Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің еңбекті, денсаулықты қорғауға, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуға құқығы бар.
Бұл ретте, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және оларды қалпына келтіру табылады.
Осы орайда, Департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының жүзеге асырылуына талдау жүргізілді.
Атап айтқанда, мемлекеттік орган жойылған (таратылған), қайта ұйымдастырылған, басқару құрылысы өзгерген кезде мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының сақталуына жүргізілген талдаудың нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың тарапынан 7 мемлекеттік қызметшіге қатысты жәрдемақыларды төлеу барысында заңнама талаптары бұзылғандығы анықталды.
Департаментпен қабылданған ықпал ету шараларының нәтижесінде оларға тиісті өсімпұл сомалары төленіп, бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Одан бөлек, мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысын беру, іссапар шығындарын төлеу және сыйақылар беру барысында заңнама талаптарының сақталуына жүргізілген талдау қорытындысымен қабылданған шаралардың нәтижесінде 42 мемлекеттік қызметшіге жалпы сомасы 1 645 152 теңгені құрайтын іссапар шығындары төленіп, олардың құқықтары қорғалды.
Қазіргі таңда Департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілерге еңбек заңнамасына сәйкес, тиісті өсімпұл сомаларын өтеу бағытында шаралар қабылдануда.
Бұдан басқа, жұмыс уақыты режимінің сақталуы бойынша мемлекеттік органдарға бару және қашықтықтан «Е-қызмет» АЖ арқылы мониторинг жүргізу нәтижесінде 83 мемлекеттік қызметшіге жалпы 164 сағаттан астам демалыс уақыттары берілді.
Осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай тұрақты түрде жүргізіліп, заңнамаға сәйкес қажетті шаралар қабылданатын болады.