Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова: «Бүгінгі таңда біздің саланың барлық бағытын қамтитын бірыңғай ақпараттық жүйе жұмыс істеуде. Жүйеде 14,5 млн азаматтың дерекқоры бар. Ол онлайн режимде жаңартылып отырады. Азаматтарға көрсетілетін қызметтің барлық түрі автоматтандырылған. Биыл 19 миллион қызмет көрсетілді. Оның ішінде 3,2 миллионы «электронды үкімет» арқылы атқарылды. Әлеуметтік қамсыздандыру саласына қажетті қаражат көлемі жыл сайын осы жүйе аясында есептелінеді. Бүгінде осы жүйе арқылы өтетін төлем көлемі 3,5 трлн теңгеден асып отыр. Ендігі кезекте жүйені цифрлық технологиялар аясында дамыту жолдарын қарастырудамыз. Енді электронды еңбек биржасының базасында жаңа жүйе енгізілетін болады. Электронды форматқа ауыстырылған еңбек шарттары қағаз түріндегі еңбек кітапшасын қолданыстан алып тастауға мүмкіндік береді. Электронды форматтағы еңбек шарттары азаматтың жұмыспен қамтылғаны туралы ақпаратты білуге, жұмысшының онлайн түрде профилін жүргізуге және оның құзыреттілігін растауға жол ашады. Аталған жоба пилоттық режим түрінде облыстардың бірінде жүзеге асырылады. Оны жүйеге қосу Еңбек кодексіне өзгерістер енгізуді талап етеді. Сондай-ақ, жоспарда алдағы уақытта мүгедектікті анықтау өтінішін онлайн түрде жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа жүйені қолданысқа енгізу бар. Мүгедектікті анықтау бойынша өтініш eGov арқылы электронды форматта келеді. Өтініш берушінің келуі қажет емес. Өтініш келген соң оны сарапшылар қарайтын болады»,— деп мәлімдеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз