Кез келген дінді ұстану, ұстанбау әр адамның өз еркі. Зорлық жоқ. Ешкім қыстамайды. Жалған дүниені шайқап өтесің бе, алды-артыңды байқап өтесің бе, таңдау еркі берілген. Қалауың біледі, ойыңа келгенді істей бер. Малдан артықшылығың: ақыл-ойың, білімің бар. Өлетін жеріңді білесің ең бастысы. От пен суға баспен қойып кетпейсің ешқашан. Санаң уланбаса, ақыл-есің ауыспаса, сақ жүруге тырысасың. Ішіп-жейсің. Жар құшасың. Бала-шаға өрбітесің...
Арақ ішіп, наша шегіп алып көлік айдасаң, біреуді соғып жазым етсең, ұрлық істесең, ар-намысқа тіл тигізсең, заң бар. Жазықсыз жанның көз жасы бар. Сотталасың. Яғни сот бар. Айыптаушы прокурор, ақтаушы адвокат бар. Мұның бәрі осы дүниеде. Бәріміз білеміз оны. Пенде болғасын түрлі жағдайлар болып тұрады. Мысалы біреу машинадан аударылады. Көліктен дым жоқ. Өзі дін аман. Көрген жұрт «Алла сақтаған екен» деп таңданып жатады. (Оның бәрі намаз оқымауы мүмкін). Сәби талпынып жатып керуеттен құлап кетуі мүмкін. Еш жері сынбаған. Көрген жұрт «Періштесі қаққан екен» деп таңдай қағысады. Біреу ашуға мініп, жөн-жосықсыз біреулерді тілдеп, ұрып жатса, «Мынаны жын соғып кеткен бе?» дейтіні тағы рас.
Демек, адам баласының бойында бір тылсым дүниеге деген сенім бар. Ол сенім – ата-баба қаны арқылы жеткен асыл қасиет тіні. Ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.
Олай болса «Алла», «Періште», «Жын» деп кімдерді айтып жатырмыз? Олар қайда? Неге қиналғанда аузымызға бірінші осылар түседі? Бұдан біздің ұғатынымыз – мына өмірмен параллель әлем бар екені. Біздің көзіміз перделенгендіктен, оны көре алмаймыз. (Жалған дүниеге құл болмаған, құлшылықтан нәр алған әулие-әмбиелер тылсым дүниенің сырын ұғуы әбден мүмкін). Енді ақыл-ойы кемел адам баласы ойланса керек-ті. Алла деп, Жаратушы деп кімді айтамыз? Ол қалай сақтайды? Неге ол жалғыз?
Жәй ғана бір мысал. Физика да, математика да, геометрия да нақтылықты, дәлдікті қалайды. Егер күн мен түн сәл «мүлт кетсе», бір-біріне байланып тұрған тіршіліктің күлі көкке ұшады. Ақырзаман орнайды. Жер бетін топан су басады. Демек, басқарушы бір құдіреті бар бәрін реттеп тұрған. Көне грек мифологиясындағы көп құдайшылыққа қараңыз, олар бір-бірімен айқасады. Соғысады. Құдайлар «қырқысқан жерде» қайдағы ақиқат? Исламға дейінгі арабтардың пұттары да бір-бір «құдай» еді... Христиандар да Иса пайғамбарды Алланың ұлы деп адасып, тарам-тарамға бөлінді...
Қазақ атамыз «жалғыз Аллаға» сыйындым дейді. Содан медет тілейді. Бірақ оның мекенін іздемейді. Жамандықтан сақтаса, «Аллаға шүкір» дейді. Басына қайғы-қасірет келсе, «Бәрі Алланың ісі» дейді.
Жалған дүниеде жақсылыққа марапат, алғыс хат беріледі, жамандыққа сот үкімі шығады. Жазасын тартады. Алайда әділдік үнемі салтанат құра бермейді ғой. Ақшаның күшімен, болмаса тамыр-таныстықпен заңды белшесінен басып, ойына келгенін жасап жүргендер неге сұрақ-жауапсыз кетуі тиіс бұл жалғаннан? Әлде олардың үн-түнсіз, есеп-қисапсыз кеткенін сіз де қалайсыз ба? Бұл әділдік емес қой! Жәй адами көзбен қарап көріңізші. Әйтпесе бұл өмірдің не мәні бар?
Біреуден қиянат көрген, таршылықта өмір сүрген, еңбегі еленбеген пенделердің өле сала ізім-ғайым жоғалғаны да логикаға қайшы нәрсе. Жақсылықтың өтеуі болмаса, оның қандай құны болмақ! Яғни, ана дүниеде де сұрақ-жауап болары хақ. Жоқтан бар етіп сені жаратқан Алланың соты – әділ сот. Сені қаралайтын да, ақтайтын да періштелер қасыңда жүр. Олардан қашып құтыла алмайсың ешқашан.
Ана дүние жоқ деп, басқаны білмеймін, дәл қазақ айта алмайды. Себебі олай десе, жалған дүниеден өтіп кеткен ата-бабасы мен ата-анасын да жоғалтады. Аруақты жоғалтса, қазақ «мазақ» болады. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тәмсілдің мағынасы тереңде білгенге.
Атамыз қазақ «ана дүние бәріміз баратын жер, оған иманмен бару керек» деп қысқа қайырған. Сөйте тұра «Бір күндік өмірің қалса, он күндік мал жина» деп және айтады. Өлуге асықпа дегені. Сөздің тоқ етері: Аллаға сену, сенбеу әр пенденің өз құзырындағы нәрсе. Алла Тағала ешкімнің сеніміне, құлшылығына мұқтаж емес. Тіршілігіңді жасай бер, қазақ. Тек Аллаға тіл тигізбе! Одан қорық! Онсызда күнәміз жетерлік.
«Жарлы деп сөкпе,
Пайғамбарға тілің тиеді.
Жалғыз деп сөкпе,
Құдайға тілің тиеді» деген көне көздердің сөзін үнемі есіңде сақта!
Біз көрген шалдар «Екі дүниеңді ойла» дейтін. Бізге дейін өткен бабалар «Құдайдан қорықпағаннан қорық». «Құдайсыз қурай да сынбайды» депті.
Ойланайық! Тасынбайық!