Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылындағы «Мөлдір» балабақша – мектеп гимназиясының 2-сынып оқушысы Жібек Исабек жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атына ойын жұптап, жүрекжарды тілегін жазған болатын.
Сабақ үлгерімі жақсы, озат оқушылардың бірі –Жібек анасының қолқанаты, ағасының мақтанышы. Жүрегі мейірімге толы Жібектің хаты Мемлекет басшының қолына тиген.
Ел Президенті Жібекке жазған хатында: «Сенің хатыңды аса ризашылықпен оқыдым. Маған жолдаған ыстық лебізің үшін рахмет. Сенің ертеңгі күні үлкен азамат болып өсіп, еліміздің парасатты перзенті атанатыныңа кәміл сенемін. Біздің бүгін қолға алып жатқан жұмысымыздың барлығы да жарқын болағымыздың иесі – Өздеріңе арналады. Сондықтан сабағыңды үздік оқып, ұстаздарың мен анаңның берген тәлім-тәрбиесін бойыңа сіңіріп, мақсатқа ұмтылудан жалықпа. Отбасыңның қашан да мақтанышы болып, жетістіктерге жете бер, айналайын! Анаң мен бауырыңа менен сәлем», деген Қасым-Жомарт Кемелқлы Жамбыл ауданының оқушысына ноутбук тарту еткен.
Өз кезегінде жүрекжарды хаттың иесін бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қабылдап: «мұндай хатты жүректі қыз жазады» деп таңданды. Ізгі ниетін көрсеткен Бердібек Машбекұлы Жібекке смартфон мен кітапты сыйға тартты.