Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы Бекнұр Естайбеков тұрғын үй саласының дамуы туралы айтып берді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алуға кезекте тұрғандардың тізімінде 21286 адам тіркелген. Олар ZhilFondTaraz мобильді қосымшасы арқылы немесе Тараз қаласы әкімдігінің ресми сайтына кіру арқылы тізімдегі өзгеріс -терді бақылай алады.
Заңнамаға сәйкес кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін тұрғын үйді қайталама нарықта да беруге болады. Осылайша, бұрын жоспарланған 200 пәтердің 108-і сатып алынды, оларды бөлу жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, көпбалалы отбасыларға әзірше 13 пәтер берілген.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылы тағы 669 пәтер сатып алу жоспарлануда, оның 162-сі мемлекеттік бюджет қаражатынан, 507-сі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қаражаты есебінен алынбақ.
Сондай-ақ, спикер 2023 жылы ипотекалық бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы айтты. «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қордан тұрғын үйге кезекте тұрғандардың арасынан (бірінші және екінші топтағы мүгедектер, көпбалалы отбасылар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, 29 жасқа толмаған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар) 167 азамат пәтер алды.
– «Жаңа концепция» бағдарламасы шеңберінде кезекте тұрған 773 адам пәтер алды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері – 232 адам, арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар – 303, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы лауазымдарды атқаратын адамдар – 400, – деп атап өтті Бекнұр Естайбеков.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-9-тармағына сәйкес, сондай-ақ «тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-1-бабының 2-тармағына сәйкес Жамбыл облыстық мәслихаты Жамбыл облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарын беру туралы шешім қабылдаған.
ҚР Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы Бағдарламасы шеңберінде ипотекалық тұрғын үй қарыздарын пайдалана отырып, азаматтардың тұрғын үй сатып алу құқығын іске асыру үшін тұрғын үй сертификаттарының мөлшері 1 миллион 500 мың теңгені құрайды.
2023 жылға бастапқы жарнасы 10 пайыз болатын 1 миллион 500 мың теңге сомасындағы тұрғын үй сертификаттарына қалалық бюджет есебінен 200 миллион теңге бөлінген. Оларды 198 отбасы рәсімдеді. Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 62 сертификат берілді. Көпбалалы аналарға – 57, толық емес отбасыларға – 61, бірінші және екінші топтағы мүгедек азаматтарға 18 пәтердің кілті табысталды.
«Жаңа концепция» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың басынан бері 117 азамат пәтер алды. Жамбыл облыстық мәслихатының шешімі негізінде ағымдағы жылы сертификаттарға 200 миллион теңге бөлініп отыр.