Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев: «Өңірде ауылшаруашылығы саласында 2025 жылға дейін құны 187,8 млрд теңге болатын 26 инвестициялық жоба іске қосылады. Жаңа кәсіпорындар маусымаралық кезеңде ауылшаруашылығы өнімдерінің тапшылығын болдырмауға және облыс пен астана базарларындағы бағаны тұрақтандыруға, сондай-ақ 1 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді. Министр жұмыс сапары аясында бірнеше шаруа қожалығында, соның ішінде мал және өсімдік шаруашылығы фермаларында, көкөніс қоймасында болып, жаңа сүт-тауар фермасының ашылуына қатысты. Жаңа нысан Ақтоғай ауданы Жоламан ауылында ашылды. Жобаның құны – 6 млрд теңге, оның 5 млрд теңгесі – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қарыз қаражаты. Ферма жыл сайын 8,9 млн литрге дейін шикі сүт шығара алады. Жалпы, Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан шаралардың арқасында Павлодар облысы АӨК-ті дамытудың оң нәтижелерін көрсетіп отыр. Өңірге инвестициялық субсидиялауға 9,3 млрд теңге, несиелер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 6,3 млрд теңге, мал шаруашылығын субсидиялауға 8 млрд теңге, өсімдік шаруашылығына шамамен 5,3 млрд теңге бөлінді. Осының барлығы түрлі дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайтуға, жаңа сүт-тауар фермалары мен бордақылау алаңдарын ашуға мүмкіндік берді. Министр астық жинау науқанының барысымен де танысты. Бүгінгі күні 610,9 мың га астық жиналған, бұл – жоспардың 64 пайызы. Орташа өнімділік гектарына 9,8 центнер, 600,5 мың тонна астық бастырылды, 12,5 мың га алаңдағы картоп егінінің жартысы жиналды. Облыста 3,7 мың га алқаптан 107,5 мың тонна көкөніс жиналды, бұл – жалпы алаңның 50 пайызы.