Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қабырғасында өткен кездесуде жастардың электоралдық мәдениетін арттыру, электрондық дауыс беруді енгізу, алдағы электоралдық үрдістерге жастардың қызығушылығын қамтамасыз ету сияқты бірқатар ұсыныс жасалды. Студенттер ауыл әкімдерін сайлауда барлық кандидаттардың қатысуымен пікірсайыс өткізіп, ОСК-ның шағымдар мен ұсыныстарды қарау рәсімдері туралы хабарлау қажеттігін атап өткен ОСК төрағасы: «Елдің бүгіні болашақ жастардың қолында деп сеніммен айтуға болады. «Жаңа Қазақстанды» құратын сіздер. Әрине, сайлау арқылы көптеген мәселелер шешіледі, еліміздің тағдыры сіздерге байланысты болады. Бұл Президент сайлауы, Парламент және әр деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы, сондай-ақ әкімдер сайлауы. Яғни жастар саяси үрдіске тартылып, оның болашағы Қазақстанда өтіп жатқан ашық және адал сайлау арқылы жүзеге асуы тиіс екенін нақты түсінуі тиіс», – деді. Кездесуді қорытындылай келе, Нұрлан Әбдіров жастарды сайлау үрдісінің белсенді қатысушылары болуға, бұл ретте сайлаушы ретінде ғана емес, волонтерлік қызметке де қатысуға және сайлауды байқауға қатысуға шақырды. Бұған дейін ҚР ОСК төрағасы сайлау үрдісі мәселелері бойынша өңір жұртшылығымен кездесу өткізген болатын.