2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын билік те, халық та ұмыта қойған жоқ. Одан бері де қаншама толқу болды. Қақтығыстар да орын алды. Биыл сәуір айында компанияның жалақыны көтереміз деген уәдесінің орындалмай қалғанынан кейін «Кезби» ЖШС жұмысшылары бейбіт митинг өткізген еді. Әлі күнге нақты шешім шыққан жоқ. «Әрі тарт та, бері тарт» жалғасып жатыр.
«Кезби» ЖШС жұмысшылары былтырғы жылдан бері наразылықтарын білдіріп келе жатыр. 2021 жылдың жазында жаппай ереуілдің нәтижесінде олар өз жалақыларының көтерілуіне қол жеткізген болатын. Биыл мұнайшылар қымбатшылықтың құрсауынан босау үшін жалақыны 20 пайызға көтеруді және 12 сағаттық жұмыс күнін белгілеуді талап етуде.
Турасын айтсақ, Жаңаөзен мұнайшыларының әрбір іс-қимылы биліктің жіті бақылауында. Содан да болар, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанда Жаңаөзендегі ахуалға қатысты баяндапты. Ол жайлы журналистерге берген сұхбатында айтып өтті. «Мен қазір мемлекет басшысына Жаңаөзендегі ахуалға қатысты да баяндадым. Біз екі апта бұрын Ақтау қаласында «ҚазМұнайГаздың» өкілдігін арнайы ашқан едік. Бұл кеңсенің негізі бағыты мен мақсаты – халықпен жұмыс істеу, халықтың, сонымен қатар кәсіпорындардың сауалдарын қарастыру, өндірістік көрсеткіштерді күшейту. Өкінішке орай, жыл басынан бері Өзен кен орнындағы мұнай өндіру көлемі жоспарлы көрсеткіштерден кем болып отыр. Яғни біздің күн сайын өндіру көлеміміз 1 000-1 200 тоннаға төмен. Сондықтан осы бағытта жұмысты күшейте бастадық», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысына мұнай-газ химиясы кешенін дамыту жайында жеткізгенін айтты. «Тамыздың 20-сына қарай Атырау қаласындағы ірі полипропилен шығаратын зауыт ашылады. Қазіргі уақытта соңғы жұмыстары жүргізілуде. Бұл зауыт ашылғаннан кейін 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл осы өңірдегі ең ірі зауыттардың бірі саналады. Оның өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна пропиленді құрайды», – деді ол. Мағзұм Мырзағалиевтің атап өтуінше, «ҚазМұнайГаз» қазіргі уақытта екі жобамен айналысып жатыр. «Біріншісі – полиэтилен шығаратын зауыт. Бұл зауыттың жылдық қуаты 1 млн 250 мың тонна полиэтиленді құрайды. Ол да Атырау қаласында орналасқан. Екінші жоба – бутадиен шығаратын зауыт. Бұл жоба да компанияның стратегиялық серіктестерімен пысықталып жатыр», – деді компания басшысы.