Оқулық – бұл жай ғана кітап емес, мұғалімнің басты құралы және оқушының сенімді көмекшісі. Цифрлық технологиялар дамыған заманда қағаз оқулықтардың маңызы әлі де жоғары, себебі барлық білім беру ресурстары осы оқулықтардың мазмұнына негізделеді. Сондықтан сапалы оқулық жазу, оны ұрпаққа ұсыну жауапты іс саналып, жиі қоғам талқылауына түседі. Кейде орынды, бірде мүлдем мәнсіз дау мен арты «түймедейді түйедейге айналдырар» ақпараттық майданға ұласып жатады. Бірақ біздің ағартушыларымыз қай заманда да оқулық жазу ісінде осалдық танытқан емес.
Мәселен, Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов «Тәрбие жетекшісі», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау», Халел Досмұхамедов «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі», «Оқушылардың денсаулығын сақтау», Қаныш Сәтбаев «Алгебра» секілді оқулықтар жазған. Осылайша, кейінгі буынның озат болуына өз үлестерін қосқан. Ал М. Жұмабаевтың «Педагогикасы» мен Ж. Аймауытовтың «Психологиясы» қандай құнды кітаптар?! Әлі күнге дейін оқыту жүйесіне берер жемісін жоя қойған жоқ.
Қазақстанда жыл сайын жаңартылған, заманауи талаптарға сай оқулықтар әзірленеді. Биыл Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы жүргізген соңғы сараптама 278 оқулықтың 266-сының мақұлданғанын көрсетті. Сарапшылар олардың бағдарлама талаптарына сәйкестігін, материалдардың толықтығын, мазмұны мен құрылымын жан-жақты тексерді.
Дегенмен, бүгінгі оқулық тек теориялық мәліметтер жиынтығы ғана емес. Ол оқушылардың сыни ойлауын, логикалық талдау қабілеттерін және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтардың қамтылуы, мазмұнның өмірмен байланысы және сапалы полиграфия да басты назарда.
Қазақстандағы жетекші баспалардың бірі – «Алматыкітап» баспасы. Ол елімізде алғашқылардың бірі болып электронды «TopIQ.kz» білім беру платформасын енгізді және цифрлық оқыту материалдарын белсенді түрде бейімдеуде.
Айтулы баспа 4, 7 және 8-сыныптарға арналған оқулықтарды әзірлеп, сараптамадан өткізіп, оларды еліміздің әр өңіріндегі мұғалімдерге таныстыру үшін «Алматыкітаппен білімге» атты республикалық семинарлар ұйымдастырды. Осы орайда, жаңа оқулықтардың жаңашылдығына да тоқталып өткен жөн.
Жаңа оқулықтар қандай жаңашылдықтар әкелді?
1. «Цифрлық сауаттылық» (4-сынып)
Бүгінгі таңда цифрлық дағдыларды игеру оқу мен жазу сияқты маңызды. Бұл оқулық оқушылардың интернет кеңістігінде дұрыс бағдар алуына, ақпараттың рас-өтірігін ажыратуына және негізгі бағдарламалармен жұмыс істеуіне көмектеседі.
2. «Бейнелеу өнері» (4-сынып)
Оқулық балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған. Қазақ бейнелеу өнерінің ерекшеліктеріне ерекше мән беріліп, ұлттық стильдер қамтылған.
3. «Еңбекке баулу» (4-сынып)
Оқушылар түрлі материалдармен жұмыс істеу арқылы ұсақ моториканы дамытады, еңбек мәдениетін меңгереді және логикалық ойлауды жетілдіреді.
4. «Орыс тілі» (4-сынып)
Бұл оқулық оқушылардың грамматикамен қатар сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған. Мазмұнында Қазақстан мәдениеті туралы мәтіндер қамтылған.
5. «Химия» (7–8 сыныптар)
Күрделі ғылыми ұғымдар оқушыларға түсінікті тілде берілген. Лабораториялық жұмыстар оқу процесін қызықты ете түседі.
6. «Биология» (7–8 сыныптар)
Оқулық тек теориялық білім беріп қоймай, оқушылардың қоршаған ортаға деген қызығушылығын оятуды мақсат етеді.
7. «География» (7–8 сыныптар)
Қазақстанның табиғаты, ресурстары мен экономикасы туралы өзекті ақпараттар қамтылған.
Кездесулерге баспа мамандарынан бөлек, оқулықтар авторлары шақырылды. Олар ұстаздармен пікір алмасты, оқу құралдары ішіндегі материалдарға түсініктеме берді және өңірлік ұстаздарға құрмет ретінде шеберлік сабақтарын өткізіп, қошеметке бөленді.
Баспаның алғашқы семинары 27 қаңтарда Семей қаласының №49 мектебінде бастау алып, ары қарай кең байтақ еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін, шығысы мен батысын түгелдей қамтыды. Әр өңірде онлайн және офлайн режимде кемінде 800-ден астам ұстаз жиналды. Іс-шараға жиналған ұстаздар жаңа оқу құралдарын қолдарына алып, парақтап, толғандырған мәселелерімен бөлісті.
Мәселен, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары оқулықтардың жаңа құрылымына және материалды қолдану әдістемесіне ерекше назар аударды. Мұғалімдер тапсырмалардың қалай құрылатынын, олардың оқушылардың қандай дағдыларын дамытуға бағытталғанын талқылады. Сондай-ақ, олар көпсалалы, шығармашылық ойлауды қажет ететін тапсырмалардың санын көбейтуді ұсынды. Мұғалімдер оқулықтарға арналған әдістемелік нұсқаулықтарды жоғары бағалады, себебі енді сабақ жоспарын әзірлеу үшін уақыт жоғалтудың қажеті жоқ – әр пән бойынша қысқа мерзімді жоспарлар дайын күйінде берілген.
Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары электронды оқулықтардың мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты.
Маңғыстау облысы – «Бейнелеу өнері» оқулығындағы кейбір ұлттық терминдерді талқылады.
Қызылорда және Атырау облыстары – TopIQ.kz платформасының мұғалімдерге беретін мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Әсіресе, «QAMQOR» жүйесіне деген үлкен қызығушылықтарын танытты. Бұл жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін онлайн-ассистент, ол оқу материалдарын талдап, мұғалімдерге сабаққа дайындалуға көмектеседі, ал оқушыларға жеке ұсыныстар береді. Сол себептен педагогтер, «QAMQOR» білім беру процесін едәуір жеңілдететінін және тиімділікті арттыратынын атап өтті.
Жаңа оқулықтар ұстаздарға жол тартуға дайын, ал Алматыкітап баспасы олардың сапасын жетілдіру үшін педагогтермен және сарапшылармен тығыз жұмыс істеуді жалғастырады.