әжіліс конституциялық заңдарға түзету енгізіп, Н.Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясына өмір бойы төрағалығын тоқтатты. Осы туралы пікір білдірген Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл: «Біріншіден, ҚХА-ны басқару қазіргі, өзіміздің заңды президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жүктеледі. Оған қазір толығымен беріліп отыр. Сосын Қауіпсіздік кеңесін де берген дұрыс. Қазір партияны іс жүзінде президент басқарып отыр, бірақ оны да заң жүзінде заңдастыру керек. Ол үшін партияның съезі өтуі керек. Кешігіп жатыр ма, әлде дайын болмай жатқан болар, кім білсін. Меніңше, Конституция арқылы біраз заңнамаға өзгеріс енгізу керек деп ойлаймын. Онда енді «өмір бойы» деген болмайды. Ол қазіргі президентке де өмір бойына беріліп отырған жоқ. Не нәрсе болса да, бәрі кезең-кезеңімен. Бірақ, бұл бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселе ғой. Халықтың талабы бар дегендей. Енді көптеген өзгеріс, жаңалық болуы керек. Жаңаша, басқаша қадам жасау қажет. Ел-жұртқа алаңдап жатқан мән-жай бар. Болып жатқан оқиғаларға, мәселелерді сараптау керек. Ес жиып алып, заңды түрде партияның съезін жасап, заңдастырады деп ойлаймын. Президенттен бастап елдің бәрі «Жаңа Қазақстан құрамыз» деп жатыр. Бұл жай ғана айта салған сөз емес, шынайы өмір шындығы. Қазақстан – қарапайым халықтан тұрады. Оның әлеуметтік, экономикалық әлеуетін көтеретін заңдар қабылдау керек. Мұны қабылдап қана қоймай, іс жүзінде жүзеге асуы тиіс. Халыққа басқа ештеңе керек емес. Қазіргі күні бостандықтың желі ескендей болды. Бұл өткенді жоққа шығару емес, бар нәрсені бар деп, жоқтың орнын толтыру керек. Сондықтан қазір қиын, қайғылы кезең. Қайта бар ауыртпалықты қара нардай көтеріп, бәріне соншалықты шыдап отырған қарапайым халыққа рахмет. Халықты әбден ашу-ыза қысты. Сосын өзіміз де жастарға жақсы білім, жақсы тәрбие бере алмадық. Кеше тәртіпсіздіктерге барғандар сөйтіп өскен жастар ғой. Қарасаңыз, 17-29 жасқа дейінгі жастар. Мұны басқа күштер пайдаланып кетіп жатыр. Сондықтан ақ-қарасын ажыратып, халықтың намысын, азаматтардың конституциялық құқығын қорғау қажет. Жаңа Қазақстан деген, міне, осы. Сол үшін Президенттің бастамаларын қолдауға тиіспіз»,— дейді.