Жазықсыздарды жазалау билікке деген үмітті де, сенімді де сөндіреді

Жазықсыздарды жазалау билікке  деген үмітті де, сенімді де сөндіреді

Қаңтар оқиғасынан кейін болып жатқан азаптауларға қатысты күнделікті ақпарат тарап жатыр. Көзіміз көріп отыр. Кінәлісі бар, кінәсізі бар, дүкенге шығып оққа ұшқаны бар, бәрінің көзінен қанды жас ағып, кейбірінің үміті де өшіп бара жатқанға ұқсайды. Егер біз құқықтық мемлекет болсақ, кінәлінің өзін азаптау заңға қайшы деп таныр едік. Енді сол заңдар іс жүзінде орындалатын күнді көре аламыз ба? 

Үтік басып, қайнаған су құйып, тырнағын жұлып, тісін сындырып жатқандардың арасында қаракөз қандастарымыздың қаны судай ағып жатқандарын айтқандарды әлеуметтік желіде күнделікті кездестіріп жатырмыз. Қазір жапа шеккен халықтың төбесіне қара бұлт үйірілді. Қанша адам қаза тапты, оның қаншасы азапталып, ем-дом алуға мүмкіндігі болмай жатыр. Дүйім халықта осыған тоқтау айтатын адам болмағаны ма? Ал заңды белшесінен басып, өз қызметін асыра пайдаланып жатқан полицейлердің заң бұзушылығы анықталып, жазаға тартыла ма? Халықта үміттен көрі күдік басым. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар бізге не сабақ болады, не бір басқан ізімізді қайталап басуымызға тура келеді. Бүгінгі күннің нәтижесін тарих көрсетеді. Ал уақыт үшін қазіргінің қайғысын қуанышқа айналдыра салу ештеңеге тұрмайды. Бейжіңде Қысқы Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Соған қатысты бір мысал келтірейік. Спортсүйер қауым болса, Ванкувер-2010 Олимпиадасы естеріңізде шығар. Ашылу салтанатына бірнеше сағат қалғанда, грузиялық шанамен сырғанаушы Нодар Кумариташвили жаттығу кезінде опат болды. Жан тапсырды. Минорлы нотамен аяқталған бұл оқиғадан енді жылулықтың нышанын көру мүмкін еместей көрінген еді. Жас спортшы Олимпиадада жарысқа түсем деген үміті өшті, өмірі қиылды. Бірақ бұның тарихы бүгінге дейін созылып, жақсы бір «тәмсілге» ұласты. Ванкуверде неміс Феликс Лох алтын медаль жеңіп алғаннан кейін, медалін қайта балқытып, екіге бөліп, біреуіне Нодардың бейнесін ойып салдырған екен. Грузияға ұшып келіп, Кумариташвили әулетіне сол медальді сыйлаған екен. Бұның бәрін інісі Саба Кумариташвили де көрген. 2010 жылы оның жасы небары тоғызда болатын. Бірақ сол кезде ол Олимпиада ойындарына қатысу керек деп мақсат қойған екен. Қазір ол 21 жаста. Қайтыс болған Нодардың да жасы Ванкуверде 21-де еді. Кумариташвили фамилиясы тағы да Олимпиадада бой көрсетті. Сабаның атасы Грузиядағы алғашқы шана трассасын жобалауға қатысқан, әкесі Ұлттық федерацияны басқарады. Бұл отбасы үшін Нодармен бірге бұл спорт түрінің де Грузияда жоғалып кетпеуі маңызды еді. Қазір Саба соны қайта жаңғыртты. Бұл тарих. Ұрпақтың көргені оның санасында мәңгі қалатынын білдік. Қазір бізде болып жатқан әділетсіздікті көріп өскен ұрпақ не болмақ? Оның мемлекетке деген көзқарасы қалай қалыптасады? Өзін қауіпсіздікте сезіне ала ма? Полицейлерге сенімді қайтара аламыз ба? Орыстарда «точка невозврата» деген сөз бар. Сол нүктеден өтіп кетпедік пе? Өтсек сенімді қайтару мүмкін болмай қалмақ. Онда ІІМ-ді түбегейлі өзгертуімізге тура келеді. Бұл да біздің әлеуметтік жағдайымыз бен экономикамызға соққы болатыны сөзсіз ғой. Халыққа керегі әділдік. Заң бойынша жүзеге асырылатын іс-әрекетке ешкімнің таласы болмайтыны анық. Санамақ ойнап, он саусағымызды ашып-жұмып содырларды санай бергенімізбен, жазықсыздардың халі қалай болатынын халық кірпік қақпай аңдып отыр. Иә, әділетсіздік адамның үмітін сөндіреді. Мемлекет үшін еңбек етер азаматтарды тәрбиелеп шыққымыз келсе, бүгін соған қарай жұмыс істеуіміз керек. Оны қорғайтын полицейлердің заңды аттап баспайтынын, ал билік қарапайым халықтың жағдайына көңіл аударатынын көрсеткені абзал. Жоғарыда айтып өткен мысалымызға сәйкес, мейірім көрсете алған Феликс қайғыға шомған Кумариташвили отбасысына үміт сыйлай алды. Ал Саба сол тұтанған үмітті сөндіріп алмай, әулетін ғана емес, Грузиядағы осы спорт түрінің жоғалып кетпей, Олимпиадаға қатысуына жол ашып берді. Міне, осындай кішкентай әрекеттер үлкен тарих тудырып жатады. Сол секілді біздің болашағымыздың жарқын болуы, қазіргі біздің іс-әрекетімізге тікелей байланысты болмақ. 

 

Абзал СҮЛЕЙМЕН
17.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 83
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 604
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 721
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 633
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 643

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8780
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8180
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11409
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9163
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10394