Жемқорлықты жоймай, Жолдау орындалмайды!

Жемқорлықты жоймай, Жолдау орындалмайды!

Бұл күн қоңыр күздің келгенін де айғақтайды. Білім күнімен қабаттасып жыл сайын Президент халыққа Жолдауын жариялайды. Биыл да сол дәстүрден жаңылған жоқ. Жолдау қолда, «бірақ оны қалай жүзеге асыруға болады?», – деген батпан сауалдың жауабын қазіргі билік бере ала ма? Рас, шенеуніктер жыл сайын Жолдау жариялағанда: «Өйтейік те, бүйтейік. Біз Жолдауда айтқандай өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз», – деп тура тау қопарғандай айқай-сүреңге салып, абы кіріп, күбі шығып дегендей әркім Президенттің алдында көзге көрініп қалғысы келеді. Бұл әдіс Н.Назарбаевтың кезінде де айна қатесіз осылай жүзеге асатын. Содан ол айқай-сүрең біртіндеп саябырлап, бәсеңдеп, кейін Жолдау жөнінде олар еске де алмайды. Әрине біраз мәселелер шала-пұла жүзеге асып жатады. Бізді құртатын нәрсе осы шала-пұлалық. Яғни қай салада болсын немкеттілік бар. Сондай-ақ өз саласын жетік білмейтін жас мамандар жоғары билікке келіп жатыр. Бұл өте қауіпті. Бірақ олардың дені жемқорлықты, парақорлықты жақсы меңгерген. Жемқорлық жайлаған ел өзегі, тамыры шіріген бәйтерекпен тең. Жыл сайын салақұлаш Жолдаудың ішіндегі мәселелердің орындалмауы жемқорлықтың кесірі, кесапаты. Ол «салтанат» құрған мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Егер оның тамырына балта шаппасақ, биылғы қабылданған Жолдаудың тағдыры да бұрынғылардың аяғын құшатыны сөзсіз. Ал біздегі парақорларды жою үшін «ұр, тоқпағым, ұр!» деген сияқты алып балта керек. Ол балтаны ұстаған жендет жемқордың кез келгенін талғамай басын шабуы тиіс. Себебі жемқорлық Отанын сатқанмен пара-пар. Қытай несімен мықты? Осындай аяусыз әдісімен мықты. 

 

Полигоннан айрылып, айбынымыз бен құдіретімізді жоғалттық

Биыл Семей полигоны жабылуының 30 жылдығына масайрап, кеңінен тойлап жатырмыз. Оның ресми жабылған күні 29 тамыз. Оны жапқандардың басты батырлары ретінде Н.Назарбаев пен О.Сүлейменовты атап айтып, аспанға көтеріп, марапатқа бөлеп жатқанымызға біреулер күйінді, біреулер сүйінді. Назарбаевты «Нобель» сыйлығына ұсынғанымызға біршама уақыт. Әзірге ондағылар Нұрекеңе теріс қарап тұр. Олжас Сүлейменов жақында «фейсбуктағы» сөзінде қалың жұртшылықты селт еткізген пікірін жариялады. Онда Назарбаевтың полигонның жабылуына ешқандай қатысы жоқтығын айтады. Пікірін дәлелдермен бекітеді. Сонда кімге сенеміз? Жә, оған бас ауыртпай-ақ қояйық. Оны уақыттың төрелігіне қалдыра тұрайық. 

Біздің бүгінгі айтпағымыз мүлдем басқа мәселе. Семей полигонын жабу дұрыс. Бірақ оны жабу біздің еліміздің айбынынан, құдіретінен айырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Біз ол кезде тура тәуелсіздігіміздің табалдырығында тұрдық. Құлдықтан құтылуға асыққандар еркіндікке ұмтылып, КСРО-дан тез іргесін ажыратты. Ал біз асықпадық. Оның орнына әлемдегі ірі полигондардың бірін өшіруге тырыстық. Тез өшірдік те. Оны тез жаптыруға АҚШ пен Ресей мүдделі болды. Невададай полигонның мысын басып тұрған Семей полигонын жабуға ұмтылғандарға АҚШ қатты қуанып, дереу көмек қолын созды. Полигонды жабуға АҚШ-тан арнайы адамдар келді (300-дей адам). Неге олар сонша асықты? Біз ол кезде оған мән бермедік. «Аңқау елге арамза молда» демекші, егер ертең қазақ елі тәуелсіздік алса, оның бүкіл Түркі елдерінің қорғанына айналатынын АҚШ та, Ресей де білді. Сондықтан Семей полигонын жабу арқылы қазақ елінің айбарлы мүйізін сындырып, оны қатардағы қауқарсыз елге айналдыруды көздеді. Мақсаттарына жетті. Қазір шынтуайтқа келсек, Ресей де, Қытай да, АҚШ та момын, қауқарсыз қазақтың кең байтақ жерін иемденуге қамданып жатыр. Ал полигонымыз болғанда: «Келіп көр! Біздің ядролық қаруымыз бар!» деп әспенсіп тұрар едік-ау деп ойлаймыз. Қазір еріксіз іштей кіжініп, жұдырығыңды жұмасың. Бірақ дәрменсіз халдеміз. 

Мына деректерге көз жүгіртелік. Семей полигонын жапқан кезде қолтығында атом бомбасы бар 5 держава ғана еді. Ал қазір оның саны 20-ға жетті. Неге? Біз полигонымызды жауып, өзгелерге жақсы атты көрінгенмен, олар ондай қадамға бармады. Оның себебі айтпаса да түсінікті. Кім ақымақ, кім ақылды? Егер жапқыш болса Ресей, АҚШ полигондарын неге жаппайды? Ақымақ емес олар. Ал сіз бұл жөнінде не ойлайсыз?

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
28.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 235
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 373
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 370
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 602
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 544

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9247
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8643
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11870
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9641
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10852