Шәкәрімнің ойлары ақын ағасының ізгі мақсатымен үндес естіледі: «Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық, Замандасы болмады сөзді ұғарлық... Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа, Қазақ жүр құмарланып құр атаққа... ойда жоқ өнер-білім жол табайын, жалмауға жалықпайды өз маңайын», – деп қынжылады. Ол өкінішін жасырмай айта отырып, өсиет сөзіне ел-жұртының құлақ асарына әлі де үмітті: «Жас өтті тынымсыз, Өнерсіз, ғылымсыз. Надандық жолымен, кеттім-ау білімсіз... Ғылым бір кенің ғой, Ауырсаң емің ғой. Бәріңе жетеді, Таусылмас көлің ғой». Демек, «Білгеніңнің жақсысын қыл, білмегенді біле бер. Білген ердің бол шәкірті, білмегенді қыл шәкірт, үйренуге қылма намыс, үйретуге болма кер».  

Қайрат, ақыл мен жүрек үшеуі де оқу-тоқуы мен ізденсін өмір бойы үзбеген, «білмекке құмар, үйренуге тоймайтын» бір кісінің бойынан табылса, ол «табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам». Өйткені «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі  өзі де есті болады». Алайда «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар... Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек... Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе...»

Сондықтан Абай «жасынан оқу оқып, білім алған» інісі Шәкәрім мен ұлы Әбдірахман секілді жақсыдан үмітті: «Жақсыға айтсаң, жаны еріп, Ұғар көңіл шын  беріп, Дертті ішіне ем көріп, Неге алтынды десін жез». Олай болса, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек. Жеке-жеке біреуі жарытпайды, Жол да жоқ жарыместі жақсы демек... Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек». Хәкім білім жолын нұсқаудан жалықпайды: «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, Түбін ойлап уайым жеп айтқанмын... Адасып алаңдама, жол таба алмай, Берірек түзу жолға шық қамалмай. Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ, Ең болмаса, кеттің ғой мал баға алмай». Амал қайсы: «Таппадым көмек өзіме, Көп наданмен алысып. Көнбеді ешкім сөзіме, Әдетіне қарасып». 

Абайдың өлмес сөзін өрелетіп, қалың көпшілікке жеткізетін шәкірттерінің алды – Шәкәрім қажы ұстаз арманының ұласқан жалғасы, өнерінің жаңа өрімі, насихатының өрісі еді. Ол ақын ұлағатын зерделей отырып, өз ойларын былайша тиянақтайды: «Шын залымға берме ғылым, ол алар да оқ қылар, Қаруым дер, кісі атып жер, ол ғылымды хайла етер». Қарап отырсақ, қай заманда да «білегі күшті» әлсізге, дамуы кенже қалған әлжуаз жұртқа өзінің әмірін жүргізуге тырысқан. «Ажалсыз әскер» өлеңінде Шәкәрім кейбір патшалардың әскер дайындап, аямай бірін-бірі қыратынын, ел жастарын оққа байлайтынын тілге тиек ете келіп, жасампаз сөз қуатын ерекше ардақ тұтады: «Қарумен қанша қатты ұрса да, Сөзіме жанның әлі келмейді. Бұл дүние шыр айналып тұрса да, Әскерім қартаймайды, өлмейді». Қазіргідей дүбірлі дүниеде де арандатуға елікпей, ұлағаты мол Абай «сөзінің мәнісін», жасампаз қуатын ұғып, білім мен ғылым жолын ұстанғанға не жетсін!

Міне, ұлы ақынның өсиет сөздерінің – ұлы сабыр болатыны да содан. Осы орайда, Абайдың қазақты емес, қараңғылықты сынап, надандыққа қапалы екенін, туған елін қапысыз сүйгенін және оның тым жайбарақат мінезі үшін күйінгенін есте ұстаған абзал. Біз жабайы заманның ит-құсы емес, Алла Тағала  саналы етіп жаратқан және тіршіліктің, талмай ізденудің қадір-қасиетін білетін Адам емеспіз бе?! Небір сын кезеңнен алып шығатын да санадағы сабыр мен жүректегі махаббат сезімі екені даусыз. Хәкім Абайдың сәулелі ұлағаты ойымызда жаңғырады: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті». Дегенмен Хәкім «Адамның баласы – бауырың» дей отырып та «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі – бос» екенін құлағымызға құяды. Алты алаштың адамзат мойындаған поэзия алыбы – ұлы Абайдың асыл мұрасы халқымызды білім мен ғылым сапарына жетелеп, санамызға ұлы сабыр ұлағатын сіңіреді.

 

Болат Жүнісбеков, абайтанушы, жазушы
04.08.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 30
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 61
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 21
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 26
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 31
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 27
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 58
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 61
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 262
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 258
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 880

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8954
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8350
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11575
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9332
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10560