Жамбылдықтар Қымызмұрындық мейрамын бастады

Жамбылдықтар  Қымызмұрындық мейрамын бастады

Қымызмұрындық – бабадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың мерекесі, бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Құлын байлап, бие сауылып, оның сүті қорланып ашытылған соң, ауыл-аймақ, көрші-көлемдер осы мерекеге шақырылған. Бас қосуға жиылғандарға алғашқы қымыз салтанатпен ұсынылып, ізгі тілектерін білдірген. Жылқы өсіріп, бие байлап отырған азаматтардың тарапынан осы дәстүріміздің жалғасын  тапқаны қуантады. 

Дәстүрдің жалғасқаны қандай жақсы!

Жалпы жылқы бағып, оның өнімін пайдаға жаратудың да машақаты аз емес. Бастысы іске ниет білдіріп, бейнетіне бейімделе білуің керек. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша бүгінде ауданда 14086 бас жылқы бар. Оның 8525-і аналық бас құрайды. Көрсеткіш те жыл сайын өсіп келеді. Оған ауданда жылқы шаруашылығымен айналысуға тәуекел білдірген кәсіпкерлердің артуы себеп.

Аймақта дәстүрді жаңғыртып, атакәсіпті айналдырып отырған шаруа қожалықтары аз емес. Соның бірі – «Құлтай ата». Шаруа қожалық төрағасы Рысбек Жұмабековтың айтуынша, Қамбар ата түлігі ерекше күтімді қажет етеді. 

– Қазір есепте 70-ке жуық жылқы малы бар. Бие сауып, оның сүтін Алматы қаласына өткіземін. Оңтүстік астанада 2 қымызханам бар. Мысалға 30 биеден сауылған 150 литр қымызды мен Қаратау қаласына өткізу қиынға соғады. Мұнда да ұлттық сусынды табысқа айналдырып отырған шаруалар бар. Олардың табысына ортақтасқаным да жарамас. Сондықтан, көктемде жаңа туған жылқыларымды Алматының маңайына жеткізіп, сүтін өткіземін. Бағасы да қымбат емес. 700-1000 теңге аралығында, – дейді ұлттық сусынды табыс көзіне айналдыра білген кәсіпкер. 

Осында Рысбек Жұмабеков сынды азаматтар қатарының артып келе жатқаны қуантады. Өйткені қымыз қазақтың ұлттық сусыны. Біз жылқы басын көбейту арқылы, қымыздың танымалдылығын арттырамыз, ұлттық брендке айналдыру мүмкіндігі өседі. 

Жалпы, еліміз бойынша қымызмұрындықты ұйымдастырудағы мақсаттың бірі де – осы. 

Бұл біріншіден, құндылықтарымызға деген құрмет болса, екіншіден, қазақтың қонақжайлығын, өзара сыйластығын көрсетсе керек. Жалпы ұлттық сипаты жағынан қымызмұрындық ешбір мерекеден кем түспеген. 

 

Сарқылмас құтың болсын, халқым!

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамынан кейінгі ұлық мереке саналатын қымызмұрындық ауданымызда кең көлемде аталып өтті.

Жыл сайын облыс көлемінде ұйымдастырылатын «Қымызмұрындық» этнофестивалі коронавирус індеті салдарынан екі жыл көлемінде тоқтап қалған болатын. Еліміздегі жағдай тұрақтала бастаған тұста ұлттық дәстүріміз қайта бастау алды. 

«Қымызмұрындық-2022» этно-фестивалі бұл жолы тау етегінде «Жұрындысай» сауықты лагерінде жоғары деңгейде аталды. Төл мерекеге облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, аудан әкімі Қанатбек Мәдібекпен қатар, ауыл-аймақтардан өңірге белгілі тұлғалар келді. Табиғатымен адамды өзіне тартатын тау шатқалына жиылғандар бір-біріне ізгі тілектерін арнап, ақ пейілдерін білдірді. 

Қымызмұрындық-елге сыйлы, жасы үлкен аналардың ақ тілегімен басталған. Қалыптасқан дәстүрге сай шараның ашылу салтанаты алдымен Аналар кеңесінің төрағасы Данагүл Молдабаеваның жылы лебізімен ашылды. Сондай-ақ, аудандық билер кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Серік Әбдібеков: 

– Уа, халқым, бауырың бүтін болсын, Сарқылмас құтың болсын, Күніміз ұлысты болсын, Жеріміз ырысты болсын. Кең даламыз медет болсын, Береке бірлікке Президентіміз себеп болсын. Жаппар ием жар болып, Айтылған бата қабыл болсын. Әумин! – деп ұлық мерекеге арналған батасын берді. 

Ашық аспан астында. Келушілерге аудандық тарихи-өлкетану музейі, балалар өнер мектебі мерекенің сән-салтанатын арттыратын көрме ұйымдастырған болатын. Облыс әкімі бастаған қонақтар осы көрмемен танысты.

 

Ел Анасының ықыласы

Мұнан соң көпшілік Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының концерттік бағдарламасын тамашалады. Мерекелік шараның алдында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық, танымдық, әлеуметтік ақпараттық сайтының Бас редакторы, ұстаз, журналист Сәуле Мешітбаева мерекелік лебізін білдірді. 

– Қымыз – қазақтың ұлттық сусыны. Оның емдік қасиетін бабаларымыз ертеден-ақ білген. Мерекені аналар бастайды, ол рас. Қымызмұрындықтың табиғаты үйлескен тамаша жерде өтіп, маған оны көру қуанышы бұйырды. 

Алмағайып жылдары неміс азаматы тұтқында болады. Абақтыда өкпесі қабынып, дертке ұшырайды. Оны Арғынның жігіті қымызбен емдеп шығады. Сөйтіп, еліне аман-есен оралады. Кейін өзі де ұлттық сусынымыздың қасиетін зерттеп, ізденеді.Көзі қарақты оқырманымыз білетін болар немістер қымызымызға деген патентті алып кете жаздағанда газетіміз дабыл қағып, ол әрекетті дер кезінде тоқтатқанбыз. Қонақжайлықтың көрінісі саналатын мерекенің Талас топырағында аталап жатқаны елдегі азаматтардың салтты сыйлағандығының көрінісі. Құндылықты құрметтеп, дәстүрді дәріптеген ел азбайды. Қымыз үлкен кәсіпке айналды. Болашақта әр қазақтың үйінде қымыз болады деп ойлаймын. Қымызмұрындық қазір кең көлемде тойланатын мерекеге айналып келеді. Бұл Тәуелсіздігіміздің жемісі,  – деген Сәуле Мешітбайқызы жиылғандарды қымызмұрындық мейрамымен құттықтады. 

Бұдан бөлек, айтыскер ақын Нұржан Манатбек ұлттық құндылықтарды дәріптеген мерекелік жырын арнады. Сондай-ақ, дәстүрлі әнші Сырғабек Айтбай, Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының әншілері Бекзат Сейдалиева, Еркем Шоқыбасова, Баубек Айдарбеков, аудандық фольклорлық ансамблі және «Көңілашар» үштігі өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге жақсы күй сыйлады. Табиғат аясында сәні мен салтанаты келіскен, ұлттық нақышпен безендірілген киіз үйлер тігіліп, көк майсаға құлынды биелер жеткізілді. Мерекеге лайық көз сүйсіндіретін көрініс қымызмұрындыққа келушілерді де қанаттандырмай қоймады. Көпшілік ақ пейілмен жайылған дастарханнан дәм татып, бір-біріне ізгі тілектерін білдірді.   

Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ
19.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

Аудан әкімі ардагер спортшыларды марапаттады
Талас аудан әкімдігі - 06.07.2022 33
АУЫЛАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Жамбыл ауданы - 06.07.2022 25
164 түлек ауылға жолдама алды
Сейсен ҚОЖЕКЕ. Меркі ауданы. - 06.07.2022 21
Ардагер аяқдопшылар алтыннан алқа тақты
Нарбол ҚАШАҒАН, журналист. Талас ауданы. - 06.07.2022 21
Әділ Қазақстан: Әлібидің азабы
Анықтама жасаған – Абзал Құспан, заңгер - 30.06.2022 182
Абылай хан туралы ащы щыңдық
Самат ӨТЕНИЯЗОВ, Мадрид және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к. - 30.06.2022 189

Топ жаңалықтар

1
Дәстүрлі спартакиада
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 71
2
Басты мақсат – жас спортшылар қатарын көбейту
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 66
3
«Алтынордалықтардың» алтыншы қойылымы
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 97
4
Оң баға берілді
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 68
5
Еңбектенемін деген жасқа мүмкіндік мол
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 68