Шымкенттіктерді жиі қызықтыратыны – «Оңтүстік» айналма жолының құрылысы. Бұл жолдың ұзындығы 16 шақырым болса, көшенің ені 15 метрді құрайды. Жол құрылысы Ленгір тасжолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты алады. 2021- 2022 жылдарға жоспарланған жолқұрылысына жауапты мердігер мекеме «Корпорация Береке-А» ЖШС. Қазіргі таңда аталған нысанның ШымкентТашкент жолына қиылысатын бөлігінде жол өткелі, яғни көпір құрылысы салынуда.
Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов осы «Оңтүстік» айналма жолының құрылысымен арнайы барып танысты. Құрылыс нысанын аралау барысында әкім жұмыстың сапасына назар аударды. Сонымен бірге, мердігер мекемеге жұмыста қолданылатын құрылыс материалдары қазақстандық өнім болуы қажет екенін ескертті. Жалпы 16 шақырымның 3 бөлігінде жолдың негізін дайындау жұмыстары қолға алынған. Қазір көпір өткелі құрылысы, жол жабынының жер жұмыстары атқарылуда. Бекітілген өндірістік кестеге сәйкес, биыл жолайрық құрылысы, байланыс, электр, газ, сыртқы сумен қамту жүйелерінің орнын ауыстыру және жол құрылысы жұмыстары жоспарланған.
Бұл күндері Шымкентте жол жөндеу жұмыстары да жаңдана түскен. Шымкент қаласындағы маңызды нысандардың бірі – Республика даңғылы. Мұнда да қазір жөндеу жұмыстары жүруде. Республика даңғылы – көлік ағынының қарқындылығына байланысты және қаланы өзге елді-мекендермен біріктіретіндіктен қаламыздың басты магистралды көшелерінің бірі болып табылады. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылысшыларға Республика даңғылының бойындағы тротуар салу және жаңа аялдамалар орнату жұмыстарының барысына жіті назар аударуды тапсырды.
Республика даңғылының жалпы ұзындығы төрт жолақты 5,3 шақырымды, ал жолдың ені 28 метрді құрайды. Көшенің бөлу жолағының бір шетіне су қашырғыш құбырлар, ал екінші жағына лоток орнатылуда және ені 2,25 метр жаяу жүргінші жолы салынған. Құбыр үстінен Б.Момышұлы көшесінен жер асты өткеліне («Колос» аялдамасына) дейін веложол қарастырылған. Асфальт құбыр арқылы лотокқа баратындай етіп төселген.
Республика даңғылына жоспар бойынша 10 нүктеге жаңа үлгідегі аялдама қойылады. Қазіргі уақытта оның 5-і орнатылған. Бұл жүйе бұған дейін А.Байтұрсынов көшесінде тексеріліп алынған. Жолдың төменгі түзету қалыңдығы 9 см, ал асфальт бетонның беткі қабаты 5см-ді құрайды. Осы жұмыстарды 2021 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.
Шымкент қаласының оңтүстік қақпасы саналатын бұл даңғылдың құрылыс жұмыстары «Корпорация Береке-А» ЖШС-іне жүктелген және техникалық қадағалаушы «Арман Строй Холдинг» ЖШС.