Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов 2020 жылдың күзінде «103» көлік құралдарын интеллектуалды көлік жүйесіне толыққанды біріктіруді қамтамасыз ету мәселесін көтерген болатын.
Осы орайда елордада «103» санитариялық автокөліктеріне арнап «жасыл бағдаршам» пилоттық жобасы сәтті енгізілді. Бұл технология бағдаршамды қызылдан жасылға ауыстыру арқылы реанимобильдерге «жасыл дәліз» ұсынады. Қазіргі уақытта жабдықтар реанимациялық бригадалары бар бірқатар жедел медициналық көмек машиналарына орнатылды.
Жедел жәрдемге арналған бұл технология пилот ретінде «City Transportation Systems» компаниясымен бірлесіп денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында 2018 жылы енгізілген. Технология ЖМК автомобильдеріне орнатылған ақпараттық жүйелер мен арнайы жабдықтарды интеграциялау арқылы жүргізушілер қажет болған жағдайда бағдаршам сигналдарын қызылдан жасылға ауыстыра алатындығымен ерекше.
«Жасыл бағдаршам» жедел жәрдем көлігіне «жанашырлықтың» жағымды жақтарын көрсетті. Атап айтқанда, жүру уақыты орта есеппен 30 пайызға қысқарды. Осыған дейін госпитальға жету уақыты 14 минутты алса, бұл технологияның көмегімен жедел жәрдем көлігі межелі жерге, сондай-ақ 11 км немесе одан да ұзақ жолға 10 минутта жетеді.
«Шақыруға асығып бара жатқанда немесе пациентті ауруханаға мүмкіндігінше жедел жеткізу кезінде бұл технология біз үшін таптырмайтын көмек болып саналады. Себебі біз үшін әр минут құнды. Әсіресе, кешкі кептеліс уақытында маңызды рөл атқарады», – дейді ЖММК реанимобиль жүргізушісі Асхат Ақтаев.