
9 сәуір күні сағат 19:00-де ARTE галереясында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Зарина Алтынбаева ұсынатын мәдени музыкалық жоба – «Жер-Ана тынысы» альбомының тұсаукесері өтеді.
Бұл кеш – тек музыкалық презентация ғана емес, сонымен қатар қазақ руханиятының түрлі дәуірлерін, ұлттық жады мен тарихи музыкалық мұраны жаңғыртатын маңызды мәдени оқиға. «Жер-Ана тынысы» жобасы арқылы тыңдарман қазақ даласының әуезін, уақытпен үндескен ұлттың рухани болмысын жаңа қырынан сезінеді.
Альбомға архивтік материалдар негізінде қайта жаңғыртылған көне қазақ халық әндері, ұлттық классиканың таңдаулы туындылары, сондай-ақ қазіргі заман композиторларының шығармалары енгізілген. Бұл жинақ – қазақ музыка мәдениетінің түрлі тарихи кезеңдерін бір кеңістікте тоғыстырып, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіретін көркем синтез.
«Жер-Ана тынысы» – ұлттың жадын музыка тілі арқылы жеткізетін рухани жоба. Әрбір шығарма – уақыт пен кеңістікті жалғаған үн, әрбір әуен – қазақ мәдениетінің терең тамырына жол.
Қатысушылар:
Кеш барысында көрермендер қазақ өнерінің көрнекті тұлғалары мен кәсіби музыканттарының орындауындағы бағдарламаны тамашалайды:
Тұңғышбай Жаманқұлов – Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Балуан Беркенов – Абай атындағы ҚазҰОБТ солисі
Лаура Алпысбаева – концертмейстер
MAVRIDIS QUARTET – камералық ансамбль
Халық аспаптарында орындаушылар: Айгерім Дайрабаева, Жалғасбек Ілес
«Жер-Ана тынысы» жобасы – ұлттық музыкалық мұраны сақтау мен жаңғыртудың, оны жаңа форматта ұсынудың жарқын үлгісі. Бұл альбом тыңдарманға тек эстетикалық окәсер беріп қана қоймай, тарихи-мәдени сананы тереңдетуге, ұлттық құндылықтарды қайта сезінуге мүмкіндік береді.
Жоба қазақ музыка өнерінің эволюциясын көрсетіп, дәстүрлі ән мен заманауи музыкалық ойлау арасындағы байланысты айқындайды. Сонымен қатар, ол жас ұрпаққа ұлттық өнерді жаңа деңгейде таныстыруды мақсат етеді.
Барша өнерсүйер қауымды осы ерекше музыкалық кешке қатысуға шақырамыз.















