Жүріп келем,
Əйтеуір бір нəрседен күдіктенем.
Ақыл айтар уақытқа жетпесем де...
Сүрінгенге өзімше үміт берем.
Біліп келем.
Өзіме керектіні іліп келем.
Тағдырдың сыны да бар аямайтын.
Сынбау үшін мəн бермей, күліп келем.
Жылап келем.
Неге екенін өзімнен сұрап келем.
Аяғымнан шалғанды көрмей қалып,
Жарақат та алады құлап денем.
Шыдап келем.
Өмір – өзен, өзімді шыңдап келем.
Жол көрсетіп, демеген адамдардың
Əрбір сөзін тастамай тыңдап келем.
Сынап келем.
Тағдырымды өзімше сынап көрем.
Мен білмейтін тағы да сыйың бар ма?
Ол сыйыңды бергенде бір-ақ көрем.
Неге екенін сен маған айтасың ба?
Деп тағдырға мен кейде сұрақ берем.
Ана
Ана жайлы көп ақындар жыр жазған,
Ой толғайын артық болмас бұл жазбам.
Анамыздың ақ жүзінен көреміз
Аппақ шашын, әжімдерін біз жазған.
Аналармен өміріміз көктеген,
Анаңызды сыйла дер ем көпке мен.
Ұлы Абайдың әкесінің өзі де
Анасының алдын қиып өтпеген.
Анамыздан бізге өмір берілген,
Ананы сүй, жақсы көріп сезіммен.
Пайғамбардан сұрағанда үш рет
Жақсылықты жаса анаңа делінген.
Анаңызды бағалаңыз тым қымбат,
Керек емес сыртындағы түр-сымбат.
Ана – жұмақ, уайымдауға жол бермей
Қуантуға көңілінің кілтін тап.
Сен менің ең бірінші дұшпанымсың
Өзіңе демеймін ұрысқаным сын.
Көп жерде кісендеп ұстадым шын.
Асаулық танытып атып шыққан
Сен менің ең бірінші дұшпанымсың.
Кей кезде жүгенсіз тұлпарымсың.
Кейде биік қалықтар сұңқарымсың.
Бір өзіңнен мықтылық табылғанмен,
Сен менің ең бірінші дұшпанымсың.
Сан ойдың сені келіп құшқаны шын.
Жеткізер сол ойымның ұшпағысың.
Мейлі менің жақтасым болсаң-дағы,
Сен менің ең бірінші дұшпанымсың.
Тартынбастан бетке де ұстарымсың.
Бір жеңіліп, бір жерде ұтқаным шын.
Сен сүйексіз болғанмен отыз тістің
Ортасын ойып тұрған дұшпанымсың.
Иә, тілім, барлық пәле сенен екен.
Күнә да сен арқылы келген екен.
Сен менің дұшпанымсың дегенім сол.
Бар денемді жұмыр тіл жеңген екен.