Жазылған жайдың жаңғырығы. КӨКЖИДЕ ТАҒДЫРЫ ҚЫЛ ҮСТІНДЕ МЕ?

Жазылған жайдың жаңғырығы.  КӨКЖИДЕ ТАҒДЫРЫ ҚЫЛ ҮСТІНДЕ МЕ?

Үстіміздегі жылдың 23 қазанында Ақтөбе облысы, Темір ауданына қарасты Көкжиде жер асты су қоймасына тағы да барып қайттық.

Соңғы кездері бұл бірегей су қоймасының тағдырына алаңдаушылық білдіріп жатқан баспасөздер көбейіп келеді. «Көп түкірсе – көл» деген дана халқымыз. Осындай «дүрбелең» туғызып жатқан басылымдардың қатарында « Qazaqstan dauiri» газеті де бар.

Үстіміздегі жылдың 20 ақпанында «Көкжиде араша сұрайды» деп Президент Қ. Тоқаевқа үндеу жасаған болатынбыз.

Сәуір айында Президентіміз Көкжиде туралы айтқанда осы мәселеге қатысы барларды елең еткізген еді. Қанша дегенмен, жылы сөз естісек, қуанып қалатын балаң мінезіміз бар екенін неге жасырамыз?

Бірегей мол су қорын қалай сақтаймыз?

 

Осы жолы жастайынан мұнайшы болып жұмыс жасаған екі маманнан сұхбат алдық.

Жігерлері құм болып қалған үмітсіз жандар емес, зейнеткерлер болса да, болашаққа үмітпен қарайтын салмақты азаматтар екендіктерін сөздерінен байқауға болады. Бастысы – қоршаған ортаға немқұрайлы қарай алмайтын, өздерінің туған жерлерінің кем-кетіктерін терең білетін мамандар. Енді сол мамандардың уәждеріне құлақ түрелік.

Кеңқияқ мұнайшы ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерсайын Орынбасарұлы Ұлықпанов:

– Көкжидеде 312 ұңғыма бар деп айтады. 700-ден асады деседі кейбіреулер.  Олардың қайсысы жұмыс жасап тұр, қайсысы істемей тұр – дөп басып айту қиын. Сондықтан олардың барлығын дұрыс зерттеп, тексеру қажет. Бес компания жұмыс жасап жатыр. Олардың қолындағы жұмыс карталары арқылы барлығын білуге болады. Менің мұнайшы ретінде айтарым – билікке осы мәселелерді көтеріп, Су ресурстары министрі Нұржігітовке, Президент Қ. Тоқаевқа да хаттар жолдадық. Әзірге аяқсыз қалып жатыр.

Мұнайшы ретінде айтарым, ол жерге нағыз қожайын керек. Қазіргі уақытта «Ақтөбе мұнай-газ» компаниясы сол жердің иесі болып табылады. Су айдайтын (насосный станция) қондырғылар солардың қолында. 5 мың куб судың 2 мыңын Кеңқияқ ауылына беріп, қалғандарын өздерінің өндірістеріне пайдаланып жатыр. Бұларды реттеу үшін ол жерге мұнайдың қыр-сырын түсінетін, жергілікті жерге жаны ашитын басшылар керек.

Қазір Кеңқияққа келіп жатқан судың сапасы өте төмен: лай аралас, мұнайдың иісі бар. Тұрғындар суды тұндырып ішіп отыр. ХХІ ғасырда дамыған заманда суды тұндырып ішеді деп кім ойлаған?.. Жоғары жақта отырған азаматтар осыған қатты көңіл аударуы керек. Ақтөбеде отырып Ақбұлақтың суын фильтр арқылы ішіп отырмыз.

Көкжидеге Жайық-Каспий су бассейнін регионалдық су ресурстарын таратуға басшылық қылып қойған ғой. Олардың бас офисі Атырау қаласында орналасқан. Онда бір бөлім бар, бір қыз бала отыр. Ол Көкжиденің қайда екенін де білмейтін сияқты.

Қазір Көкжидеге «Ақтөбе мұнай-газ» иелік етіп отыр. Олар судың көп бөлігін өздерінің өндірістеріне пайдаланып жатыр. Кеңқияқ мұнайының құрамындағы парафинді еріту үшін пар суды қолданады. Жаңажол газ өңдеу зауыты да тұщы суды өз қажеттілігіне пайдалану үстінде. Сол жерде бірнеше компания барын ескерсек, олардың барлығы Көкжиденің тұщы суын пайдаланады (халыққа су жетпей отырғанда). Ауыл тұрғындарының айтуынша, краннан лас сулар ағып тұрады екен. Бәшенкөл ауылындағы сулардың құрамында мұнайдың бар екенін өз көзіммен көрдім. Шелекте тұрған судың бетінде май қалқып тұр. Сондықтан су соратын қондырғыларды қадағалау үшін мұнайдың исі мұрнына баратын, жергілікті білікті азаматтарды басшылыққа қою керек. Қазір судың бағасы бензиннің бағасынан жоғары. Оның үстіне Көкжиде суын Атырау мен Маңғыстау облыстарына да тартуға болады.  Екі облыс та Астрахан облысындағы Қиғаш өзенінен су алып отыр. Қөкжидеден қазір екі институт судың құрамын зерттеу мақсатында сынама алу үстінде. Бірі испандық компания болса, екіншісі – біздің Сәтпаев атындағы политехникалық университеттің зерттеу орталығының қызметкерлері. Қорытындысы желтоқсан айында шығады деп отыр. Қандай қорытынды шығаратыны әлі белгісіз. Қазір көптеген пікірлер айтылып жатыр.

Кейбір пікірлер скважиналардың барлығын тоқтатып, жабу керек дейді. Бірақ, егер бетондап жабар болсақ, түптің түбінде олар жарылып, мұнай мен су араласып кетеді. Сол кезде ол суды адам да, мал да ішпейді. Сондықтан тығырықтан шығар жолды бірге ойластыру керек.

Тұз қышқылы (солёное кислота) деген бар. Мұнайшылар мұны жақсы біледі. Мұнайды алу үшін осыны пайдаланады. Соның қалдықтарын төгетін арнайы полигон болмағандықтан, оларды қайтадан бос тұрған ұңғымаларға құяды. Бұл – заң бұзушылық. Осының бәріне жол беріп отырған – жергілікті басшылар.

Қазір Көкжиденің суы қалай толатынын зерттеуші институттар зерттеуде. Мұғалжар тауларынан келетін бұлақтар арқылы, сондай-ақ жаңбыр мен қар суларымен толығып отырады дейді. Оның үстіне судың бірегейлігі сонда, ол сарқылып қалмайды екен. Яғни, өз-өзін толықтырып отырады, сондықтан көршілес Атырау мен Маңғыстау облыстарына батыл тартуға болады. Бұл жерде тағы бір маңызды жайт бар: халықтың немқұрайлығы, бірін-бірі қолдамауы. Осындай бірегей тұщы су қорын қолдан құртып алу қаупі бар. Сол себептен оған жол бермеуіміз керек. Кеңес өкіметі кезіндегі зерттеу жұмыстары Көкжиде суы өзін-өзі толықтырып отыратын айтып, шығыны аз деген қорытынды шығарған екен.

Тағы да қайталап айтайын: Көкжидеге жергілікті жердің адамдарынан қожайын қою керек. Ол әкімшіліктен бола ма, компаниядан бола ма, суды реттеп отыратын болса болды. Қазір Президенттің тапсырмасымен зерттеу жұмыстары қолға алынған сияқты. Оң шешімін табамыз деген үміт бар. Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңестің жиынына барып, бірлесіп жұмыс жасайық деп айттық.

Байырғы мұнайшы Мамырбаев, техника ғылымдарының докторы, профессор, 3 зауыт салған Макар Өтегенов және мен қоғамдық кеңестің ішінде бір мұнайшы жоқпыз. Біз айттық: сол жерде жұмыс жасап жатқан 5 компания өкілдерін шақырайық, жұмыс карталарын қарайық, қанша скважина бар екенін нақтылап алайық. Қаншасы жұмыс істеп тұр, қаншасы жұмыс жасамай тұр, осыны анықтайық деп.

Өкінішке қарай, облыстық қоғамдық кеңес бұны қарай алмаймыз деп бас тартып отыр. Кеңестік қоғамда мұнайшылардың болмауы салдарынан осындай қиындыққа душар болып отырмыз. Мұнайдың арқасында күн көріп жатқан елміз ғой. Оны неге ұмытып кетеміз?

Қазір судың бағасы бензин бағасынан артық болып тұр. Оның үстіне СНПС компаниясы мерзімінен бұрын (2025 жылы жазда бітуі тиіс еді) 2042 жылға дейін созып алған дейді. Қандай келісімшарт арқылы екенін білмейміз. Мүмкін министрлік білетін шығар?!

Тағы да қайталап айтамын: жергілікті жердің мұнай саласының білікті мамандарынан басшы қою керек. Сонда ғана мол тұщы су қорын сақтауға болады. Жобаларды дайындап жатқан жігіттер де бар.

Енді сол өңірдегі мұнай мен газды өңдейтін 3 зауыттың құрылысына басшылық жасаған техника ғылымдарының докторы, профессор Макар Өтегеновтың айтқандарына зер салып көрелік.

 

МЕНЕН ЖАҚСЫ БІЛЕТІН НЕ Қазақ, НЕ Қытай ЖОҚ ОНДА  

                         

– Көкжиде тұщы суларының мүшкіл халі 35 жылдан бері айтылып келе жатыр. Жаны ашитын, жауапкершілікті мойнына алатын ешкім араласып жатқан жоқ. Әкімшілік араласпай отыр. Мұнай компаниялары мұнай тапқандарына мәз.

Көкжиде тұщы су қоры – біздің Қазақстанымыздың байлығы: млрд жарым куб қоры бар. Оның үстіне сарқылмайды, жыл сайын өзін-өзі толықтырып отырады. Ғажайып емес пе? Қазақстанда осындай жер асты су қоры әзірге тек екі жерде ғана бар: бірі – Талдықорған жақта, екіншісі – осы, Көкжиде.

Көкжиде құмның ішінде қалыңдығы 30 метрден 150 метрге дейінгі қабаттар бар. Осы суды қалай пайдалану керектігін көрсетіп, талай жобалар ұсындық. Көкжиде суын Ақтөбе қаласы мен бүкіл облысты қамтамасыз етіп, көршілес облыстарға да беруге болады. Судың тұщылығы мен тазалығы соншалықты, бір куб судың ішінде бір грамм қоспа жоқ. Оны бірден бөтелкелерге құя беруге де болады. Осындай бірегей судың ішінде отырмыз, бірақ Көкжиденің атағы шықпасын деп цех та салдырмай отыр.

1972 жылы Кеңес өкіметі мұнайшылар поселкесінің (НГДУ) қазандығына министрліктің рұқсатымен суды алып тұрған еді. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Кеңқияқ мұнай-газ өндіретін мекеме де ауылға су беруді тоқтатқан жоқ. Бірақ Қытай компаниялары келгеннен кейін суды өздерінің өндірістік ошақтарына пайдаланып отыр. Қырғын қондырғылар арқылы суды буландырып, мұнай алуда. Қаншама суды пайдаланып отырғанын ешкім білмейді. Тегін алып отыр, ал кубына 70 теңге төлеп отырмыз дейді. Оның өзіне де дұрыс есеп беріп отырған жоқ.

Бақылау болмағандықтан осындай келеңсіз жағдайлар қалыптасып отыр. Ондай тиынды біздің халқымыз төлеп отыр. Осы күні Көкжиде мәселесін соңғы 10-15 жылда неге жиі көтеріп жатырмыз? Өйткені біздің көзіміз жетіп отыр: компаниялар суымызды ластап жатыр, жаңа технологияларды пайдаланып отырған жоқ. 1970-80 жылдардағы әдіспен жұмыс істейді.

Енді ойлап қарасақ, утилировный судың бағасы бір литрі – 500 теңге, ал бензиннің бағасы – 220 теңге. Яғни, бұл компаниялар 200 теңге табыс табу үшін, 500 теңгенің суын көзіміздің алдында ластап отыр. Фильтрациясы болмай, лас сулар ауылға да келеді. Бұған ешкім мониторинг жасап, ашық көрсетіп жатқан жоқ, жасырып отыр.

Халықтың арқасында, бюджеттің ақшасына 2020 жылдары «подсчёт запасов» деп бір жұмыс басталды. Бірақ нәтижесін көрсетіп отырған жоқ, кімнен нені тығып отырғанын білмейміз. Мұнда 4 ірі мұнай компаниялары бар:

АДА ОЙЛ, КМК МҰНАЙ,

КАЗАХ ОЙЛ АКТОБЕ,

УРИХТАУ ОПЕРЕЙТИНГ.

Солардың ақшасына істетпей, бюджеттен ақша шығарып отыр. Оның өзін бізге көрсетпей, жасырып отыр. Біз көштен қалған ауыл сияқтымыз. Ластанып жатса айқайлаймыз, исі шықса «уланғанбыз» дейміз. Мен мұнай саласында жұмыс жасадым. Оны мендей жақсы білетін не қытай, не қазақ жоқ.

Көзімді ашқалы бері осы салада келе жатырмын. Қарапайым жұмысшыдан директорға дейін көтерілдім... 

Өмір бойы оқып, осындай жағдайға келіп отырмыз. 60 жасқа бір-екі жыл қалғанда барлығы жамандап, аудан әкімшілігі жұмыстан шығарып жіберді. Бір күн жұмысқа шықпай қалды деп «прогул» деп, ауруханада жатқанда шығарып жіберді.

2019 жылы Кеңқияқ ауылдық округінің сайланған әкімі болдым, халық мені таңдады. 2023 жылы 31 шілдеде қызметтен жаламен босатылды. (ол кезде облыс әкімі Е. Тоғжанов еді)  Шақырған жерлерге бармай, «алда көрерміз» деп шаруашылықпен айналысып жүрмін. Әкім болып жүргенде тоғыз бағдарлама жазып бердім. Тоғыз бағдарлама – Кеңқияқты қалай дамытамыз деген... 27 жасымда директор болдым, мұнай саласында жұмыс істедім, содан әлі араласып келеміз. Қазіргі кезде кілең бала-шаға басқарып отыр. Қазақ жігіттері бар, өз саласының мамандары. Оларды қажет етіп отырған ешкім жоқ.

Қазір жағымпаздардың қолдары жүріп тұр. Біз бала кезден ешкімнің алдында бас имей тәрбиелендік. Өзіміз оқимыз, тыңдаймыз, үлкендерді тыңдаймыз, баяғы ата-бабалар жолымен келе жатырмыз. Атадан қалған дәстүрімізбен. Бүгін өкімет бөлек, халық бөлек. Ауылымызға бір пайдамыз тисін деп жұмыс жасап жатырмыз. 35 жыл болды, жақсы өмірді күтіп отырмыз.

 

«Нақты не істеу керек?» – деген сұрағымызға берген жауабы:

«Барлық айтылып жатқандарын бақылап отырмын. Бұл жерге – Көкжидеге жоғары билік араласуы керек. Тоқтатып қойсын. Бірақ ластанған судың мәселесі бар. Осындай керемет тұщы су қоймасының бүлінуіне жол бергендердің бастарын игізіп, мойындату керек. Тірі кездерінде. Табиғат мұны кешіре алмайды. Күндердің күнінде ішетін суға зар болып қаламыз ба деген қауіп басымырақ болып тұр.

Бұған араласатын болса, командалық әкімшілік басқару жүйесі арқылы істеу керек. Сондықтан Президент айтуы тиіс, Премьер-министр айтуы тиіс. Болмаса бір қазақ өздігінен жүгіріп барып істемейді. Үстінен біреу айту керек. Басқарып отырғандардың ішінде бір мұнай маманы жоқ. Кілең мұғалімдер, дәрігерлер отыр. Бір іс жасап, қала немесе зауыт салған біреу жоқ. Депутаттар ғана шаршамай айтып жатыр. Соларға қарап үмітіміз бар.

Халық оянбай, дым болмайды. Бізде бәрі «үкіметіміз оқыған» деп жатады. Ондай түсінік болмау керек. Текті болу керек. Халық деген ұғым далада қалып жатыр. Қазақ деген ұғым қазір құрғақ сөзге айналды. Мен экономиканы өте жақсы білемін, 34 жыл басшылық қызметтерде болдым. Біздің кезімізде бюджеттің ақшасын заңсыз бір мекеме өздігінен пайдаланса, қатысы барлардың барлығы түрмеден шықпай қалмайтын. Қазір барлығы бюджеттің қаржысын әурелеп жатыр.

2021-2022 жылдары облыс бойынша 64 млрд теңге игерілмей қалған, «переходящий» деп атайды. Бұл қаражаттың барлығы игерілуі керек еді. Аудандық әкімшілікте қаржыны қалай пайдалану керектігін білмейді. Мен талай жиналыстар өткізіп, есеп беріп жүрдім. Шақырылатындар – мұғалімдер, дәрігерлер, бір-екілі бюджет қызметкерлері. Халық келмейді, өйткені халыққа сөздерін өткізе алмайды.

Сондықтан сайлауды әділ өткізу үшін ең алдымен сайлау комиссиясын жаңалау керек. 1990 жылдардан, Назарбаев уақытынан келе жатқан «әдемі қыздар» әлі отыр. Аудандық әкімшіліктің қазіргі уақытта қажеті жоқ. Ауылдық округ әкімдерін халық өзі сайлап алсын. Солар арқылы басқарса жетіп жатыр. Масыл шенеуніктерді көбейтудің қажеті жоқ.

Кеңес үкіметі кезінде аудандық партия комитеті идеологиялық тұрғыдан қарап, бақылап отыратын. Қазір барлығы жекеменшікке айналды».

 

Түйін: 

Бүгін біз Көкжиде жер асты тұщы су қоймасының тарихын, халін жақсы білетін мамандардың айтқандарын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Айтылған мәселелер өте көп, оның барлығын жаза беруге болмады. Қалай десек те, сең қозғалып жатыр. «Шүкіршіл» елдің баласымыз ғой, бұған «шүкір» дейміз де, қайтеміз.

Желтоқсан айында шығатын лабораториялық зерттеулердің нәтижелерін күтеміз. Елдің қарапайым тұрғындарымен тілдескенімізде, бұрынғыдай емес, қазір ауыл жастары мал шаруашылығына қызығушылық білдіріп жатыр екен. Бұл да бір жабырқаған көңілге медеу боларлық жақсы жаңалық.

Көкжиде тұщы су қоймасының тағдыры Президент Қ. Тоқаев пен халықтың қолында екеніне тағы да көз жеткізіп қайттық. Президент айтты. Оны неге орындамай отырмыз? Осы жағы мені таңғалдырады. 

 

Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ, 

Алматы – Ақтөбе – Кеңқияқ – Саркөл – 

Бәшенкөл – Алматы

07.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 708

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19634
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19446
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34572
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33137
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36957