ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

Әлі есімде. Қазақ университеті журналистика факультетінің 1-курсында оқып жүрміз. 

– Жігіттер, «Социалистік Қазақстан» газетіне Бекеннің хабары тағы шығыпты, – деп дауыстады Өмір Есқалиев. Оның ата-анасы азан шақырып қойған шын аты – Берікбай. Біз Бекен деп атап кеттік.

Бәріміз Өмірдің қолындағы газеттің жаңа санына үңілдік. Төрт-бет газеттің екінші бетіндегі Б.Қадықовтың шағын хабарын жарыса оқыдық. Шын көңілден «Жарайсың, Бекен!» деп жапа-тармағай қолын алып құттықтап жатқанымызда Саясат Бейісбаев: 

– Профессор Тауман Амандосов «Сендер жазуды газеттің хабарынан бастаңдар. Қысқа әрі нұсқа болсын» деуші еді ғой. Ұстаздың сөзі жөн. Біздің Бекен 1-курста ел-жұртқа осындай «хабарларымен» танылса, 2-курста мақалаларымен көрінері анық.Үшінші курста очерктерімен топты жарады.Төртінші, бесінші курста кәсіби журналистер қатарына қосылып та қалар әлі, – деп сәуегейлік жасады. Оны Есенбай Бейсенбиев қоштады.

– Бекен айтпайды, айтса айтқанынан қайтпайды, – деді масаттанып.

Солай болды да. Саясаттың айтқаны айдай келіп, Бекен студент кезінде-ақ «Социалистік Қазақстан», «Жетісу», «Лениншіл жас» газеттеріне мақалалары жарияланып, университеттің соңғы курсында-ақ оқырмандарға таныла бастады. Тағдырдың қалауымен жан-жары Ботаға ерте үйленді. Пәтер жалдап тұрды. Кейбір жексенбі күндері курстағы ересектер тобының өңшең сақырлаған сақа жігіттері «Бекен мырза!» деп пәтеріне сау ете қаламыз. Ол қолына жіптен тоқылған тор сеткісін ұстап, іргедегі дүкенге қарай жүгіреді. Тобылғы торы күрең сырадан тартып отырып, әдебиет жайында әңгімені жібереміз. Қызды-қыздымен Аманхан Әлімов өлең оқитын. Сатыбалды Сәуірбаев домбырамен күй тартып, «Ойыл қайда, Жем қайда...» деп әуелете әндеткенде құлақ құрышымыз қанатын. 

Университетті бітірген жылы арнайы жолдамамен Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының «Коммунизм таңы» газетіне тілші болып барды. Жас журналист газетке жаңа леп әкелді. Бар істі телефонмен тындырып отыратын кәнігі тілшілер секілді стол басында отырып қалмай, жиі-жиі іссапарға шығып кетеді. Көзімен көргенін, ойға түйгенін қағазға түсіруден жалыққан емес. Ауданның ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп орындарына жиі ат ізін салып, өтімді мақалалар жазды. Анау Мыңаралдың балықшылары, Шығанақтың теміржолшылары, Ақбақайдың алтын мен Ақсүйектегі барит кендеріндегі ерлердің еселі еңбектері назарынан тыс қалған емес. Редакцияға түскен арыз-шағымдарды да тексеру барысында көз таныс жандарға бұра тартпай анық-қанығына жетіп, ақиқатын жариялады. 

Қыркүйектің жайма-шуақ күндері өтіп жатқан. Бірде аупарткомның бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков газеттің сол кездегі редакторы Серік Әлімбетовты қабылдап: «Бірер аптадан соң малшылардың слеті болатынын білесіз. Бұл жолы Ділдаш апаңның 70 жылдығын салтанатты жағдайда атап өтпекшіміз. Соған орай басқа аудандардан әріптестері Социалистік Еңбек Ерлері Дариға Жантоқова мен Сындыбала Оңғарбаева секілді бірнеше еңбек майталмандарын қонақ ретінде шақырдық. Соларды газет беттерінде жақсылап көрсетулерің қажет», – дейді. Бірінші бұрын мұндай тапсырма бере бермейтін. Бұл жолы өте маңызды болған соң арнайы тапсырып отырғанында мән бар. Редактор тілшілерін ұзақ талғамына сала келіп, таңдауын жас журналист Берікбай Қадықовқа жасады. Оны өзіне шақырып: «Берікбай, саған ғана сенім артып отырмын. Біріншінің талғамынан шыға білсең, редакция ұжымының да мерейін үстем етесің», – деді. Ауданды дүркіретіп слет те өтті. Келесі күні газеттен қалың оқырман қауымы Берікбай Қадықовтың «Жердегі жұлдыздар» атты кең тынысты мақаласын оқып сүйсінген. Бірінші де дән риза. Оның сол мақаласы күні бүгінге дейін ел аузында.

Ауданға ақын-жазушылар бірінен соң бірі ат ізін салып жатты. Басшылар: «Берікбай, ақынжанды жігітсің. Мына ағаларыңмен қалай сөйлесіп, сыйласуды жақсы білесің», – деп қолқа салған. Журналист-жазушы Әзілхан Нұршайықов, ақындар Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырзалиев, актер Асанәлі Әшімов, әйгілі композитор Ілия Жақанов пен жазушы Бек Тоғысбаевтарға шаруашылықтарды аралатып, еңбекшілермен қызықты, тағылымды кездесулер ұйымдастырып, оларға рухани азық сыйлады. Академик Зейнолла Қабдолов сүйікті шәкірті ретінде әдебиет туралы ой бөлісіп, оған «Әуезов» кітабын қолтаңбасымен сыйлады. Ғалым Сұлтанғали Садырбаевпен де поэзия алыбы Жамбыл Жабаев жайында әңгіме-дүкен құрған.

Жыл өтпей жатып-ақ ол бөлім меңгерушісі, содан соң жауапты хатшы қызметтеріне көтерілді. Білімін Мәскеу қаласында, Алматы партия мектебінде жетілдіріп, аупарткомның идеология бөлімінде нұсқаушы қызметін атқарды. 

Аупарткомның бірінші хатшысы Қапан Рахымбердиев:

– Берікбай, қоғамда «қайта құру» мен «жариялылық» өріс алды. Қаламың ұшқыр, білікті, білімді журналиссің. Аудандық газетте өзіңдей жоғары білімді журналистер жоқтың қасы. Бір-     екеуі университетте сырттай оқиды. Ал газет қазіргі талапқа сай шығуы керек. Біз қабырғамызбен кеңесіп, өзіңді редактор етіп тағайындауды ұйғарып отырмыз, – дегенде Бекен:

– Сіздер сенім артсаңыздар, қарсылығым жоқ, – деді.

Редакцияға келген бойда қоржындағы жатып қалған хаттарды қайта қарап, біразын іріктеп алды.Авторлардың батыл ойларын сақтай отырып, өрескелдеу айтылған тұстарын түзетіп, жаңа нөмірге «Қоғамдық пікір» айдарымен жариялап та жіберген. Содан бастап, аудан шаруашылықтарының әр саласынан пікір айтушылар саны күрт өсіп, газет мазмұны мүлдем басқаша сипат алды. Редакцияға аттарына сын айтылған шаруашылықтың тиісті мамандарын «дөңгелек стол» басына шақырып, орын алған келеңсіз мәселелерді талқыға салып, оқырмандар талабын қанағаттандырды. Газеттің сол санынан кейін-ақ бұрын аупартком мен ауаткомда жабық есік жағдайында қаралатын өзекті жайлар енді ашық алаң пікірталасына айналып шыға келді. Редактордың қабылдау бөлмесі кісіден арылмады. Олардың тың ұсыныстары газетте жаңа айдарлардың ашылуына түрткі болды. Аудан жұртшылығы: «Мына жаңа редактор батыл екен», – деп жатты.

Ол аудандық кеңес пен аудандық мәслихатқа бес рет депутат болып сайланды. Редакторлық қызметтен бөлек қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. «Биназар батыр» қоғамдық қорын басқарып, газетке тарихи тұлға жөнінде ғалымдар мен жазушылардың тың деректерге негізделген бірнеше мақалаларын жариялап, ел ықыласына бөленді. Атақты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевпен «Ашық әңгіме» айдары бойынша сұхбаттасып, бұрын айтылмай келген жайларды қозғағаны жұрт көңілінен шықты. Сондай-ақ СоциалистікЕңбек Ерлері Шоман Шәріпбаев, Құдайберген Біртаев және Ділдаш Итбасова туралы жазған очерктері де оқырмандар талғамы биігінен көрінді.

Бекен еліміз Тәуелсіздік жариялаған күннің ертеңіне аупарткомға барып, газет атын «Мойынқұм таңы» деп өзгертуге ұсыныс жасады. Аупартком мүшелері келіскен. Газеттің тәуелсіздікке арналған жаңа саны сол атаумен жарық көрді. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Аудан тіршілік тауқыметінің илеуіне түсіп жатқан кез. «Мойынқұм таңының» журналистеріне де оңай болған жоқ. Айлап жалақы ала алмаған уақыттың мың азабын айтсайшы. Ол ұжымды сондай қилы кезеңде де жоқтан бар жасағандай амалдармен сақтап қалды. Жалақыдан бөлек қағаз тапшылығы орын алып, аптасына үш рет шығып тұрған газетті екі рет шығарудың өзі мұң болды. Облыстық полиграфия комбинаты қағазбен қамтамасыз етуді мүлдем тоқтатқан. Берікбай телефон шалып, өтініш жасап еді, ондағылар үзілді-кесілді бас тартты. Онсыз да шаруасы бастан асып жатқан ауданның іскер әкімі Бағлан Қарашолақов: «Берікбай, саған қол ұшын беруге шаруашылықтың қауырт жұмыстарынан мойынымыз жар берсе қанеки. Қажетті қаражатты тауып берейін, қағазды өзің іздестіріп көр», – деген. Ал баспахана директоры Келгенбай Шатырбаев: «Енді газеттің бір санын ғана шығаратын қағаз қалды», – деп екі қолын жайып амалсыздық танытқан. Не істеу керек? Қалайда қағаз таппаса, газет мерзімді уағында шықпай қалады. Берікбай, амал жоқ, қыстың көзі қырауда өзі Алматыға аттанды. Әртүрлі мекемелерді табанынан тозып жағалап жүріп, бір тонна қағаздың көзінәрең дегенде тапқан.  Мойынқұмға дейін жеткізіп беретін көлік жалдаған. «Жол азабын жүрген біледі». Қыстың қар басқан шұрқ-тесік тайғақ жолдың машақатына шыдап көр. Төрт жүз жетпіс шақырым жолда қысқа күнді ұзақ түнге ұластырып, әупіріммен аудан орталығына жетті-ау әйтеуір. Газет өз уақытында шығып, оқырмандар назарына ұсынылды. Сол жылдары ол мұндай жағдайды ол бірнеше рет бастан өткізді. «Көш жүре түзеледі» демекші, кейін бұл жағдай да жолға қойылды. Газет түрі мен мазмұндық жағынан мүлдем басқаша сипат алып, оқырмандар сұранысына лайықты шығып, тиражы бұрынғыдан да арта түсті. Еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2020 жылы «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағымен марапатталды.

Берікбай он жыл бойына Биназар Ақеділұлының қоғамдық қорын басқарып, газетке тарихшылар мен жазушыларды тартып, тарихи тұлға туралы жаңа деректер жариялады. Оның редактор қызметіндегі жиырма бір жылдық еңбегі кейінгі жастарға үлгі болды. Ол отбасылық жағдайына байланысты Алматы облысының Қаскелең қаласына қоныс аударған. Осындағы«Заман жаршысы» газеті редакторының орынбасары қызметіне тағайындалып, аудан тұрғындарына өтімді әрі қоғамдық маңызы бар мәселелерді батыл қозғап, оқырмандар үдесінен шықты. Өткен жылы «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атанды. Әріптесіміздің «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» газеттерінен мақалаларын жиі оқып, оны іштей мақтан тұтып келеміз.

 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ
22.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 38
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 95
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 29
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 38
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 43
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 37
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 90
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 95
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 290
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 284
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 905

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8982
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8377
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11602
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9360
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10586