Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Шу ауданы мен Меркі ауданын жалғайтын республикалық мәндегі Меркі-Шу-Бурылбайтал күре жолының жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып, таусылмас жырға айналғандай еді. Қазір бұл жақта да жұмыс жүйесін тапқан.
Жалпы, аудандағы автомобиль жолдарының ұзындығы 840 шақырымды құраса, оның ішінде негізінен жағдайы нашар республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 118 шақырымды құрап отыр. 2020 жылдан бастап Меркі-Шу-Бурылбайтал автожолының құрылыс жұмыстары басталған болатын. Сәуір айында ауданда облыс әкімі және ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі жұмыс сапарымен болып, мердігерлерге 2021 жылдың қыркүйек айында Шу-Бурылбайтал және Меркі-Шу автожолын пайдалануға беруді тапсырды. Аталған жұмыстар аяқталған жағдайда аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар жолдардың жол мәселесі шешімін таппақ.
Биылға автомобиль жолдары саласына 730,2 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, жергілікті бюджеттен 316,3 млн теңге, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен 413,9 млн теңге қарастырылды. Аталған қаржыға Шу қаласы мен ауылдық елді-мекендердің 25 көшесіне орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылатын болады.