Көп қабатты үйлер салуға халық қарсы

0
107

ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі, «Nur Otan» партиясы, «ЕлАна» қоғамдық-саяси сайты мен халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің, ұйымдастыруымен өткізілетін дәстүрлі «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында.

Шымкент қаласында биыл көптеген игі істер атқарылғаны көрініп тұр. Мегаполис жолдары жаппай жөнделіп, қала орталығынан алыс жатқан ауылдарға да айрықша көңіл бөлініпті. Шалғай елді мекендерді кезең-кезеңімен ауыз сумен, табиғи газбен, сапалы электр энергиясымен, асфальт жолмен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жайында басылым бетінде арнайы көрсететін боламыз.

 

 

Осыдан біраз уақыт бұрын Шымкент қаласындағы ипподром, яғни атшабарға қатысты қала әкімінің шешіміне халық наразылық білдірген болатын. Міне, экспедиция барысында осы атшабарға да арнайы ат басын бұрдық. Атшабардың қазіргі жағдайын көзбен көріп, қала басшысының шешімі мен халық наразылығын ой елегінен өткізіп, төмендегіше тұжырымға келдік.

Әрине, мегаполис басшысы Мұрат Әйтеновтың қалаға инвестиция тартып, демеушілердің көмегімен, бюджетке салмақ салмай, қала шетінен жаңа атшабар салу жайындағы бастамасы қолдауға тұрарлық. Қазіргі атшабардың бүгінгі тозығы жеткен аянышты ахуалына қарап, қала басшысының шешімінің дұрыс екендігіне көзім жетті. Орналасқан жері де аттарға қолайсыз екені көрініп тұр.

Дегенмен, халық айтса, қалт айтпайтынның тағы бір көрінісіне куә болдық. Осы кезге дейін мамандар айтқан уәжді сараптай келе санаға түйгеніміз: атшабарды көшірген дұрыс, алайда, қазіргі ипподромның орнына көпқабатты үйлер салу жөнсіз. Біріншіден, бұл демалыс аймағы саналады. Халық мұнда келіп, тынығады, серуендейді. Айтулы мерекелерде Наурыз алаңы халыққа лық толады. Бәйдібек баба ескерткішінен төмен қарай ішкі және сыртқы туризмнің дамуына себеп болатын қаншама керемет нысандар, жанға жайлы саябақтар бар. Жаздың аптап ыстығында қала халқының салқындықты сезінер жалғыз көл де осы маңда орналасқан. Атшабар орнына көпқабатты үйлер салынар болса, халықтың осы демалыс аймағының жұмыс істеуін тоқтатып қою қаупі бар.

Екіншіден, атшабарға жақын маңда бірнеше маңызды нысандар орналасқан. Соның бірі – хайуанаттар бағы. Талап бойынша зообаққа жақын маңда көпқабатты тұрғын үйлер болмауы тиіс. Сонымен қатар, бұл аймақта ұлттың руханиятына қызмет ететін «Әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығы» мен «Тарихи өлкетану мұражайы» жұмыс істейді. Аталған көпқабатты тұрғын үйлер салынар болса, осы маңызды нысандардың барлығының да жүйелі түрде жұмыс әстеуіне кедергісін келтірері анық.

 

 

Үшіншіден, көпқабатты үйлер салынған жағдайда ол аумақта мектеп, емхана, балабақша, спорт алаңшалары секілді әлеуметтік нысандар салу қажеттілігі туындайды. Ал бұл аймақта оған мүмкіндік жоғы көрініп тұр.

Төртіншіден, мұнда көп халық қоныстанған жағдайда онсыз да күрделеніп жатқан көлік кептелісі жүргізушілерге онан сайын ауыртпалық тудыратыны айтпаса да түсінікті.

 

 

«Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, осы секілді жағдайларды ескеріп, халықтың талап-тілегіне құлақ асып, ортақ шешім қабылданса, ұтарымыз анық. (Осы және өзге де мәселелер жайында газетіміздің алдағы сандарының бірінен оқуға болады)

 

Сәуле Мешітбайқызы,

 ҚР Еңбек сіңірген қайраткері    

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.