Дархан даланың данышпандары мен даналарының, ұлылары мен асылдарының, қайраткерлері мен ұлтжандыларының есімдері тарих бетінде алтын әріппен жазылса да, кейбіріне туған жердің, атамекеннің топырағы бұйырмағаны өкінішті. Бірі тағдырынан жат жердің топырағын жастанса, бірі ұлттың басына төнген қатерден, қуғын-сүргіннен қу сүйегін сүйретіп жансауғалады. Енді бірі халық жауы атанып, айдауға түсіп, жат жерде қуғын-сүргінде жүріп өлді. Ал енді біреулерінің сүйегі көмусіз, белгісіз иен далада қалғанына тарихи кезеңдер куә.
Ел Тәуелсіздік тізгініне қол жеткізген жылдардан бастап халқымыздың біртуар тарихи тұлғаларының біразының шетелдегі жатқан жерлері анықталып, зираттары қалыпқа келтірілген еді. Әр жылдары жат жердегі тұлғалар зираттарына құлпытастар қойылып, атамекеннен бір уыс топырағы себілген жағдайлар да болды. Сол елге іссапармен барған мемлекет басшысынан бастап, атқарушы атқамінерлер мен зиялы қауым өкілдері, түрлі іс-шараға барған қазақстандық делегация ұлылар рухына тәу етіп, Құран бағыштап жатады. Бұл дағды өзге мемлекеттің мекенінде жатқан қазақстандық ұлылардың артында іздеушісі ұлты мен ұрпақтарының бар екендігінің айғағы.
Мысалы әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің зираты Сирияның астанасы – Дамаск қаласында. 17 жыл Мысырды билеген Сұлтан Бейбарыстың зираты Дамаскідегі Баб-әл-Барид мазарында. Атақты тарихшы, әйгілі «Тарих-и-Рашиди» кітабының авторы Мұхаммед Хайдар Дулатидің зираты Үндістанның Кашмир қаласында. Қазақтың төбе биі Төле бидің мазары Өзбекстанның астанасы – Ташкентте. Әйтеке бидің зираты Өзбекстанның Науаи қаласында. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың сүйегі Мәскеудің Дон зиратында. Ұлт зиялысы, күрескер Мұстафа Шоқайдың қабірі Германияның астанасы – Берлин қаласында. Қазақтың даңқты спортшысы, әлем мойындаған таеквондошы Мұстафа Өзтүріктің зираты Түркияның Стамбул қаласында. Бұл аруақтарға да, жоғарыда айтқандай, зират басында рухтарына құрмет көрсетіліп, Құран бағышталады.
Тізбектелген тұлғалар тізімінің ішінде Мұстафа Кәбенұлына тоқталсақ. Мұстафа өзге тағдырластары сияқты жат жердің топырағын амалсыздан жастанған жоқ. Мұстафа Өзтүрік өзінің кіндік қаны тамған Түркияда жатыр. Ата-бабасы, ата-анасы сонау «тар жол, тайғақ кешу» жылдары қуғынға ұшырап, Түркияға қоныс тепкен қазақтар. Даңқты спортшы, таэквондодан қара белбеу 6 дан иегері, ҚР таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы, таэквондодан 6 дүркін әлем чемпионы Мұстафа Кәбенұлы атамекенін аңсап елге келеді. Өкініштісі ажалы атамекенде орын алды. Көп деректерде қастандық жасалынған делінеді. Бірақ заң тұрғысынан анықталмаған. Міне «Атамекенім, Қазақстаным, қазағым, қандасым» деп келген маңдайы жарқыраған, әлемді мойындатқан спортшымыздың өлімі қазақ халқының қабырғасын қайыстырып, туған-туысқандарының жанын жаралап, үлкен өкініш тудырды. Сол шақтағы елдің зиялылары мен кейбір мінбеде жүрген ақ жағалылар ұлттың оғыланының сүйегін атамекенінде қалдыруын өтінгенімен, туыстары көнбеді. Әрине, туғандарының жүректегі өкініш пен өкпесінің жарасы жазылмады. Сонымен Мұстафа Өзтүріктің сүйегі де жат жердің топырағын торқа еткен ұлылардың тізіміне тізбектеліп, тарих парағына енді.
«Шетелдегі тарихи тұлғаларымыздың зиратына барған мемлекет басшысынан бастап, зиялы қауым өкілдері жанашырлық таныта ма?! Бүгінде өзге мемлекеттің жерінде мәңгі мекенін тапқан тұлғаларымыздың зираттары қараусыз жатқан жоқ па?! Бүгінгі күйі қандай екен?!» деген сұрақтар ұлтжанды, ұлт үшін шынайы үн қатқан әрбір қазақты мазалайтын ой екені анық.
Дегенмен өзгенің топырағын торқа еткен тұлғалардың зиратын тазалап, құлпытастарының жазуы өшіңкіреп, бояуы кеткен жағдайды қалыпқа келтіретін ұлтжанды азаматтарымыз да бар екен. Сондай азаматтарымыздың бірі – Қазақстан Республикасының Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі Раев Қуат Сәрсенбайұлы. Қуат Сәрсенбайұлы – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы шағын ғана Көкжыра деген ауылдың тумасы. Бастауыш сыныпты туған ауылынан оқып, жалпы орта білімді қазіргі Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында тамамдайды. Жоғары оқу орнына түсіп, үздік аяқтады.
Қуат Раевтың 2023 жылдың 6 қаңтарындағы әлеуметтік желіде тараған видеосы көпшіліктің ақ тілегі мен алғысына бөленді. Бұл видеоны көре сала бұл азаматтың ұлтжандылығына тәнті болып, «жаңаны көрмекке, жақсыны білмекке» деп байланыс телефонын тауып, бірден хабарластым. Тарқатып айтар болсақ, әлеуметтік желіде Қуат Сәрсенбайұлы Түркияның Стамбул қаласындағы Гүнешлі ауданындағы Мұстафа Өзтүріктің зиратындағы құлпытастың жазуының өшіп қалғанын баяндай отыра, тастағы жазылған бір ауыз өлеңнің әріптерін және таста қашалған мұсылман бейітінің белгісі болған айды бояп, қалпына келтіргендігі еді. Қуатпен телефон арқылы сөйлесе отырып, шетелде үлкен қызметте жүрсе де, ұлтжандылық пен ұлы тұлғалардың аруағына құрмет көрсетуді популизм тұрғысында емес, патриотизм тұрғысынан көрсете білгеніне қанық болдым. «Мұстафаның зират басындағы құлпытасының әріптерінің бояуы кеткенін қайдан білдіңіз?» деген сауалыма Қуат: «Стамбул қаласына арнайы Мұстафа Өзтүрік ағамыздың зиратын іздеп келдім. Жұма күні Құран бағыштадым. Басындағы құлпытасқа назар аударсам, қашалған әріптердің бояуы өшіп қалыпты. Дұрыс оқылмай тұрды. Келесі бір келгенімде, яғни осы қаңтар айының 6-сы күні бояу ала келіп, өшкен жазуларын қалпына келтірдім. Видеоға түсіргенім жалпы шетелде жүрген азаматтарымыз қазақ халқының біртуар азаматтарының, тарихи тұлғалардың ескерткіштері мен зират басындағы құлпытастарына қамқорлық танытып, рухтарына құран бағыштай жүрсе деген оймен әлеуметтік желіге жүктедім», – дейді елшінің кеңесшісі.
Қуат Сәрсенбайұлының бұл бірінші жасап жатқан рухани іс-әрекеті емес. Ол 2020 жылы Түркістан қаласында қызметте жүргенде әріптестерінің басын қосып, ізгілікті әрі рухани істің бастамашысы әрі ұйымдастырушысы болды. Түркістан қаласында еліміздің спортшылары әлемдік додадан бастап, олимпиада ойындарына аттанғанда қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов зиратына барып, Құран бағыштап, ақ жол тілеп, баба аруағына тәу етіп қайтады екен. Даңқты балуанның басына барған Қуат Раев кесененің сыртында балуанның кесенесін білдіретін тақтайшаның жоқтығына қатты қынжылады. Қажымұқан, біріншіден, жай ғана балуан емес, Отанын сүйген нағыз патриот әрі батыр. Сонау Ұлы Отан Соғысы жылдары қару алып майданға бармаса да, ел аралап өнер көрсетіп жиған қаражатына майданға ұшақ алып береді. Міне, балуанның осы ерлігі мен батырлығы Қуаттың жүрек қылын қозғап, әріптестерімен балуанның мазарының сыртына аты-жөні жазылған тас қоюға себепші болады.
Ал 2017 жылдары ҚМДБ, Бас мүфтиінің кеңесшісі болып жүргенінде Астана қаласындағы Хан батыр Қабанбай батырдың басындағы мазарға өз қаражатынан құлпытас орнатып, құран бағыштатады.
2021 жылы Түркияның Алания қаласындағы қазақ халқының ақыны Абай Құнанбайұлының атындағы саябақ пен ескерткіштің ашылу салтанатында екі елдің достығы мен ұлы ақынның адамгершілігін жырлаған жүрекжарды өлеңін оқыды.
Жыл соңында Түркияның астанасы Анкара қаласында Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл аясында ұлт ұстазының ескерткіші бой көтерді. Анадолы жерінде қазақ халқының ұлыларының ескерткіштерінің бой көтеруі бауырлас екі елдің болашағы мен бүгінгі ұрпақтары тарихы мен болмысын жақын білуді, бауырлас халықтың достық қарым-қатынасын нығайта түсуі деп түсінген Қуат Раев қауырт жұмыста жүрсе де уақыт тауып, арнайы Анкарадағы ұлт ұстазының ескерткішіне баратынын да айта кетті.
Әрине, бүгінгі қоғам ортасында мемлекеттік қызметкерлер мен жоғарғы басшылықта, елшілікте еліміздің тарихы мен тілінен, тұлғалары мен танымынан хабарсыз, ұлтжандылық пен отансүйгіш қасиеттен кем, тек қызмет пен мансапты ойлайтын азаматтар ғана деген пікірлердің басым екені жасырын емес. Бірақ билікте де, жауапты үлкен қызметте де ұлтжанды азаматтардың бар екенінің дәлелі Қуат Сәрсенбайұлының танымдық әрі тағылымды әрекеттерінде.