Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесін толайым табыстармен қарсы алып отырған ауданымызда игі істер қатары күн санап арта түсуде. Сонау 1966 жылы бой көтеріп, 260 оқушыға арналған Үлгілі ауылдық округіндегі білім беру мекемесінің жапсарлас құрылысы аяқталып, апта соңында үлгілілік тұрғындарды қуанышқа бөледі.
Ауыл тұрғындарының қуанышына аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, облыстық білім басқармасы Байзақ ауданы білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев, ауылдық округ әкімі Омарғали Ибрагимов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелері ортақтасты. Салтанатты шара мектеп оқушыларының орындауындағы әсем бимен ашылды.
- Бүгінгі мектеп жанынан бой көтерген жанама құрылыстың аяқталып, ел игілігіне ұсынылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы білім саласын қолдау мақсатында, үкіметке нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Нәтижесінде ұстаздар қауымының жалақылары артып, мәртебесі айқындалды. Білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – орын тапшылығы болатын. Осы олқылықты жою бағытында аудан көлемінде бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Өздеріңіз білетіндей, Ботамойнақ ауылдық округінде мектеп-лицей салынса, Ақшолақ ауылында 120 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осы оқу жылында Бурыл ауылында 600 орындық мектеп ел игілігіне ұсынылса, жыл соңына дейін Жібек жолы ауылында 150 орындық мектеп өз есігін айқара ашатын болады. Сонымен қатар, бүгін Үлгілі орта мектебінде 100 орынға лайықталған жапсарлас ғимарат заманауи үлгіде асханасымен және оқу кабинеттерімен қамтылып отыр. Аталған құрылыс облысқа танымал «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығымен жүргізілді. Бұл жоба келер жылға өтпелі болғанымен мердігер серіктестік басшысы Асылбек Жантаев өз қаражаты есебінен мерзімінен бұрын пайдалануға ұсынып отыр. Сондықтан, аудан басшылығы атынан мердігерге алғысымыз шексіз, - дей келе, Қайрат Әбілханұлы «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында, Үлгілі ауылдық округінда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.