Аяғым ауыр болса да алаңға бардым

0
106

Сол жылдары желтоқсанның суық желі тоңдырмаған жан жоқ шығар, сірә. Көп адамдар жақын жандарынан айрылды және психикалық күйзеліске ұшырап, қорқыныш пен үрейге бой алдырып, денсаулығынан айрылып қалды. Желтоқсан оқиғасын көзбен көріп, соның ішінде болғанын жасырып, шындықты айтуға жүрексініп, бой тасалап жүргендер де көп. Мен де солардың бірімін. Желтоқсан көтерілісі басталғанда КазГУ-дің журналистика факультетінде 2 курста оқитынмын. Тұрмысқа шыққан едім, аяғым ауыр. 17-күні түсте сабақ соңына қарай «алаңда митинг болып жатыр екен, біз де өкіметке өзіміздің наразылығымызды білдірейік, үн қосайық, кеттік!» деген қыз-жігіттердің бастамасымен бәріміз де №32 автобусқа отырып, Сәтбаев-Фурмановтың бойындағы Брежнев алаңына қарай ағылдық. Онда ұрандар жазылған плакаттар көтеріп алған АЗВИ, СХИ-дің студенттері, жастар көп екен. Солардың легіне қосылдық. Алаңда полиграфиялық училищиде оқитын сыныптас құрбым Дина Маусымақованы кездестірдім. Қасында 2-3 қыз бар екен. Олар да біздің қатарымызға кіріп кетті.

Басында бәрі бейбіт түрде тыныш өтті. Мінберге басшылар шығып сөйлеп жатты. Қырғынның бәрі кешке басталды. Бір топ қаруланған әскер алаңды қоршап алды. Су шашатын машиналар ағылып келіп жатты. «Өз еріктеріңмен кетпесеңдер бәріңді жазалаймыз!» деп хабарлады. Жастар кетпей тұрып алды. Бір кезде машинадан су атқылап, үсті-басымыз малмандай су болды. Милициялар тарсылдатып ұрып жатыр, кімді-кім ұрып жатқанын білмейсің. Бір сәт дубинканың (резеңке таяқ) сарт етіп тигенін сезіндім. Жон арқам удай ашып барады. «Қашайық, тезірек!» деген Динаның жанайқайын естідім. Топтың арасынан кимелеп сыртқа қарай сытылып шықтық. Түсіп қала ма деп ішімдегі баланы ойладым. Сірә, сол ой маған күш берді-ау деймін. Артымыздан: «Тоқтаңдар, қашпаңдар, бәрібір құтылмайсыңдар!» деген зұлымдардың айқайы, бізді қуған аяқ дыбыстары естілді. Зәреміз зәр түбімізге кетіп, төртеуіміз жүгіре бердік. Көз байланған шақ, айнала қараңғы. Сәт келгенде Абайдың бойынан автобус тоқтай қалды. Диналар «Қарлығаш» полиграфиялық жатақханасында тұратын, жолда түсіп қалды. Ал маған «Таугүл» ықшамауданына жету керек. Бір кезде жүргізуші орта жолға келгенде «қалада болып жатқан ереуілге байланысты көліктер жүрмейді» деп бізді түсіріп тастады. Күн қатты аяз болатын. «Неде болса жетіп алайын» деп пәтеріме жаяулатып тарттым. Аяғымнан сыз өткен сияқты, киімім де жұқа еді. Үстімізге шашылған су да мұз боп қатып қалған болатын. Бір жағынан жон арқам соққыдан ба, ауырып барады. Әзер дегенде үйге де жеттім. Ыстығым көтеріліп, ауырып жатып қалдым. Ішімдегі балапан тыпыршып көпке дейін тыншымады. Ертесі бүйрегіме суық тиіп ауруханадан бір-ақ шыққам. Ары қарай Динаның тарихы не болғанын айтайын. Оларды жолда милициялар ұстап алып бір-екі күн тергеу изоляторына қамап қойыпты. Ақыры ештеңе бүлдірмеген соң жібере салған ғой. Ал алаңда қалып қойған 5 жатақхананың қыз-жігіттерінің біразы суретке түсіп қалып, оқудан шығарылып қудаланды. Олар: Арман Қуанышқалиева, Жаңабай Тойбазаров, Гүлнара Әшімова, т.б. қатты жапа шегіп, 1-2 жылдан соң қайта оқуға қабылданды. Әсіресе атыраулық Арман құрбымның тағдыры ауыр болды. Еш жер жұмысқа алмай, әзер Алматыдағы тігін фабрикасының бірінде жұмыс істеді. Ол 3 жылдан соң оқуға қабылданып, бізден кейін бітірді.

Қазір Желтоқсан салған сыздың әсерінен денсаулығым сыр беруде. Қатты суық тигендіктен созылмалы пиелонефрит бүйрек ауруы деген диагноз қойылды. Жон арқама тиген сол таяқтан жүрегім анда-санда сыр беріп қояды.

 

Шаргүл Қасымханқызы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.