«Qazaqstan dauiri» газетіне жазылайық, Алаш жұрты!

0
180

«Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық ұйымының үндеуі

 

Біз, желтоқсаншылар қызыл империяға не үшін қарсы шықтық? Ұлтымыздың жарқын болашағы үшін, тіліміз үшін, діліміз үшін шықтық емес пе?! Жан да кетті, қанымыз да төгілді, түрмелерде тозақтың күйін кештік, қасқыр иттерге таландық, таяқ та, тепкі де көрдік. Қысқасы небір озбырлықты көрдік. «Желтоқсан ұйымы» қоғамдық ұйымының төрағасы Мырзағұл Әбдіқұлов та ату жазасына кесілді. Кейін итжеккенге айдалды, әйтеуір тірі қалды. Міне, осындай азап пен тозақты көрген желтоқсаншылар қазір ардагерлерге айналды. Иә, біз әлі де тұғырдан түскен жоқпыз. Ел, ұлт қамын ойлаймыз. Жаманына күйінеміз, жақсылығына сүйінеміз. Үнімізді билікке жеткізуге тырысамыз.

Қоғамымызда, елімізде күйіндіретін мәселелер көп. Соның ең бастысы жастарымыздың дені рухсыз, намыссыз болып барады. Ең жаман нәрсе өз тілін, салт-дәстүрлерін менсінбейтін ұрпақ өсірдік. Тәуелсіздігімізбен бірге дүниеге келген сәби қазір ордабұзар отызға келді. Біз осы ұрпақтан айрылып қаламыз ба деп қорқамыз. Өйткені олардың көбісі орыстілді, орысша ойлайды, тіптен олардың арасында ағылшын тіліне біржола ден қойғандары да жетерлік. Бұған кім кінәлі? Әрине, бұған қазақтың өзі кінәлі. Ең бастысы әлемдегі ең бай тіліміздің қадірін білмеген билік кінәлі. «Мемлекеттік тіл» деген дәреже беріп, бірақ оны мазақ еткендей төрге жолатпауы. Бұл бізді де, ұлт жанашырларын да күйіндіреді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын өмірімізге темірқазық етіп алуымыз керек еді. Өкінішке орай, ол үмітіміз де ақталмады. Мұны айтып отырған себебіміз қазақ тілі қазақтың жаны болса, қазақ баспасөзі сол тілдің сақшысы, қорғаны. Екеуі егіз ұғым. Бірінсіз бірі күні жоқ. Өз ана тілін қажет етпей отырғандар қазақ баспасөзін қайтсін?! Біз осы тұрғыда өзгелерге, шетелдіктерге, тіптен өз арамызда қоян-қолтық бірге өмір сүріп жатқан этностар алдында мазаққа ұшырадық.

Кеңес үкіметінде өмір сүргендіктен біз газет-журналға зор құрметпен қараймыз.

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам!

Қараңғылықтың кегіне

Күн болмағанда кім болам?!

– деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай қазақ баспасөзін ол кезде күнге теңейтін едік. Сол кездері әрбір отбасы оншақты газет-журналдан жазылатын. Қалада тұрсақ таң атпай тұрып газет дүңгіршегіне жүгіретінбіз. Баспасөз біздің, халықтың рухани азығы еді. Ал қазір мемлекеттік тіліміз босағада болса, оған қорған болатын қазақ баспасөзін мемлекетіміз есіктен де кіргізбей отыр. Оны біз журналист болмасақ та күнделікті өмірден көріп жүрміз. Тіпті олар газет дүңгіршіктерінде де сатылмайды. Осы соңғы үш жыл көлемінде халықаралық қоғамдық-саяси газет «Qazaqstan dauiri» газетімен қоян-қолтық бірге араласып, жұмыс істеп келеміз. Бұл газет тек бізге серіктес қана емес, біз көтерген мәселелерді, Желтоқсан қаһармандарын жиі-жиі жариялап, зор көмегін көрсетіп жүр. Сондай-ақ бұл басылым ұлт мүддесін көк туымыздай биікке көтеріп келе жатқан бірден-бір қаһарман газет. Біздің қоғамдық ұйыммен бірлесіп мемлекеттік тіліміздің мүшкіл жағдайы туралы дөңгелек үстел өткіздік. Жамбыл облысы Шу ауданында есірткінің жастарымызды азғындатып бара жатқаны жөнінде де дөңгелек үстел жасап, үкіметке үндеу жарияладық. Желтоқсан көтерілісі өткен алаңды «Ашық аспан астындағы мұражай етейік!» деп бастама көтеріп, оны Алматы қаласына жібердік. Бірақ одан осы күнге дейін хабар-ошар жоқ. Жақында Ащысайда өткен қасіретке байланысты сол ауылға барып, қаза тапқан азаматтың отбасының қайғысына ортақтастық.

Әрине, бұдан басқа да «Qazaqstan dauiri» газетінің көтеріп жатқан көкейтесті мәселелері өте көп. Батыл, өткір, ізденгіш, жаңашыл газет. Басылымның басшысы белгілі қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы шығармашылдығының өзі бір төбе. Газетте қаламы жүйрік Ермек Сахариев, Ертай Айғалиұлы (бас редактор), Жанбақыт Борантаев, Нағашыбай Қабылбек, Ерғазы Сейтқали және де басқа да журналистер жұмыс істейді. Тіл тағдыры – ел тағдыры. «Баспасөз халықтың көзі мен құлағы» деп айтқандай бұл басылым осы үдеден шығып келеді. Иә, тек «Qazaqstan dauiri» газеті ғана емес, қазақ баспасөзінің тағдыры қыл үстінде. Осындай қиын кезеңде бір-бірімізге қолдау көрсетейік! Ол көмек іс жүзінде болсын. Жазылайық! Біз «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық ұйымының мүшелері түгелдей осы газетке жазылуды ұйғардық. Сіздер де қолдаңыздар, жазылыңыздар, Алаш жұрты! Газетті қолдағанымыз ұлтымыздың мерейін, абыройын тасытқанымыз, ана тіліміздің мәртебесін өсіргеніміз!

 

«Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық ұйымы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.