Жалт еткен "Жалған дүние"

Жалт еткен "Жалған дүние"

(75 жасқа келіп отырған белгілі қаламгер Смағұл Елубайдың бұл кітабының жөні бөлек)

Құбылыс боларлық көркем еңбек, таңданарлықтай ғажайыбы бар туынды болса, меніңше, ол сөзсіз жарық көреді. Ондай жаңалықтар әдебиетіміздің жетістігі ретінде де, баспаның атақ-абыройы үшін де қажет-ақ! «Алтын кездік қап түбінде жатпайды». Ерте ме, кеш пе, оқырманның жан азығына айналары сөзсіз.

Кітап шығарудың екінші жолы – ақша. Жарық көріп отырған кітапсымақтарда есеп жоқ. Ал, оны ешкім де тоқтата алмайды. Себебі түсінікті. Мейлі, шыға берсін!.. Жұрттың бәрі, өте-мөте саналы оқырман жынды емес. Олар нені оқып, нені оқымауды жақсы біледі. Сондықтан уақыт сынынан өтіп, тарихтың алтын беттерінде қалатын асылдарымыздан адасып қаламыз ба деп алаңдаудың орны жоқ. Жазатындардың көбейгеніне қызғанышпен қараудың реті шамалы, ең кемінде әдебиет әлеміне бір оқырман келді деуге неге болмасқа?!.. 

Ал, мен пікір білдірейін деп отырған  «Ақ боз үй» роман-трилогиясының «Жалған дүние» деп аталатын үшінші кітабының жөні тіптен бөлек. Осыған дейін жазылған «Ақ боз үй» (1985 жылы аяқталған), «Мінәжат» (1992 жылы аяқталған) кітаптарының ең бір шарықтау шегі дәл осы «Жалған дүние». Оны ширығып шегіне жеткен кезі деуге болады. Роман 2000 жылы жазылып біткенімен, біздің қолымызға бес жылдан кейін тиіп отыр. Яғни бұл романның жарық көруі жеңіл болмағаны. 

Жазушы Смағұл Елубайды ең алғаш «Нәубет» деген мақаласынан таныдым десем артық болмас еді. Онан кейін «Парасат» журналының Бас редакторы кезінде көріп те, шығармаларын оқып та жүрдім. Сегіз жылдай Еуропада тұрды. Үні «Азаттық» радиосы арқылы құлағымызға таныс. Әлемнің әр шалғайындағы қазақтардың жадында жатталып жатты. Одан бері де еліміздегі озық ойлы азамат, көрнекті қоғам қайраткері, айтулы жазушы ретінде де зиялың қане десе, міне деп көрсететін ұлт мақтанышы ретінде тіл майданында көрініп жүргенін білемін. «Әдебиет айдыны» газетіндегі тіл мәселесі, ұлт мәселесі жөніндегі ой-пікірлерге жиі араласып, көзқарасын бүркемелемей, жалтақтамай айтып жүрген қаламгердің бірегейі де осы Смағұл аға болатын. Бірде ол: «Тәуелсіздіктің үш белгісі бар. Оның біріншісі – саяси тәуелсіздік, оны біз 1991 жылы 16 желтоқсанда қолымызға алдық. Екіншісі – экономикалық тәуелсіздік, ол қалыптасу үстінде. Үшіншісі – рухани тәуелсіздік, ол бізде жоқ. Көбінде осы жағынан ақсап келеміз», – деген өткір тұжырымы кімді болса да ойлантуға тиіс емес пе?!.

Бүгінде шалажансар ана тіліміздің алды тосылып, мемлекеттік тіл мәртебесіне жете алмай жатуы, ұлттық жақтан азып-тозу, батысқа көзсіз еліктеу секілді сорақылықтың бәрі сол рухани құлдықтан әлі құтылмай жүргеніміздің анық көрінісі. 

«Жалған дүниені» оқып отырып, жазушының жан дүниесіндегі осындай құнарлы ойлар мен ыстық сезім, батыл жүректің кеше мен бүгіннен бастау алмағанын сездім. Ол тым арыдан, шыр етіп жерге түскеннен шым-шымдап бойына сіңіп, жүрегіне қонақтаған құндылықтардың көп жылдардан кейінгі бізге берген жемісі екен. 

Романда басталған жерден «Ерте ме, кеш пе, кім-кімнің де болмасын, басына бір түсер осы күнді Хансұлу көптен күтетін. Бірақ… дәл осы биыл… Осы жазда келе қояр деп ойламап еді» деп ала жөнеледі. Ол не?.. Дәл осылай бірден бастап кету оқырманды жетелеп, ой иіріміне тарта жөнелумен бірге тұтас кітаптың айтарынан алдын ала ишарат береді. Бұған Хансұлу тағдыры, Түгелхан тірлігі, Назыкен өмірі, Едігенің ертеңі куә бола алатындай. Осы кейіпкерлеріміздің кітапта айтылғандай күйге жетулеріне кім кінәлі? 

Осы күнде кейбір аталарымыз бен апаларымыз айтып жүргендей, сол бір «ауыздан ақ май аққан» социализмнің кезінде ұлтымыз өсті ме, өшті ме? Сырттай қараған кісіге бәрі де гүлдей жайнап, көркейіп тұрған секілденгенімен, іштей барынша іріп-шіру, азып-тозу, тегінен айнып, қадамынан жаңылу күн сайын асқына түскен. Абай айтқан, «Ойлы жанға қызық жоқ бұл жалғанда» деген тұжырым дәл Смағұлдың жанынан табылып отырған. Жазушы өмірдің жасанды әуені мен жалған жылтырақ қабыршығына емес, ішкі үйлесімі, мәндік құбылыстарына мән бере қадағалаған. Ашығырақ айтсақ, алып ағаштың жапырағы мен бұтағына емес, тамырына үңілген. Үшінші сөзбен айтқанда, жазушы өмірді маңдайдағы екі көзімен ғана көрумен шектелмейді. Ол нені көрсе де, көңіл көзімен көреді, терең түсінеді. Алда-жалда осы үш романды да, тәуелсіздік алған соңғы 15 жылдың бедерінде жазып бітірген болса, онда ол қатардағы көп қаламгердің бірі болумен шектелер еді. Жазушының мықтылығы да, батылдығы да, батырлығы да, көрегендігі мен шеберлігі де сол – ол осынау даулы да жабық тақырыпқа қылышынан қаны тамған қызыл империяның кезінде-ақ бара білген. Осы жолда қаншама қиыншылықтар, қақтығыстар, түңілістер болатынын сезсе де, ертеңі нұрлы болашақтан, ұлттық мұраттан айнымаған екен. Міне, ол күнді де көрді ғой!.. Дәлел – қолымыздағы «Ақ боз үй». 

«Жалған дүниенің» екінші тарауынан бастап мен жазушы Смағұл Елубайдың өз өміріне бетпе-бет кездескендей болып, әрі роман, қызықты өмір шежіресін, нағыз көркем эссе оқып отырғандай күй кеше бастадым. Сонымен не керек, тоқтауға болмады. Оқи бердім, оқи бердім!.. 

Соңына жетіп, зират басындағы сүркейлі үйге Едігені кіргізгенде менің де тәнім мұздап, жүрегім тітіркеніп, бойым шымырлай бастады. Белгісіз ұйқы құшағы, тәннен бөлінген жанның қалықтап ұшып «қара үңгір» арқылы алыстағы жарыққа беттеуі, тар ауыздан атылып шығып, шетсіз де шексіз жарық әлемге еніп кетуі (Бұл күй Хансұлудың соңғы күндерінде екі рет суреттелген) онан ары, «…дүниеден осылай өтті Едіге» деп аяқтайды. Осы кезде кітапты оқып отырып мен де: «Әттең, жалған дүние-ай!» – деп қалғаным шын еді. 

Бағанадан бері бірде жазушы Смағұлды, бірде кейіпкеріміз – жазушы Едігені алма-кезек көз алдымнан өткізіп отырған мен, тәлкекке түскен кейіпкер тағдырына ішім удай ашып, мұңға батсам да, жазушы Смағұлдың кеше ғана редакциямызға келіп кеткенін ойлағанда барып басымды көтеріп, қабағымды аштым. Міне, осының бәрі кешегі жетпіс жылдық «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» социализмнің «жетістігі мен жемісі» болатын. Романның ішкі үйлесімділігі де шиеленісті тартысы да осында жатыр. Хансұлу, Үміт, Аида, Едіге секілді кейіпкерлердің барлығы да өз заманының ащы уын ішіп, жанын зақымдаған трагедиялы бейнелер. 

Өткен ғасыр қазақ халқына не берді? Әрине, саусағыңызды бүгіп санай бастасаңыз, екі қолыңыздың да жұдырық болып жұмылатыны анық. Онан ары санай түссеңіз, қайтадан алақан болып ашыла түсетіні де рас. Ал, шын мәнінде, адам өмірінің мәні – қарынның тоқтығы, көйлектің көктігі ме? Ондай тірліктің хайуаннан не айырмасы бар? Меніңше, ол хайуандық өмірдің дәл өзі. 

Адам баласында тәннің қажеті, жанның қажеті деген екі түрлі мұқтаждық болады. Ең алдымен рухтың (жанның) қорегін тауып бере алсақ, біз адамбыз. Соны ұмытқан сәттен бастап біздің – екі аяқтылардың төрт аяқтылардан көп айырмамыз қалмайды.  

«Жалған дүниенің» тағы бір көзге ұрып тұратын белгісі – имандылық тақырыбын бірге өрбітіп, Жаратушы Алланы шығарма өзегіне арқау ете білгені. Осы жағынан да жазушы бойы биіктеп тұр. 

Мынау пәни жалған дүние мен сонау бақи мәңгілік о дүниені Едігенің талғам-таразысы арқылы әр қырынан көрсете біледі. Тек осы арада бір нәрсе менің ойыма томпақ. Ол – Едігенің жас сұлу Назыкенмен болған ара қатынасы. Назыкеннің жүкті болуы, Едігенің тілегі бойынша баланы алдыруы секілді оқиғалар біртүрлі Едіге секілді кейіпкерге жараспай ма, қалай?!..

Бұл сонда ғашықтық па, махаббат па? Әлде қара құйын көзі соқыр нәпсі ме? Дегенмен, романдағы жазушы Едіге қаншалаған қаламгерлердің, қоғамнан қорлық көріп, саясаттың салқынына, отбасы шапағатының сұрқыл тартуына тап болған зиялылардың типтік жиынтық образы екенін ойлағанда барып «Иә, пенде болған соң болады да!» – деп, сабыр шақырасың.

Бүгінгі таңдағы сорақылықтың бәрі бірден бола қалған жоқ, кешегі күннің «сыйы». Отбасына опасыз Аида, ішіп кеткен Түгелхан, асылып өлген Тоқтасын, өмірден түңілген Едіге… тағдырлары – жалған дүниенің жанға салған жарасы. Мемлекет машинасының мерт етуі. 

Өткен ғасырдың 20 жылдарында басталған коллективтендіру, онан кейінгі байларды тәркілеу, 1932 жылдың жасанды ашаршылығы, 1937 жылдың қанды қасабы, 1941-1945 жылдардағы халқымызды ойсыратып жіберген жаһан соғысы. Міне, осының бәрі бір кездегі алты миллион қазақты екі миллионға бір-ақ түсірді. Кеңес өкіметі ұлтымыздың санын ғана кемітіп қойған жоқ, ол рухын өлтіріп, жігерін жасытып, барынша есеңгіретіп жіберген болатын. «Ақ боз үй» міне, осындай аянышты тарихымызды ашынып отырып жазған кесек дүние. 

Сөзімізді қорытар болсақ, жазушы Смағұл Елубай ХХ ғасырдың шындығын, халық қасіретін айтып отыр. Ал, енді романды жіліктеп бөліп, жинақтап айтуға келер болсақ, ол сыншылар мен зерттеушілерді күтіп отырған үлкен тақырып деп есептеймін. 

 

Д. БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын, ҚЖО-ның мүшесі
23.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 63
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 588
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 703
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 617
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 627

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8763
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8162
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11391
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9145
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10376