Бір жұмыстармен шетелде жүр едім, Алматыдан суық хабар жетті. Шілде айының 1-де 76 жасында халықаралық Евразия ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, Төтенше жағдайлар министрлігінің «Сейсмология институты» ЖШС аймақтық сейсмология зертханасының меңгерушісі Садықова Алла Байсымаққызы өмірден озыпты. Ол менің 50 жыл бір мекемеде қызметтес болған, оның ішінде 30 жыл бір зертханада жұмыс істеген үзеңгілес серігім, қадірлі әріптесім, талантты шәкіртім еді. Батпандап кірген дерт ақыры алып тыныпты. Сол сәтте: «Қайран Алла, сен де бұл дүниеден өттің бе?» – деген ой еңсемді басып, тынысымды тарылтып, бір сәт оның бүкіл өмірі көз алдымнан өткендей болды.
Алланың дүниеге келуінің өзі есте қаларлықтай ерекше әңгіме. Оның әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері Байсымақ Райымбекұлы. Ол сұрапыл соғыс біткеннен кейін Украинада тәртіп сақтау мекемелерінде жұмысқа қалдырылған. Сол жерде украин қызы Екатеринамен танысып, көңілдері жарасып, отбасын құрған. Алла – солардың тұңғыштары. Ол Украинаның Донецк облысының Александровка селосында 1946 жылдың 14 сәуірінде дүниеге келген. Алла екі жасқа толған кезде әкесі жұмыс бабымен Қазақстанға ауысып, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында құқық қорғау органдарында еңбек етеді. Сол өңірдің белді адамдарының бірі болған. Алланың балалық және жастық шағы Шымкент қаласы маңындағы Ақсу селосында өткен. Сол жерде орта мектепті бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды. 1969 жылы Ленинград қаласындағы Д.И.Герцен атындағы педагогикалық институттың физика факультетін бітіріп, жұмыс іздеп Алматыға жол тартады.
Сол жылдары Қазақстан Республикасының өндіріс күштерінің қарыштап дамуына байланысты еліміздегі сейсмикалық қауіптілікті анықтау қажет екені белгілі болды. Бұл жұмысты жоғарғы деңгейде жүргізу үшін, сол салада жұмыс істейтін арнайы мамандандырылған ғылыми-зерттеу мекемелерін ашу қажеттігі туындады. Осыған орай 1969 Қазақ КСР ҒА-ның Геологиялық ғылымдар институты жанынан Сейсмология секторы ашылып, ол 1970 жылы үлкейтіліп, Сейсмология бөлімі деп аталды. Осы жылы жаңадан ашылған бөлімге, ішінде бүкіл одаққа белгілі жоғары оқу орнында оқып, білім алған Алла Байсымаққызы да бар, бір топ жас жұмысқа қабылданды. Алла Байсымаққызы сол кезде-ақ биязы мінезімен, кішіпейілдігімен, білім деңгейімен және ғылымға деген құштарлығымен ерекшеленіп, көзге түсті. Сондықтан да болар, бөлім басшылары оған жаңа бағыт – электронды-есептеу машиналарын сейсмология саласында іс жүзінде қолдану мәселесімен шұғылдануға кеңес берді.Оның еңбек жолы осылай басталды.
Кейіннен сейсмология бөлімі негізінде Қазақ КСР ҒА-ның құрамында 1976 жылы Сейсмология институты ашылып, Алла Байсымаққызының бүкіл өмірі, ғылыми-зерттеу бағытындағы іс-әрекеті осы институт қабырғасында өтті. Оның бірыңғай ғылымға бет бұруы 1985 жылы ғылыми-зерттеу зертханасына жұмысқа ауысуынан басталды. Қажымай, талмай, жарты ғасырдай өнімді еңбек етті. Жер сілкінуін болжау мен сейсмикалық қауіптілік саласындағы көптеген ғылыми бағдарламалар мен жобаларда негізгі қызметкер немесе ғылыми жетекші ретінде жұмыс атқарды. Өзінің ғажайып еңбекқорлығының, туа біткен қабілетінің және жинақтаған білімінің арқасында іргелі ізденістер жүргізіп, ауқымды нәтижелерге қол жеткізді. 1991 жылы кандидаттық, ал 2012 жылы «Қазақстандағы сейсмикалық қауіптілікті ықтималды түрде анықтаудың сейсмикалық және геология-геофизикалық негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Осы орайда оның сейсмология саласынан ғылым докторы атанған алғашқы қазақ әйелі екенін айрықша атап өткен жөн.
Алла Байсымаққызының 220-ға тарта монографиясы, ғылыми мақалалары мен іргелі еңбектері жарық көрді. Сондай-ақ республикалық, бүкілодақтық және халықаралық симпозиумдерге, конференцияларға қатысып, ғылыми баяндамалар жасады. Бұл мақалада оның қыруар мұрасын талдау, саралап-салалау мүмкін емес. Ол – арнаулы ғылыми еңбектерге жүк болатын тақырып. Сондықтан да Алла Байсымаққызының соңғы жылдары жарыққа шыққан кейбір шығармаларына ғана қысқаша тоқталып кетуді жөн көрдім.
Оның ғылыми еңбектерінің ішінен «Қазақстан өлкесінің сейсмикалық қауіптілігі» төл монографиясының орны ерекше. Бұл жұмыс өзінің ғылыми құндылығы жағынан Қазақстанда сейсмология саласынан жарық көрген еңбектердің ең шоқтығы биіктерінің бірі екені сөзсіз. Ал оның соңғы жылдары өзімен көп жыл бірге жұмыс істеген әріптестерімен бірігіп жазған «Қазақстандағы жер сілкіністер: себеп-салдары және сейсмикалық қауіпсіздік» және «Қазақстандағы жер қыртысының сейсмотектоникалық деформациясы» атты монографияларының әрқайсысы өз салаларынан елімізде тұңғыш жарық көрген қомақты еңбектер болып табылады. Алла Байсымаққызының зерттеулерінің нәтижелері республика және шетел мамандарына да жақсы таныс. Оның А. Сыдықовпен бірігіп жасаған ғылыми еңбегі 1997 жылы халықаралық «Journal Prediction Research. Moscow-Beijing» журналының редакциясы жариялаған «Жер сілкінуді болжау жөніндегі үздік жұмыс» атты жарыстың жеңімпазы атанды. Ол 1989 жылдан өмірінің соңына дейін ҚХР мен ҚР арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісім аясында Қытай ғалымдарымен бірге іргелі ізденіс жұмыстарын жүргізді. 2006-2010 жылдары Орталық Азия, АҚШ, Еуропа сейсмолог мамандарымен бірлесіп, Орталық Азия өлкесінің сейсмикалық қауіптілігін анықтау жөніндегі ғылыми-зерттеулердің жетекшісінің бірі болды. 2013-2014 жылдары «Сейсмикалық қауіптілікті азайту жолындағы халықаралық ынтымақтастық» жобасының негізгі басты қызметкері ретінде сейсмологиялық стандарттарды зерттеп, талқылауға атсалысты.
А.Б.Садықованың ғылыми еңбектерінің практикалық маңызы да өте зор. Ол қазіргі таңда сейсмикалық қауіптілікті анықтап жүрген нақтылығы әртүрлі Қазақстанның, Шығыс және Батыс Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе облыстарының, Құмкөл, Қаламқас, Жетібай, Теңіз, Жаңажол, Кенқияқ мұнай кен орындарының, Жаңажол-КС-13, Бейнеу-Сазанов газ құбырларының; Алматы қаласының, Алматы сейсмополигоны жер сілкінуінің ұзақ және орта мерзімді болжау карталарын әзірлеген авторларының бірі.
Сейсмология саласында жас мамандар даярлауға өз үлесін қосып, белсенді түрде педагогикалық жұмыспен де айналысты. Жас мамандарға, аспиранттарға, докторанттарға ғылыми жетекші болды. Ол 2000 жылдан бастап негізгі жұмыспен қоса, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің Геофизика кафедрасында алдымен аға оқытушы, кейін доцент болып жұмыс істеді. Оның тікелей атсалысуымен 2004-2005 жылдары кафедрада «Сейсмология» мамандығы ашылып, осы мамандық бойынша «Сейсмология негіздері», «Сейсмикалық режим», «Сейсмикалық аудандау» курстарынан дәріс оқып, практикалық жұмыстар жүргізді, әртүрлі әдістемелер жазып, оқу процесіне кіргізді. Адал еңбегімен кафедра оқытушылары мен студенттер арасында лайықты құрметке, үлкен беделге ие болды.
А.Б.Садықова ұзақ жылдар бойы Сейсмология институтының ғылыми кеңесінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмикалық қауіпті анықтау және жер сілкінуін болжау эксперттік кеңесінің мүшесі, Сейсмология институты жанындағы Ведомствоаралық жер сілкінуді болжау комиссиясының ғылыми хатшысы және Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің геофизика кафедрасы бакалавриатының МАК төрағасы болды.Ол Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы құрметіне орай «ҚР тәуелсіздігіне – 30 жыл» медалімен, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, ҚР Президентінің Алғыс хат, Мақтау қағазымен, т.б. грамоталармен, дипломдармен марапатталған.
Иә, Қазақстан сейсмология ғылымының толыққанды бастау алғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Осы жылдары елімізде алуан-алуан оқиғалар орын алды, қоғам өзгерді, тіпті, біраз ғалымдар ғылымнан кетуге мәжбүр болды. Бірақ А.Б.Садықованың 1970 жылдардан бастау алған сейсмология ғылымына деген сүйіспеншілігі, құштарлығы көбеймесе, кеміген жоқ. Ол өмірінің соңғы күніне дейін өте күрделі «Қазақстан облыстарының, қалаларының сейсмикалық қауіптілігін қазіргі заманауи ғылыми әдістемелік негізде анықтау» жобасының ғылыми жетекшісі болды.
Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Осы екі нәрсе де Алла Байсымаққызының бойынан табылады. Ол көркіне көз тоймайтын, ажарлы жүзі жарқын, мінезі жайлы, ретсіз сөз, келеңсіз қылығы жоқ, атақ-даңққа құлықсыз, қарапайым, жұлдызы жанған жан еді. Ол ғылымда қалдырған өзіндік ізі бар көрнекті ғалым, Қазақстан сейсмология саласының іргесін қалаушылардың бірі болды.
Сүйікті жұбайы Ербол Тәңірбергенұлы Садықовпен 45 жыл бақытты өмір сүрді, ұлы Димашты тәрбиелеп өсірді, төрт немересінің ардақты әжесі болды.
Осы жылы сәуір айында кезекті демалысын өзінің балалық, жастық шағы өткен, туған жері іспетті Ақсу ауылында өткізді. Мүмкін «туған жердің топырағын басып, ауасын жұтсам, дертіме шипа болар» деп ойлады ма, кім білсін немесе сүйікті сіңлілері Роза, Динамен, өзге де туыстарымен ақтық қоштасуы ма, ол жағы енді бізге беймәлім. Мен оның альбомынан үлкен ағаштың қасында түскен, астында «мынау бала кезімде папам екеуміз отырғызған емен ағашы» деп жазылған суретті тауып алдым. Емен өте зор, керемет биік, діңгегі 3-4 кісінің құшағындай, төбесі көкті тіреп тұр екен. Алла Байсымаққызының ғылымдағы ізденіске толы еңбек жолы осынау үлкен де алып емен ағашындай біртіндеп сатылап өсті. Соның нәтижесінде құрметке бөленді.Оның ғылыми мұралары, идеялары, болжамдары әріптестерінің, шәкірттерінің арқасында осы емендей өсіп, өркендеп, Қазақстан сейсмология ғылымының әрі қарай дамып, мәртебесі көтерілуіне өз үлестерін қосатынына да сенімім мол.