Алдымыздағы 19-наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісінің сайлауына байланысты картина қандай болып отыр? Біздің білетініміз Парламент Сенатының сайлауы өтті. Ондағы 47 орынтақтың бәрі өзінің иесін тапты. Енді Мәжілістегі 98 орынның бөлінісі қандай болады? Партиялық тізімдер бойынша бөлінген орын – 69. Мажоритарлық жүйе яғни бір мандаттық округтер бойынша тиесілі орын саны – 29.
Ресми тіркеуден өткен жеті партия сол 69 орынға таласатын болады. Жеті партиядан партиялық тізім бойынша сайлауға қатысуға 281 адам мүмкіндік алыпты.
Оның ішінде:
«Amanat» партиясынан – 90 үміткер,
«Қазақстан Халық партиясынан – 52 үміткер,
«Ақ жол» демократиялық партиясынан – 52 үміткер,
ЖСДП-нан – 19 үміткер,
«Байтақ» жасылдар партиясынан –18 үміткер,
«Ауыл» ХДП партиясынан – 25 үміткер,
«Respublica» партиясынан – 25 үміткер.
Бір орынға төрт үміткерден деген сөз.
Ал бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша қалған 29 орынға еліміз бойынша ұсынылғандардың жалпы саны 609 үміткер екен. Орташа есеппен бір орынға 21 адамнан келіп тұр.
Мұның ішінде кімдер жоқ дейсіз?! Әнші де, асаба да, спортшы да, кәсіпкер де, ауыл шаруашылық маманы да, саудагер де, журналист те, ғалым да, шенеунік те осында! Өзінің қал-қадеріне, шама-шарқына, «артына» яғни саяси салмағына қарамай тай-жабағысына міне шауып жүргендер. Әркім өзінше «Нар тәуекел!» айтады. Ұлт тағдыры кешегідей көкпарға түскенде үнсіз бұғып қалғандар неғып «нар тәуекелден» садаға кетпейді? Қазақша айтқанда көпшілігінікі әншейін, «Апа, мен де тойға барамның» кері.
Әйтпесе Қазақстан үшін демократиядан көрі аспандағы Ай жақын екенін жұрттың бәрі біледі. Мәжіліс шешім қабылдау үшін оған көпшілік дауыс, тең жартысынан астамы яғни 98 депутаттың 50-і дауыс берсе жеткілікті, шешім қабылдана береді. Сайлауға түсіп жатқан жеті партия түгелге жуық арнайы жоба екендігін ескерсек 69 депутат кімнің сойылын соғары бесенеден белгілі. Бір мандаттық округтерден сайланған 29 депутат түгел патетикалық тұрғыдан алғанда оппозиция өкілдері десек те көпшілік дауысқа ие бола алмайды. Олардың қолдаған заң жобалары бәрі бір өтпейді.
Жекелеген партиялар, айталық, «Amanat» партиясы партиялық тізім бойынша – 90 адам, бір мандатты округ бойынша да 29 адам ұсынып отыр. Бәрін "нұр-отандықтар" сыпырып кетсе таң қалмаймын. Шындығына келгенде өзін өзі ұсынғандар арасынан еш партияға жатпайтын 5-10 депутат шықса соның өзі – жетістік. Бірақ олар да өз жағдайын түзеткеннен басқа қоғам дамуына айтарлықтай өзгерістер жасай алмайды.
Сайлау дегеніміз режимнің әйтеуір электоратты бір дүрліктіріп алатын саяси ойыны. Парламент елде саяси бетбұрыс жасай алмайды. Біздің бағыт ұлттық мемлекет құру бағыты еді. Әдетте саяси өзгерістердің тұғыры референдум арқылы қабылданатын Ата заңда жатады. Өкінішке қарай өткен жылғы референдум мұндай күрделі мәселелерді аттап өтіп ұлттық мемлекетті дамыту мәселелерін тағы бірнеше жылға кері шегеріп кетті. Ал Парламент ұлттық мемлекет мәселесі түгілі мемлекеттік тілде сөйлеп алса соның өзі қуаныш!