2022 жылдың 3 маусымында «Жаңа Қазақстанға – жаңа әліпбимен» тақырыбында «Халықаралық қазақ тілі академиясы» және «Халықаралық түріктану орталығының» біріккен отырысы өтті. Басқосуда ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін əрі əлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз етудің бірегей негізі болған латын əліпбиі жобасын жүзеге асыруда кездесетін негізгі мəселелер мен оны тиімді шешудің жолдары талқыланып, латын әліпбиінің соңғы нұсқасы ұсынылды. Тіл комитетінің төрағасы Ерден Қажыбек өз сөзінде: «Тіліміз әліпбиден бастау алады, бүгінгі жиын жаңа бір әліпби ұсыну емес, соңғы әрі нақты нұсқада тек қана қазақтар емес, түркі халықтарына түсінікті әліпби ұсыну», – деді. Сонымен қатар іс-шараға елімізге танымал тілші мамандар, Түркия, АҚШ, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен ғалымдар, қонақтар қатысты. Сайып келгенде, қазақ тілі мамандары мен түркітанушылар арасында бір нұсқа ұсынылғанын атап өткен жөн. Басқаша айтқанда, ғалымдардың пікірі бірауызды және бірдей болды.