10 мың ота жасаған хирург

10 мың ота  жасаған хирург

Ғани Тәмиұлы Берістемовтің тұла бойы тұнған ізгілік пен жақсылық еді..

Зұлым тәжтажал тағы бір азаматымызды арамыздан жұлып әкетті! Қандай суық та ызғарлы, қаралы хабар! Жүрегіңді дір еткізеді. Жаның түршігеді. Талайлар кетті. Олардың ішінде небір атақтылары да бар. Қимайсың. Сағынасың оларды. Төрткүл әлемді бір тарының қауызына сыйдырған Жаратқан иеміздің бұйрығына не дауа?! Шүкіршілігі мен тәубесін айтқан әлем жұртшылығы «уһ!» деп есін жинап, ұяларынан шығып, мамыражай шақ орнаған кезде мұнысы несі деп абыржыдық. 

Жо-жоқ қателеспедік, сол баяғы тәжтажалдың зардабы. Әлі де босағамызда жүр екен жақсыларымызға ажал көзін қадап. Кім, кім дейсіз ғой сол зұлматтың ажал көзі түскен? Талайларды ажал құрығынан құтқарған ерекше азаматымызды жұлып әкетті. Ол – алтын қолды дәрігер-хирург «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулықты сақтау ісінің үздігі» және «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері Ғани Тамиұлы Берістемов. Қазақстан медицинасы алып тұлғасынан, арыстай азаматынан айырылып, қатары ойсырап қалды.  Өмірінің 30 жылын осы салаға аямай сарп еткен атпал азамат. Осы әз уақытында 10 мыңнан аса ота жасап,  өмірі қыл үстіндегі әрбір баға жеткісіз адамдарды құтқарған дәрігер. Жоғарыдағы атақтар мен марапаттары, шіркін-ай, осындай таудай еңбектің өтеуі болар ма екен?! Әрине, жоқ! Мұны біз бар дауысымызбен айта аламыз. Сол зор дауысымызды билік естісе, әлі де болса ортайған көңілімізді толтырып, бұдан да жоғары марапатқа ұсынар ма еді деген үмітіміз бар. Бірақ... Бірақ.. 55 жасында мәңгілік сапарға аттанып кеткен алаштың Ғаниының өміріміздегі орнын енді ештеңе толтыра алмайды. Біздіңше, бұл пендешіліктерді ортайып қалған көңіл үшін айтып жатырмыз-ау...  Пендешілік демекші, Ғани шынында да тәжтажалдың зардабынан кетті. Қойылған диагноз солай. Алайда өте еңбекқор жан, адамдар үшін жанын беруге даяр Ғани дәрігер күнделікті тіршілікпен, яғни дәрігерлік парызын адал орындаймын деп жүріп, тәжтажалдың зардабын өткізіп алған. Өмір бойы көтергені адалдық туы еді. Сол жолда оның тұлпары оқыс сүрініп кетті. Алланың дегені, жазмышы қалай болғанда да дәл уақытында орындалатынына сенеміз. 

Тағы да дәтке қуат ететініміз жақсылықты неғұрлым көп жасасаң, Жаратқан иеміз оны еселеп көбейтеді, жаннатқа жол ашады. Шіркін, Ғани бауырымыздың тұла бойы тұнған жақсылық қазынасына толы болатын! Елгезек көңілді, жаны жайсаң азамат көмекке кім ділгір болса, жүрегін қолына алып жетуге асығатын. Соңғы кездері дәрігерлер жөнінде алып-қашпа әңгімелер көп. Антын бұзып, ақшаға құныққан дейді. Ал Ғанида нағыз дәрігерге тән қасиеттері андағайлап тұрғанын келген қарапайым бұқара айтып жатыр. Төбесінен төнген ажал бұлтын серпіп жіберген ақ халатты абзал жандардың жақсылығын жаны ізгі адамдар ұмытпайды. «Ол маған көмектесті. Оның отасынан кейін құлан-таза жазылып кеттім... Өлімнен арашалап қалып еді...» Ғани дүниеден көшкенде қаптаған танымайтын адамдар ағылып келіп, осы ыстық сөздерді айтып, көз жастарын төгіп жатты. Қимастыққа толы сөздер... Жаның тебіренеді.

«Ғаниға деген қалың елдің ниет-ықыласын көргенде жүрегіміз тебіренді. Алтын қолды дәрігер. Медицина саласының үздігі. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ол «дәрігер боламын» дейтін. Қой сойғанда оны зерттеп, тамырларын түгендейтін. Алдына зор мақсат қойды. Қазақстанның мықты да даңқты дәрігері болды. Оның уақыты әрқашанда тым тығыз еді. Тойға да сирек баратын. Баласының соңғы қоңырауын көрмей кетті. Анасын құдайдай сыйлайтын. «Менің ауырғанымды анама айтпаңдаршы!» – деп өтінетін. «Сексеннен астым, құрбандығың болайын» деп, ана жүрегі сезгендей баласына айтқанда, ол қатты қиналып қалды. «Анашым, өйтіп айтпаңызшы!» – деді қиылып. Әттең... әттең!.. Тәжтажал қаупін елемеді. Өз денсаулығын ойламады. Қиналған адамдарды тастап кете алмады. Істеген ісі, сөйлеген сөзі мығым еді. Қанша ауырса да, өле-өлгенше сыр бермеді. Өз ісіне берілген адал азамат болатын». Нағашы апасы Мәдина Жұмағұлова осылай тебіренді. 

    Қарындасы Бануханның ағасына деген ыстық сөзі мен ыстық жасы ерекше еді. «Шүкір, ағаларым бар. Бірақ Ғани ағам ерекше мейірімді болатын...» Ол ағасының 1-сыныпқа жетектеп барғанынан бастап, бүкіл өмірінде үнемі бірге болғанын, ағалық қамқорлық жасағанын, әрқашанда қасынан табылғанын, әрбір-әрбір жақсылығын бүге-шігесіне дейін айтқанда, қалай ғана оның бәріне уақыт тапқанына таң қалып отырдық. «Әке-шешемізге салмақ салмаңдаршы» деп өтінетін. Басқа бауырларына да солай. Достарына да, көршілеріне де, тіптен көмек сұраған қаймана қазаққа да уақыт табатын. Сыр елінің мәрт көңілді Ғаниының, оның халқы үшін жасаған игі істері алдында кім де болса да бас иетін. 

«Өмір неткен қаталсың! Ойламаған жерден жаныңа жақын жүрген адамыңнан қас қағым сәтте айырылып қалады екенсің. Көкірек мұң мен шерге, жанарың жасқа толады, зор қайғы қабырғамызды қайыстырды. Бала кезімізден күліп-ойнап, тай-құлындай тебіскен Ғанимен бір партада отырып, 10 жылдық мектепті 1984 жылы бітірдік. Қанатымыз қайрылып, өлім түгілі өкпелеуге қимайтын досым туралы өткен шақта айтамын деп ойладым ба? Мектеп табалдырығында жүрген кезде-ақ ол дәрігер боламын деп армандайтын. Шаттыққа толы студенттік шақта да бірге болдық» деп, өткенге ой жүгірткен кластасы Элмираның мына бір шумақ өлеңін де назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. 

Достығы адал, жан досым,

Халқының алған алғысын.

Ендігі жұмақ мекен боп,

Пейіште нұрың шалқысын!

Жүруге әркез сән нұрын,

Жақсылығыңмен таң қылып.

Ұмыту, сірә, мүмкін бе,

Жүректе қалдың мәңгілік!

«Ол адалдық пен еңбекқорлықпен және жоғары жауапкершілігімен ерекшеленгеніне көпшілік куә. Арамыздан бүкіл Қазақстанға аты әйгілі дәрігер шыққанын біз мақтан етеміз. Жолдастарына қамқор болған «Бас ауырса, мамам дәрі береді» демекші, біздің денсаулығымыз сыр берсе, сол Ғани досымызға хабарласатынбыз. Соңғы кездері науқастанып жатса да, біздің емімізді ұялы телефон арқылы шешіп, жанымыздан табылатын. Тұғырлы абыройы  мен адалдыққа толы өмірі көз алдымыздан кеткен емес. Қос құлыншағының тәрбиесіне көңіл бөле жүріп, дос-жарандарының алдында жан сарайы таза, көкірегі көреген арда азамат еді. Бір қолдың саласындай, бір кісінің баласындай болған көпшіл бауырымызды достары ешқашан ұмытпайды.

Кейде маған – қайтпай қалған майданнан,

Қайран ерлер ерте үзілген гүлдердей.

Қабірде емес, заңғардан 

Аппақ-аппақ құс боп ұшып жүргендей. 

Сыныптастары мен дос-жарандары Эльмира, Сәуле, Нартай, Раш, Болат, Сейітқали, Дәулет, Шара және басқа да аты аталмай қалғандар «ерте ұшып кеткен» Ғаниға жан жүректерімен егіліп, көңілдің қаралы сырын осылай жеткізеді. 

«Әрбір дәрігерді батырға санаймын, – дейді жерлесі Ерлан. – Ғани туралы көп жақсы сөздер естідім. Өз ісіне берілген мұндай үлкен жүректі дәрігерді бұрын-соңды естімеппін. Талай адамды өлімнен құтқарған, оталарын үнемі сәтті жасайды екен. Бұл оның хас шеберлігін және өз ісінің нағыз маманы екенін көрсетеді. Ғанидың кеуде көтергенін көрмеппін. Кішіпейіл де қарапайым еді. Оның есімі талайлардың жүрегінде. Яғни ол тірі!»

Ғани 1967 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1992 жылы Алматы мединститутын бітіреді. Алматыдағы орталық қалалық ауруханасында еңбек жолын бастайды. Көп жылдар хирургия бөлімінде жұмыс істейді. Үнемі білімі мен білігін жетілдіріп отырған талантты дәрігер-хирургтің даңқы тек республикада емес, шетелдерге де жайылады. Халықаралық және республикалық конференцияларға жиі қатысатын. Білімін жаңа әдістермен жетілдіріп отырды. 1999 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ұстаз ретінде өзінің мол тәжірибесін шәкірттеріне ерінбей үйрететін. Соңғы еңбек еткен орны – Алматы қаласы Қалқаман ықшамауданындағы №7 қалалық клиникалық ауруханасы. Онда 10 жыл еңбек етті. Жоғарыдағы айтылған марапаттардан басқа «Отанға жасаған қызметі мен ерекше еңбегі үшін»,   және «Парыз», «Абырой», «Отан» деген ескерткіш медальдарымен марапатталған. Әрине, оның Мақтау грамоталарының өзі бір төбе. 

Қалқаман ауруханасында бірге жұмыс істеген әріптестері мен інілеріне сөз берсек: «Медицинада хирургия жұмысы – өте қауіпті әрі жауапты іс. Мүлт кетсең, бәрі бітті дей бер!  Ғани ағаның тәжірибесі көл-көсір еді. Ота жасауға өте жауапкершілікпен қарайтын. Әсіресе диагнозға қатты көңіл бөлетін. Науқастың жақын-жұрағаттарын үнемі сабырға шақыратын. Бәріне көз жеткізіп, дәлелденіп зерттелген соң барып шешім қабылдайтын. Біздің бөлімде 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Ғани ағаны, дәрігерлерді айтпағанда, медбикелер, санитарлар да жақсы көретін. Ұжымымызда бірлік-ынтымақ болатын. Ағамыз уақытпен есептеспейтін. Түнге, тіптен таңға дейін ота жасаған қиын кездерді талай бастан кештік. Ол ауырып жатқанда да ақыл-кеңесін айтып отырды, онлайн ота да жасады. Мұны ерлік демей көріңіз! Білімді де білікті дәрігер болған соң, алыс жерлерден сенім артып адамдар көп келетін. Хирургтердің ай сайын және жылда басқосулары болып тұратын. Ол жиналыстардың төрінде Ғани ағамыз отыратын. Онымен белгілі-белгілі хирургтер санасатын. Ағамыз біздің ақылшы әкеміздей еді. Әттең!..» – деп, ота бөлімінің меңгерушісі, шәкірті Нұрлан Мәуленов көңіл тізгінін босатты. 

Профессор Мұса Сахитов 2-хирургия бөлімінің меңгерушісі, ол да Ғанидың іскерлігін баса айтты. «Біз жаны таза мөп-мөлдір, өте жоғары кәсіби маманды жоғалттық. Доцент, ғылым кандидаты. Ол алтын дәрігер еді. Осы жердің өзінде 30-дан аса шәкірт дайындады. 10 мыңдай әрқилы оталар жасады. Ағаның біз үшін орны бөлек болатын. Амал жоқ, қолдан келер қайран бар ма?» 

Иә, қолдан келер дәрмен жоқ. Жалпы, Ғаниға деген пікірлер мен тілектер ұшан-теңіз. Бәрі де қимастық сезімдерін айтып жеткізіп жатыр. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, медицина саласында өзіндік ізін қалдырған мықты дәрігер, абзал азамат туралы болашақта әлі талай айтылып, жазылар деп ойлаймыз. Тіптен оның бай тәжірибелерін жинақтап, бір кітап шығарса да артық емес. Бүгін Ғанидың ұлы Аңсардың жоғары балл жинап, Н.Назарбаев университетіне түскені жайлы қуанышты хабар есттідік. 

Әзірге осы естелігімізді түйіндеп, марқұмның отбасына, бауырларына, апасы Тамараға, жары Гуляға, оның өмірінің жалғасы – балаларына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Марқұмның жатқан жері жайлы, иманы саламат, жаны жаннатта болуын Аллам нәсіп етсін. Әумин!

 

 

Ертай Айғалиұлы
16.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 66
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 45
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 104
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 41
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 105
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 33
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 66
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 212
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 218
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 432
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 396

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9089
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8486
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11714
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9480
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10695