
Ұлттық кітапхананың директоры Үмітхан Дәуренбекқызы: «Жуырда Ұлттық академиялық кітапхана қорына қыпшақ ескерткішіне жататын көне қолжазбаның электронды нұсқасы жеткізілді. 1618 жылы басылып шыққан «Алғыш бітік» деп аталатын бұл көне шығарманың жалғыз данасы осы Арменияның ұлттық кітапханасында сақтаулы. Армян əліпбиінде араб жазуындай емес, дауысты, дауыссыз дыбыстар толық таңбаланып отыруы себепті, қыпшақ тілінің өзіндік дыбыстарын белгілеуде аса бір дыбыстық өзгерушілікке ұшырай қоймаған. Армян-қыпшақ ескерткіштері және түркі мұраларын зерттеп жүрген ғалымдар қолжазбаны қыпшақ тілінен қазіргі қазақ тілінің қалпына түсіретін болады. Жалпы, армян жазулы қыпшақ ескерткіштерін зерттеу Қазақстанда ғана емес, əрісі əлемдік түркологияда, берісі Кеңес Одағында кенже қалып келе жатқан ғылым саласы. Қазір кітаптарды әркім өз білгенінше аударып, түрлі баспаханадан шығып жатыр. Осы істі бір жүйеге негіздеп, аударма орталығын ашуды ойластырудамыз. Бұл ұсынысымызды Мәдениет және спорт министрлігі де қолдап отыр»— десе, Ұлттық кітапхананың ғалым-хатшысы Талдыбек Нұрпейіс: «Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінде не жазылғанын білетін болсақ, талай тарихымыздың жыртығы жамалған болар еді. Жалпы, Арменияда сақталған ескі құжаттардан деректер жинауға әлем ғалымдары құлшынып отыр. Өйткені, қолжазба қорында орта ғасырға жататын 17 мыңнан астам көне құжат, 3 мыңнан астам құнды дерек сақталған»,— дейді. Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени байланыстар екі ел президенттерінің бастамалары бойынша 2006 жылдың қарашасында Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Yкіметі мен Армения Республикасы Үкіметінің мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімімен бекітілген болатын.