Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналы, республикалық әлеуметтік-қоғамдық «Елана» ақпараттық агенттігі, «Аманат» партиясы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы және Оқу-Ағарту министрлігімен бірлескен «Ауыл аманаты – ел аманаты» дәстүрлі экспедициясы Қазақстанның бар өңірін аралап шықты. Біз бармаған облыс түгілі, ауыл мен аудан аз. Жасырмай айтайық, ел ішінде жетістіктер де, кемшіліктер де жетеді. Ел болғасын жақсысы мен жаманы, асылы мен жасығы болуы заңдылық. Шағымданғанның шалғайына оралмадық. Масаттанғанның маңына жақындамадық. Басшының қасына қосшы болмадық, халықтың қасынан алысқа қонбадық. Себебі әділ сөз айту үшін, тура жол ұстану басты міндетіміз еді. Шамамыз келгенше әділдікті ту еттік. Шындықтан гүл ектік. Бәрін де бастан өткердік. Біреуге жақтық, біреуден естідік боқтық. Жасымадық. Тасынбадық. Бұра тартпадық. Халықтан артық ешкімді таппадық. Көргеніміз бен көңілге түйгенімізді газетіміздің әр нөміріне шығарып отырдық. Сараптама жасадық, зерттеп қарадық. Ел ішінен не көрдік, не сездік, бәрін жаздық. Оның өзі оқырманға етпес еді аздық.
Мектеп пен ата-ана арасына неге сызат түсті?
Әйтседе бұл жолы бізді толғандырғаны – мектеп. Мектеп жайлы бұған дейін де айтып келдік ептеп. Енді көптің қалауына орай, жазғым келіп отыр тіктеп. Тарқата жазбақпын жіктеп. Елім деген ерлерге артылатын жүк көп. Болашақтың жайын ойлайтындарға аманатымды қоймақпын енді жүктеп.
Сонымен биыл да еліміздің бар облысын аралап шықтық ұжыммен. Өзім бас болып ынтымақ-бірлікпен. Биыл бізге күш берген республикалық ардагерлер кеңесі мен Оқу-ағарту министрлігі және «Аманат» партиясы мен Ауыл шаруашылығы министрлігі. Оларға айтар алғысымыз шексіз. Алла Тағала басшыларының көсегесін көгертсін. Істеріне береке бергей!
«Ауыл аманаты», «Ел аманаты» экспедициялары елге таныс. Әсіресе «Ауыл аманаты» ауылдың мұңы мен құнын билікке жеткізуде жолынан тайған емес. «Ауыл аманаты» қалай болады, ауылдағы ұрпақ аманатына адал болмаса.
Мен өзім ана болғандықтан, ақ жаулықты әже болғандықтан, ауылдарды аралай жүріп, ұрпақ аманатына адал болдым. Сапар барысында «Әжелер кеңесіне», «Әкелер кеңесіне» қатыстым, мұғалімдермен әр сапарда жиындар өткізуге күш салдым. Халық аманаты мен ұрпақ аманаты алдымыздағы жылдың қаңтар айында арнайы жиында, дөңгелек үстелде, ел ағаларының, игі жақсылардың ақ батасымен баспасөз бетінде жарық көреді. «Qazaqstan dauiri» газетінің жаңа нөмірлерінің бірінен оқитын боласыздар. Халықпен, еңбек адамдарымен қаншама кездесулер өтті. Сол кездері ауа-райы да өзгеше болғаны есімізде. Осылайша газет ұжымы екіге бөлініп ел араладық. Себебі шалғайдағы ауылдардың өзін қалыс қалдырғымыз келмеді. Өйткені ол жерлерде түрлі тағдырлар өмір сүріп жатыр. Оларды көңілден, көзден өшіруге еш болмайды. Олар да осы ел мен жердің иелері. Шағын ғана ауылдың проблемасы республиканың проблемасынан кем емес. Әсіресе білім саласындағы былық-шылықтар, сапасыз оқулықтар, білімі саяз мұғалімдер, тәрбиесіз оқушылар, әпербақан директорсымақтар... Бұл барлық жерде кездесетін дүние. Ауылда да, қалада да.
32 жылда 18 министр ауысқан сала болғасын да сыны мен сыры көп. Алайда мұндай олқылықтың басқа емес, дәл білім саласында кездесуі – өте ауыр көрініс. Білім – ұлттың шамшырағы. Білім – болашақтың алтын кілті. Олай болса білім сапасын жоғалтса, ұрпағың азғындамағанда қайтеді? Білім кемесі қайраңға батқан жерден тоқырау басталады. Тоқырауға ұрынған білім ұрпақтың уақытын ұрлайды. Санасын улайды.
Әр министр бір келіп, мектептерді эксперимент алаңына, оқушыларды «эксперимент жасайтын қояндарға» айналдырғаны тарих бетінде қатталып тұр. Одан ешкім қашып құтыла алмайды. Қазір көпшілік ағайын көзін әлеуметтік желімен ашып, ұйықтарда әлеуметтік желіні бір шолып шығатыны өтірік пе? Бала түгілі жасың мен жасамысыңды сол тәрбиелеп жатыр. Ол жерде өсектің оты гүр-гүр етіп жануда. Небір білгішің мен көргішің, сыншы мен міншің сонда отыр. Балаларын мектепке білім ал деп жібергенімен, өздері өсектің отына май құйып, білім ордалары мен мұғалімдердің әр қадамын аңдып, арды аттап жүргендері көп. Осылайша мектеп пен ата-аналар арасы алшақтай бастады. Педагогтық мәртебе алғалы біраз келеңсіз жағдайлардың белең алғаны да өтірік емес. Ең сорақысы «оқушыларды жұмсауға болмайды» деген қағидаттың күш алып кеткені. Әйтпесе балаларды еңбекке баулу ұстаздардың ұлы міндеті емес пе еді? Бүгінгі ересектердің бәрі еңбекке баулудың арқасында қатарға қосылғандар екені кімге жаңалық? Қазір тіпті өзі оқыған бөлмені сыпыру, сенбілікке шығу – бала үшін үлкен мін, ата-ана үшін ұят санала бастағаны қалай? Себебі баланың еңбекпен шұғылдануына ата-ана қарсы. Олардың түсінігінде бала оқуы керек. Дамыған елдердің көшін бастап тұрған Жапонияда оқушылар оқу бөлмелерін тап-тұйнақтай етіп жуып, есік-терезелердің шаңын сүртіп кететіні аңыздай айтылады. Одан жапон балалары жаман болды ма? Ғылым мен білім де көш басында тұр емес пе! Бұдан артық қандай дәлел керек?
Мектептегі суицид пен жүктіліктен де алдыңғы қатарда тұр. Кім кінәлі? Әрине, мұғалім. Ата-ана судан таза, сүттен ақ! Негізі ата-ана кінәлі болуы тиіс еді. Ұрпағының тәрбиесіне олар жауапты! Баласының жақсылығы да, жамандығы да ата-анаға тиесілі.
Біле-білгенге Мектеп – Мұғалім – Ата-ана ошақтың үш бұтындай құнды дүние. Бірінсіз-бірінің күні жоқ. Білім отына баланың қазан миы қайнау үшін ошақтың үш бұты сау болуы керек. Егер біреуінен ақау шықса, қазандағы сорпа төгіледі, ой сарқылады. Оқушы бала да солай – үштіктің арасына сына түскенде, еркінен айырылады. Білімге деген құштарлығы қашады. Бүгінгі ата-ана мен мұғалім арасындағы жағдай тап осы кепте. Ары тарт та бері тарт! Бірін-бірі кінәлау басым.
Солқылдақ заңдар... және ата-аналар тілегі
Ел аралап жүріп көңілге түйгенім, халық арасында, ұстаздар қауымы арасында көп айтылатын нәрсе – білім саласына қатысты солқылдақ заңдардың көптігі. Оның зардабын білім ордалары тартып жатыр. Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын, мысалы хиджаб туралы сөз айтылғанда, жаңа ғана келген, ісін жаңа бастаған 18 министрдің соңғы екеуін «халыққа қарай бет бұрды, әжептәуір жұмыс істеді» деп айта алар едім. Иә, олардың да кемшілігі бар. Мәселен, педагог мәртебесінде арзан абыройға жүгініп, мұғалімдердің қасынан кетіп қалып, ұраншылдыққа басулары ойға қонымсыз. Бұл талай айтылған нәрселер. Вертикальді басқару жобасы да орашолақ шешім, билікті бірден облысқа беріп, ауданнан алып қоюы, ротация мәселесі де күйіп тұр. Әлі күнге бір жерде ондаған жыл отырған директорлар бар. Олар кәдімгідей мектепті «жекеменшікке» айналдырып алғандай әсерге бөлейді. Мұғалімдерді құл сияқты жұмсау әлі белең алып келеді. Асхат Аймағамбетов мырзаның ротация туралы еңбегі үлкен игілікті іс, бірақ ол аудан ішінде атқарылатын шаралар. Ал ауданнан он-он бес шақырым алыстау жатқан ауылдарға бұл бұйрықтың әлі күнге күші жүрмей жатыр. Ол жақтарда әлі белден басып, ойына келгенді істеп жүрген директорлар қарасы жетерлік...
Обалы нешік, «педагог мәртебесі, ротация» туралы бұрынғы білім министрі түсіндірді, меніңше, түсінбеушілік Ақорда жақтан болған секілді...
«Педагогтық мәртебе» туралы заң шықты. Ал базбіреулер айтып жүргендей, «оқушыны жұмсауға болмайды» деген «жанашырлық» сөйлемдер көңілге қонымсыз. Ол арзан абыройға жүгіну мен үшін. «Педагогтық мәртебе» ол Құран емес, өзгертуге, толықтыруға әбден болады. Балаларды еңбекке баулу – қоғам үшін де, ата-ана үшін де ұлы міндет. Осыны естен шығармайық, ағайын!
Әлеуметтік желі деген пәле елдік мәселені де шешіп беруге қауқарлы секілді көрінеді маған. Нағыз майдан сол жерде ғой. Өш алу мен кек қайтарудың, біреудің ар-намысына тіл тигізіп жоқ, оны жер қылуға да таптырмас мекен сол жер.
Кеше ғана келген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа да шабуыл басталып кеткен тәрізді. Топ құрып соңына шам алып түсіп жатқандар да байқалады. Ең жаманы әлеуметтік желіде қоғамдық резонанс туғызса жетіп жатыр. Бір кезде жақсы жұмыс істеп көзге түсе бастаған Асхат Аймағамбетовтің де қызметтен ерте кетуіне «тас атқыштар» себеп болып еді. Ендігі кезек Ғани Бейсембаевқа келген сынды. Себебі «бас-басына би болғандар» қарасы молая түсуде. Ілік іздеген, пәле іздеген адам табады ғой. Қай салада болмасын кемшілік мол. Елді аралап, мектептерге барғанда байқағаным – көп жұмыс істелуде. «Жоқ, жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрте беруге қарсымын. Барды бар, жоқты жоқ деген дұрыс. Елдің еңсесі көтеріліп, мектептердің керемет жайнап тұрғаны бірден байқалады. Иә, мектеп оқулықтарының сапасыз, мәнсіз, мазмұны жағынан әлсіз тұстары баршылық. Оны түзеуге болады. Тек түзеуге қиын болып тұрғаны – ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы келіспеушілік. Үндестіктің жоқтығы.
Мен аралаған облыстардың біразында ұстаздар қауымы қаумалап «Апай, ата-аналар форумын жасайықшы, алқалы жиын өткізейікші, сөйтіп мұғалім мен ата-аналардың мәмілеге келуіне себепші болыңызшы» деп өтінгендері есімде. Яғни, мұғалімдер шаршаған. Өйткені ата-ана баласына «Ұстазыңды құрметте, балам. Қарсы келме! Ұят болады, обал болады» деп айтуды ұмыта бастаған. Керісінше «Оның саған ұрсуға, қоғамдық жұмысқа жегуге құқы жоқ» деп қайрап отыруға бейім. Ата-ана ұстазын сыйламағасын, бала оны қайтеді? Бәрін мұғалімге жауып қойып отыра беру кімге абырой бермек? Қалай ел боламыз? Мұның бәрі Батысқа еліктеуден туған нәрселер. Егер қатты еліктегіш болсақ, күншығыс еліне еліктеуге болмас па! Алаш қайраткерлері армандап өтті емес пе! «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, Қуана білмегенге құт қонбайды» деді емес пе заңғар Әбіш Кекілбаев? Баяғыда жапондықтар бастауыш сыныпта тек өздерінің ана тілінде оқиды деп армандадық. Бүгінде ол арманға жүген салдық.
Қазір бастауыштың 1-сыныбында орыс тілі де, ағылшын тілі де оқытылмайды. Бұны сәл де болса прогресс деп білеміз. 2-сыныпта орыс тілі қосылады, ал 3-сыныпта ағылшын тілі пәні қосылады. Жалпы жат жұрттықтардың тілін бастауыш сыныптарға енгізбеу керек. Қазақ баласы тек қана өз ана тілінде сауат ашуы тиіс. Бастауыш сыныпта тек қазақ тілінде ғана оқытатын уақыт та келер. Еліміз аман, қазағым тыныш, бірлік болса, ол күнге де жетерміз. Білгенге бұлар да жетістік. Бағалағанға бұлар да үлкен бақыт!
Негізгі мәселе мектепте жүктеменің өте ауырлығында, балалардың психикасының бұзылуында жатыр. Себеп: ата-ана баласын біресе музыкаға, біресе математикаға, біресе физикаға береді. Бала шаршайды. Ойлануға уақыт таба алмайды. Жүктеменің бәрі балаға салмақ салады. Содан барып ашушаң, салғырт, енжар оқушы пайда болады. Оқуға деген құштарлығы жоғалады. Көптеген ата-ана (ішінде өзім де бармын) шамамызға қарамай, санамызға қарамай, менталитетімізге қарамай Батыстың, Американың тәжірибесіне жүгінеміз. Сөйтіп баланың миын ашытамыз. Ал Жапон елінде бастауыш мектеп ана тілінде оқытылады. Бар болғаны бес-ақ сабақ! Әлемде жапондар қай елден кем? Маған осыны ардагерлер, ата аналар, ұстаздар қауымы кездескен жерде жиі айтады.
«АҢҚАУ ЕЛГЕ АРАМЗА МОЛДА» БОЛҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР БАР
«Бас-басына би болған өңкей қиқым, Міне, бұзған жоқ па елдің сиқын?!» деп ұлы Абай айтпақшы, жақында «Ашық алаң» бағдарламасын көріп отырып бір сұмдықты естіп, жағамды ұстадым. Республикалық әкелер кеңесінің төрағасы бастаған бір топ адам «Ашық алаңға» келіп, «Мұғалімдер директорға бағынбауы керек» деп соғып тұр. Бұған күлу керек пе, жылау керек пе? Олардың сөз саптасынан ұққаным, «Францияда солай, Кореяда былай» дегенге саяды. Билік мектеп ішіндегі қамқорлық кеңесіне берілсін. Солар шешсін мұғалімдердің тағдырын дегенге келеді ұсыныстары. Қамқорлық кеңесіндегі ата-аналар да ала-құла. Осыны неге ескермеске?
Менің айтқым келетіні, біз осы неге өз менталитетімізге, түп-тамырымызға қарамаймыз? Адам түгіл жан-жануардың өзінің топ бастайтын көсемі, не нәрсенің де өз өлшемі болатынын неге ұмытып барамыз? «Исатай басшы, мен қосшы» деп Махамбет бекер айтты ма? «Басшысы жоқ ел жетім» деген бабаларымыз ақымақ па?
Онсызда тәрбиеден жұрдай болған ұрпақ бүгін бір реформаның, ертең тағы бір реформаның «құрбаны» болып жүре бермек пе? Мұғалім мәртебесі төмендеп, кім көрінген тілдеп кетуге, жүндеп кетуге құмар болған заманда оларға кім араша түспек? Директорға мұғалім бағынбаса, мұғалімге оқушы мойынсұнбаса, барар жеріміз белгілі.
«Ашық алаңдағы» ютуб каналдың астына жазылған мына комменттің иесі мұғалім болар. Әйтеуір, сол салаға қатысы бар кісі. Оның пікірімен келіспеске шара жоқ.
«Мықты, мектептің жұмысын көрсете білетін, алға жетелеп жүретін көшбасшы, лидер директорлар да жеткілікті. Ауылдық жердің мектептерінде сататын сағат тұрмақ, мұғалімдердің ставкасын әрең толтырамыз. ШЖМ те класс комплект аз, сағат аз, оқу жылы басында сағат бөлу деген проблема жоқ, наоборот сағат жетпейді. Айтқандарыңыз намысқа тиеді. Бір басшы сағат сатады деп, басқаның намысына тиетінін ескеріңіздер.
«Жолға шықсаң, араңнан біріңді басшы сайлап ал» деп қазақ о баста айтып кеткен. Тәртіпті жеті-тоғыз адамдық кеңестер орнатпайды, бір әділ, білікті де білімді басшы орнатады. Мұғалім сонда сағатын өзі қалағанынша бөліп ала ма? Не сандырақ демагогия бұл? Вертикалды басшылық жүйеге үйренгенбіз. Жаңалық енгізу отыз жылда жетпеді ма? Бір реформа толық соңына дейін жүзеге асты ма? Сондықтан, оқушы ұстазға, ұстаз директорға, директор Білім басқармасына бағынғаны дұрыс деп ойлаймын!
Ата-ана жауапкершілігін арттырып, мектеп тек білім бергені дұрыс! Тәрбиелі ұл-қыз бірінші кезекте ата-анасына, сосын елге керек! Мектепке өзгеріс жасауды қойыңыздаршы... Бірі бітпей, бірі келеді. Балалардың болашағы үшін жұмыс жасауға мүмкіндік беріңіздерші. Болды!» – депті пікір иесі.
Бізде не көп, жиын көп, форум көп. Бірақ нәтиже аз. Осы мені қатты ойландырады. Қайда бара жатырмыз? Енді ғана еңсесін тіктеп, енді ғана жаңашылдыққа бет бұра бастаған министрлерді орнынан алып тастау түк емес қазір. Ағайындар-ау, мүмкіндік беру керек қой. Бастаған реформасын, жаңашылдығын көрсетсін! Көрсете алмаса, өз обалы өзіне. Бұл тек білім саласына ғана емес, өзге де министрліктерге қатысты.
Өткенде өзім қатысқан аналар форумында «Біз ұлардай шулап ұрандатудан аулақ болайықшы. Нәтиже керек. Құр айқаймен іс бітпейді» дедім. Солай айтқаным айтқан.
Бізде көпшілік тәрбие бесігі мектеп деп түсінеді. Мен айтар едім, тәрбие бесігі отбасы, ошақ қасында. Ата-бабамыз ұстанған Ислам шариғатында бала тәрбиесінің орны тіпті бөлек. Ертеректе бір кісі «балам бір жасқа толды. Енді мұның тәрбиесіне қазірден бастап көңіл бөлгенім дұрыс шығар, қалай тәрбие бастасам болады?» деп білмекке бір данагөй кісіге барғанда: «Сен бір жыл, тоғыз айға кешіктің. Себебі бала тәрбиесін құрсақтан алдын бастау керек» – деген екен. Себебі бала тәрбиесі ана жатырынан басталуы тиіс. Қазіргі қоғамда жұмысбасты ата-аналар өте көп. Көптеген аналар тіршіліктің қамын ойлап, жасқа толмаған балаларын бала күтуші немесе балабақшаларға қалдырып жатады. Сонда жас нәрестеге бала тәрбиесін кім үйретеді? Ана мейірімін кім береді? Иә, мұның көпшілік мән бермейтін, бірақ қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып тұрғанын байқаймыз. Ана мейірімін ешкім баса алмайды. Ана – баласы үшін бар мейірімін аямайтын аяулы жан. Ол өз перзентінің еліне елеулі, халқына қалаулы болып өскенін қалайды. Ананың құшағы жылы, көңілі кең, жүрегі жұмсақ. Әрбір адам өз анасын құрметтеп, сыйлап жүруі керек. Себебі, қандай жетістікке жетсек те, ол ананың берген тәлімді тәрбиесінің арқасы. Сол үшін бала тәрбиесімен аналарымыздың толыққанды айналысқаны жөн. Ал мына алмағайып заманда тек табыс табумен шектелген әкенің де бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгені абзал болар еді.
Жас кезіңде саған ата-анаң қамқор болады, ал есейгенде сен ата-анаңа қамқор боласың. Бірақ, қазіргі қоғамда ата-анасын құрметтемей, қарттар үйіне тапсырып жатқан ұл мен қыздарымыз аз емес екенін байқаймыз. Бір ақсақал ұзақ өмір сүріп, тым қартайып кеткендіктен перзентіне жақпай қалыпты. Әкесінен жалыққан сорлы бала біржола құтылмақ үшін қарияны арқалап, жолға шығады. Шаршап, шалдығып, бір ағаштың саясына тоқтағанда әкесі баласына қарап жымиып, күліп қояды. Оған ұлы таңдана қарап, әкесінен күлгенінің себебін сұрайды. Әке сонда: «Ұлым, мен де бір кездерде әкемнің қызметінен құтылу үшін оны бейтаныс жерге апарып тастау ниетімен жолға шыққан едім. Мына дүниенің қайтар дүние екенін қарашы. Дәл осы жерге әкемді көтеріп келгенімде мен де аздап тынығып алу үшін осы ағаш саясына тоқтаған болатынмын…» – деген екен. Осы оқиғадан ғибрат алуымыз керек. Неге соңғы кезде елімізде мұндай жағдайлар орын алуда? Осындай қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың барлығы иманның, тәрбиенің әлсіреуінде десек, қателеспеген болар едік. Балаларымыз бізді іс жүзіндегі үлгі ететін тұлға кейпінде көруі қажет. Бала үшін мың сөзден бір жақсы іс әлдеқайда өтімді болмақ.
Лас дүниелерді таратуға неге құмармыз?
Қазіргі біздің отбасыларды, ұл-қыздарымызды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Оған назар аударып жатқан ата-ана түгілі, билік жоқ. Күл болмасаң, бүл болдың кебі. Мысалы біз сөз еткен жапондар санасы әбден жетілгенше ұялы телефонды балаларға ұстатпауға күш салуда. Тыйым бар. Қытайлар да интернет пен әлеуметтік желіні балалардан шектеп отырады. Керек кезінде бұғаттап отырады. Себебі түсінікті.
Ал бізде рахат. Бәрі самсап тұр. Зорланған қыз, бала тапқан оқушы, әкесімен жыныстық қатынасқа түскен бойжеткен... айта берсең, көз сүрінеді. Лас дүниелер әлеуметтік желіде толып тұр. Телеарналар да одан қалысар емес. Оларды қарау, оқу оқушыларға да қолжетімді. Осыларды көрген балалардан жақсылық күту, ізгілік, имандылық күту дұрыс па? Бұлар бала психологиясына салмақ түсірері сөзсіз. Ол аздай, баланы оқытатын мектеп туралы жазылған ғайбаттар қаншама. «Ана министрді орнынан алып тастау керек, мына директорды жұмыстан шығару керек. Ана мұғалім ішкіш, ана мұғалім жүргіш. Анау ұстаз ұрысқақ, мына ұстаз тырысқақ» деген сияқты айыптауларды оқыған оқушының күйі не болмақ? Мұның бәрі баланың өсуіне, қалыптасуына әсер етеді. Мен үнемі айтып жүремін, біз қазір жамандыққа көп бұрылып жатырмыз. Біз қуануды ұмыттық. Біз жақсылықты көріп тұрып, қуана алмайтын күйге түстік. Ал жамандық көрсек, рахаттана отырып жазамыз және оны таратуға да әуеспіз.
Мысалы Жамбыл облысындағы бір ауданда он үш жасар қызбен бір депутаттың күйеуі үнемі жыныстық қатынаста болған. Ұлты – орыс. Әлгі қызды анасы (өзі жеңіл жүрісті болғандықтан) кішкентай кезінен жаман жолға салған. Сол қыздың екінші түсігін жасатуға мектеп мұғалімдері өздері барған. Бұл нені көрсетеді? Бәледен аулақ болайық деген пиғылды аңдатады! Арттарын жабу үшін, елді у-шу қылмау үшін сондай қадамға баруға мәжбүр. Масқара емес пе! Осылайша облыстың, ауданның аты былғанды. Білім ордасына күйе жағылды. Ақыры қадір-қасиеттен жұрдай болды. Бұған кім кінәлі?
Түркістандағы келінімен тұрып жатқан қайынатасының «тарихы» ешкімге жасырын емес. Шамам келгенше оны зерттедім. Сонда білгенім екеуі де кішкентайларынан психауруханада есепте тұрған. Ұлттары бөлек. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақтан алыс ұлт. Біз оны үлкен жаңалық етіп тараттық. Сол керек пе еді? Балалар бұлардың бәрін оқуда. Қай кезде де жаман сөз жамандық шақырады. Мектептен бастап жамандықпен құлақтанған бала өте қауіпті. Елімізде суицид жасап өліп жатқан жастардың көбі берекесіз шаңырақтан, ұрыс-керістен көз ашпаған отбасыларға тиесілі. Ащы шындық осы!
Ел аралап жүріп ұстаздар қауымынан естіген мына бір сөздер көкейімнен кетпейді. Бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «Апай, жоғарыға жеткізіңізші, халыққа жеткізіңізші, біздей емес Ақордаға жақын жердесіз ғой, мысалы оқушылар біздің алдымыздан сабағын оқып үйіне кетеді. Көңілді, бәрі жақсы екенін біліп отырамыз. Сол оқушылардың біреуі үйіне барып не у ішеді, не өзіне қол жұмсайды. Сондай оқиғалар көп кездеседі. Ондайда мұғалім кінәлі. Ата-ана күнәдан пәк. Мектептен сабағын оқып, тыныш кеткен баланың үйіне барып қазаға ұшырауына неге мұғалімдер кінәлі болмақ? Ата-анасы қайда? Туыс-туғаны қайда? Ортасы қайда? Оқиға мектепте емес, үйінде, болмаса мектептен аулақта болып жатқанын ешкім ескермейді. Мұғалім ешқашан оқушымен бірге жүре алмайды ғой. Оның жұмысы да басынан асады. Жаман жағдай орын алғанда бірінші облыс әкімі жұмысынан кетеді. Не болмаса аудан әкімі қызметінен қуылады. Мектептен әлеуметтік жағын басқарушы орынбасары не завуч болмаса директор орнынан түсіп, білім ордасынан алыстатылады. Осы әділетті шешім бе, апатай, айтыңызшы?» деген мұғалімдердің жанайқайын қалай ұмытайын? Олар біздің өтінішімізді жоғарыға жеткізіңізші, апай, сізге аманат» дейді. Менде ондай құдірет қайдан болсын! Менің қолымнан келетіні жазу ғана. Баспасөз арқылы пікір қалыптастыруға күш салу ғана. Иә, біз, журналистер, билік пен халықтың ортасындағы алтын көпірміз. Тек сол көпірдің үстімен билік басындағы азаматтар жиі өтіп, маңайына көз салып отырса, қандай жарасымды?!
Бар кінәні мұғалімге арта беру – әділетті шешім емес
Иә, мұғалімді кінәлауға бәрі шебер. Бірақ оның алдынан кеткен оқушының тағдырына ол қалай жауап бермек? Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Павлодар облысында жүкті болып қалған қыз оқитын мектептің мұғалімі мен директорына қатысты пікірін оқыдым. Оқыдым да, көптеген ұстаздардың көкейіндегі ойды күмілжімей, күлбілтелемей айтқанына риза болдым.
«Бұған дейін Павлодар облысында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен оқушы жүкті болып қалғаны жайлы жазған болатынбыз. Бүгін маған ақпарат келіп түсті. Павлодар облысының Шарбақты ауданында отбасындағы болған оқиғаға байланысты (жүкті болып қалған мектеп оқушысы – ред.) мектеп басшысы мен мұғалімге сөгіс жарияланыпты. Бір нәрсені түсіну керек. Барлық мәселеде ұстаздар мен директорларды түгел жазалай берудің орны, реті болады, заң шеңбері болады», – депті министр.
Түсінгенім, министр Бейсембаев кез келген мәселеде мұғалім мен мектеп басшылығына сөгіс беру немесе оларға белгілі бір шара қолдануда ойлану қажет екенін айтыпты. Өйткені отбасында болған немесе мектептен тыс жерде болған оқиғаларға ата-ананың және басқа да қатысты адамдардың жауапкершілігі қарастырылуы керек. Мұғалім мен директордың кінәсі толыққанды анықталмай, ондай шараларға бара беру ұстаздарымыздың еңбегін бағаламау болып есептелетіндігін айтыпты бас ұстаз.
Оқу-ағарту министрі мұғалімдер мен мектеп басшылығына жаза қолдануда мұқият болуға шақырыпты. Тіпті кейбір оқушылардың «Менің өліміме мұғалім кінәлі. Ол маған «екі» қойды» дегенді естігенде шалқамнан түсе жаздадым. Егер сабақ оқымай келген оқушыға «екі» қоймағанда қайтеді? Бұл да ойланатын мәселе. Баласынан айырылып қара жамылып отырған отбасыны жазалау деген де ақылыма қонбайды. Бұл жерде әділетті ұстаным керек. Ол екі жаққа да жауапкершілік бірдей екенін түсіндіру болмақ. Мұғалім ғана емес, ата-аналар да өз жауапкершілігін сезіне білуі маңызды. Бала – Құдайдың сыйы! Олай болса әр балаға қырағылық екі тараптан да болуы тиіс. Отбасында жақсы тәрбие көрген бала ұстазының алдын кеспесі тағы анық. Барлық жағдайға мұғалімдерді кінәлау дұрыс емес. Олар балаға жаман болсын демейді. Қайта жақсы оқыса екен деп, қолтығынан демейді.
Мен аралаған барлық облыстың мұғалімдерінің өтініші де, талап-тілегі де осыған сайды. Бала тәрбиесіне тек мұғалімді ғана кінәлап, оның басынан қара бұлт кетірмеу – болар елдің баласының ісі емес. Соны ұғындым. Баяғыда ата-әжелеріміз молданың алдына оқытуға бала әкелгенде «Еті сенікі, сүйегі менікі» дейді екен. Қандай үлкен жауапкершілік артып отыр десеңізші. Бүгін ата-аналар осылай деуге неге дәрменсіз? Керісінше баланың алдына мұғалімді жығып беріп, айызы қанып отыруға әуес. Ел болып мұғалімнің беделін арттыруға тиіспіз. Сонда ғана білімнен мән, оқудан сән, ұрпақтан нәр кетпейді.
Соңғы уақытта Оқу-ағарту министріне шабуыл күшейді. Көптеген ұстаздар соған алаңдайды. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, олардың да екі жылға жетпей «ұшып кетіп жататын» министрлерден жүрегі шайлыққаны көрініп тұр. Басты мақсат, қолға алған реформасы жүзеге асқанша күту заман талабы дейді. Мүмкіндік беру керектігін айтады. Белгілі бір топтардың айтағына еріп, ұйымдасып арыз жазып, жаңа ғана барлығын барлап, жаңашылдыққа ұмтылып жатқан басшыны орнынан кетіруге талпыныс жақсылық нышаны емес дейді мен жолыққан ұстаздар қауымы. «Біз бұрынғы министр Асхат Қанатұлына да жақсы үйреніп қалып едік. Ол да біраз жыртығымызды «жамап» еді. Жоғымызды түгендеп еді. Енді міне, жаңа Оқу-ағарту министрін де түртпектеу белең ала бастады. Осыны тоқтату керек, апай. Ғани Бектайұлына бастаған ісін, реформасын жалғастыруға мүмкіндік берсек, ол сенімді ақтай алса – қанатын қағар, сенімді ақтай алмай батпаққа батса – өз обалы өзіне сорлап қалар» деп Астанаға шығарып салғанын қалай ұмытайын? Оқу-ағарту министрі менің екі туып, бір қалғаным емес. Бірақ кейбір жаңашылдығы, өткір-өткір ой-пікірлері ұнайтыны рас. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демей ме қазақ? Мүмкіндік берейік, шама-шарқын көрейік! Қаншама жыл былыққа батқан, батпан-батпан тұралаған саласы көп министрлікті биік белеске көтеру кім келсе де оңай болмас. Одан да көп кемшіліктермен танысып, алды-артын бажайлап қалған осы министрдің ойға алған мақсатына жетуіне Ақорда да жылы шырай танытса, нұр үстіне нұр болар еді-ау.
Біз 32 жылда 18 министрді «атынан аударып» тастағанға мәзбіз. Иә, олардың ішінде білім саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар да болғаны жасырын емес. Кім келіп, кетпеді білім министрлігіне? Әкесінің «даңқымен», атасының «антымен» министр болған азаматтарды да көзіміз көрді. Біз министрлерге ата кегіміз кеткендей «атойлап», шулап жүргенде кей мектептерге педагогтер жетпей жатқанын ескермеппіз де!
5 желтоқсан күні Үкімет басшысы қазір колледждерде мұғалімдер тапшылығы барын және 5 мың педагог жетіспейтінін айтты. Жыл сайын 50 мыңға жуық жас маман университет бітірсе, олардың көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Осының өзінен-ақ ұстаздардың қадірінің кете бастағанын аңғару қиын емес.
«Мұның себептері әртүрлі. Десе де педагогтің беделі мен мәртебесін арттыру үшін заңнамалық тұрғыда көп жұмыс атқарылды. Мұғалімдердің жалақысын көтердік. Оларды қосымша жүктемелер мен артық есеп беруден босаттық. Ағартушылық салаға дарынды жастарды тарту бойынша кешенді шаралар қабылданды. Педагогикалық ЖОО-ға түсуге қойылатын талаптар күшейтілді. Мұның барлығы дұрыс. Педагогикалық ЖОО-ға түсу ұпайы қаншалықты жоғары болса, ең мықты талапкерлерді іріктеу мүмкіндігі де соншалықты арта түседі, – деді Әлихан Смайылов. Премьер-министр осыдан 5 жыл бұрын аталған мамандықтарға 50 балл жинау жеткілікті болса, қазір орташа балл 111 екенін тілге тиек етті. Алайда мектептерде оқыту процесінің күрделі болуы, шамадан тыс талап қою және қалыптасып қалған «бәріне мұғалім кінәлі» деген қоғамдық пікір осы мамандыққа деген қызығушылықты төмендетіп жіберді. Білім беру процесіндегі қиындықтардан басқа педагогтерге түсетін психологиялық жүктеме де бар. Әрине, проблемалар баршылық. Сол себепті, мемлекет мұғалім мамандығын қалайтын жастарды одан әрі қолдайды. Педагог мамандығы бойынша оқитын студенттер шәкіртақысы 2,5 есе ұлғайтылды», – деді Премьер-министр. Үкімет басшысы оқыту сапасын арттырып, педагогикалық ЖОО мен колледждердің студенттерін оқыту әдістемесін қайта қарау қажеттігі туралы министрлікке тапсырма берді.
Біз қит етсе билікті, Үкіметті кінәлауға дайын тұрамыз. Олар барлық жағдайды жасауға тырысып жатыр. Бар мәселе өзімізде екенін мойындай бермейміз. Әйтпесе мектептегі оқушылар арасындағы әлімжеттік, жақ-жақ болып төбелесу, ұстазын таяққа жығу, әйел мұғалімдерге ұл балалардың бағынбауы, оқушылардың электронды темекі шегуі, қыз балалардың жүкті болып қалуы т.б. толып жатқан келеңсіздіктерді, жамандықтарды мұғалімдердің кінәсі деу ақылға сыймайды. Ата-ана қайда? Олар неге ұл-қызының тағдырына немқұрайлы қарайды? Олай болса әр ата-ана бойжеткен, ержеткен ұлы мен қызын мектепке жетектеп алып келіп, жетектеп алып кетсін! Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш! Оқушының мектептегі қылығы мен сыртта жүргендегі мінез-құлқы әртүрлі болады. Осыны әр ата-ана ескеруі керек. Жауапкершіліктен қашпауы тиіс!
Тағы айтамын, білім ордаларында проблемалар жетеді. Мысалы ақылы мектептер туралы айтсам, көптеген теңсіздіктер анталап шыға келеді. Ақылы мектепте ақылды бала емес, қалтасында ақшасы көп ата-ананың баласы оқиды. Күнін әрең көріп жүрген қаймана қазақтың ол жерге баласы бара алмайды. Бұл өтірік пе?! Дамыған елдерді жиі айтамыз. Олардай болу үшін халыққа жақсы жағдай жасалуы тиіс қой. Әсерлеп айтсам, олар арғымаққа мініп шауып жүр. Біз әлі есек пен өгіздің үстінде келе жатқандай кептеміз ғой. Осыны ойлауға соншалықты көп ақыл керек пе? Шетелден оқып келген бай жігіттер айта береді. Меніңше, жеке көзқарасым бойынша жекеменшік мектептер түбімізге жетіп жатыр. Себебі алалау басым. Кедей мен бай арасы ашыла түсуде. Ауыл балаларына қиын. Үй-күйсіз жүрген (Астана маңында да толып жатыр), балабақша көрмеген қазақ балаларын кім ойлайды? Білім саласының да көп дүниесін эксперимент алаңына айналдырып біттік-ау.
Журналист Ардабек Солдатбайдың мына бір пікірі көңіл аударарлық екен. «Білім беру әлдеқашан үлкен бизнеске айналып кеткен. Шала-шарпы сауат ашып, ортаңқол оқушы болғың келсе, мемлекеттік мектепке бар. Ол жақта мұғалімдер білім берумен емес, жоғарыға есеп тапсырумен айналысады. Аз да болса білім алып, қанатым қатайып шықсын десең, жекеменшік мектептерге барасың. Қазір ондай мектептердің күнде біреуі ашылуда. Өте табысты. Өздерінің айтуынша, баланың бас сауытын ашып қояды да, миына керектің бәрін құйып береді. Яғни, бала бәсекеге қабілетті, білімді, тәлімді болып шығады. Тек, ақысын төлесеңіз болды. Бизнес пе? Бизнес. Адал кәсіп. Екі тарап та риза. Тек бір ғана мәселе көңілден шықпайды. Осы бизнесті ұйымдастырушылар, яғни мектеп иелері біз ұлт үшін жұмыс істеп жатырмыз деп жұрттан өздеріне айрықша құрмет, ерекше ілтипат талап етеді. Егер білім беруге бар ақшаңды шашып жатсаң, әңгіме жоқ, ұлт үшін дейміз. Ал, сен білім беру ісінен ақша, көп ақша жасап жатырсың ғой. Енді, ұлт үшін деп аспандатпай-ақ, бәрі өзім үшін, бала-шағам үшін деп шыныңды айтсаң болмай ма?!» – депті.
Жекеменшік мектепке кейін тоқталамын, жазамын, айтар уәжім аз емес. Халықтың да аманаты бар. Алайда осы жолда табанды күресіп жүрген, бар мақсат-мұраты ұлттық мектеп ашу Аятжан Ахметжанұлы жайлы айта кеткен дұрыс деп санаймын.
ҰЛТТЫҚ мектеп қалыптастыру жолындағы өлермендігі мен жанкештілігі үшін құрметтеймін. ҰЛТЖАНДЫ, ТАЛАПШЫЛ, ЕҢБЕКҚОР, БІЛІМДІ, ТӘЖІРИБЕЛІ азамат өз ісін дәлелдеп келеді. Осы ұлттық ұстанымы күшті жігіт елімізде 8 ұлттық лицей ашты. Солтүстік өңірлердің өзінде табандылығының арқасында біраз жетістікке жетті. Қаншама оқулықтар жазды, Алаш арыстарын дәріптеуден де кенде емес. Ұжымы бірліктің арқасында үлкен тірліктер жасауда! Бәрінің де көзінде от, сөздерінде маздаған шоқ бар!
Қатары көбейсе, «шымшық сойса да қасапшы сойсын», өз ісінің маманы ашқаны дұрыс. Билік осындай азаматтарға қолдау көрсету керек. Жекеменшік мектепке ерекше көңіл бөліп, заңды өзгертпесе, болашағымыз не болар екен?..
Жекеменшік мектептерге үміттен гөрі күдік басым...
ТҮЙІН:
Қазақ мектебінің өз нақышы, өз дәстүрі болмай, жаңашылдықтың ауылы алыс
Мақаламның басында «мектептегі директорларға мұғалімдер бағынбауы керек» деген білгіштердің пікірін келтірген едім. Соған сөздің реті келіп тұрғанда тағы өз көзқарасымды білдіре кетейін. Меніңше, қамқоршылық басқару деген мүлдем дұрыс емес. Ертең бармақ басты, көз қыстыға тура алып баратын төте жол осы. Олардың ішінде бірдемесін беріп алып, оны пұлдайтыны болады. Біраздан соң директорларға қысым жасауға көшеді. Мектепке қамқорлық жасағысы келгендер белгілі тәртіпке бағынып берерін берсін. Біраздан соң мектеп мемлекеттік мекеме екенін ұмытпауымыз керек. Әркім әр нәрсені сандырақтап қолданысқа енгізе берсе не болады? Батыс, Батыс деп мойын соза бермейік, біздің де өз тәртібіміз бар ғой. Біз әлі Батыстағыдай демократияға жетпедік. Жетуіміз де екіталай шығар. Санамызға әлі бірталай сілкініс керек. Кореяда жекеменшік мектеп жоқ, бәрі үкіметке қарайды. Өзге өңірлерді былай қойғанда, өзім тұратын Астанада 40 пайыз мектеп жекеменшіктікі (деп естідім). Шымкент пен Түркістан облысында жекеменшік мектеп саны облыстардағы рекорд. Сонда олар қай мемлекеттің саясатын ұстанады? Ресей ме, Америка ма? Қазақ тілін, ана тілін білмеген оқушы қай мемлекеттің азаматтары болып шығады? Бәрі жақсы дейік, Батысқа еліктейік, Америкаға табынайық, сонда өзіміздің менталитет, ұлттық дәстүр қайда қалады? Шетелдің тәсілдерін көбейтіп, әдістерін пайдаланып, оқушыларды соған бейімдеп, қазақы ұлттық педагогиканы жоғалтып алмаймыз ба? Жалпы осындай жолмен болашақ ұрпақ тәрбиелеген дұрыс па?
Бір оқырман әлеуметтік желідегі жазбаның астына мынадай пікір қалдырыпты: «Дамыған ел деп, шетелдерді мысалға келтірмей-ақ қойыңдар. Шетелден тек мейірімсіздік, сыбайлас жемқорлық сияқты жағымсыз әдеттерді ғана үйреніп жатырмыз. Мектептегі білімді жетілдіріп алыңдар, кейін ақша табу тетіктерін қосасыңдар. Керек болса мұғалімдердің білімі саяз. Ақшаны айтпаңдар, білімді айтыңдар. Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, әр ауылдың салты басқа, иттері қара қасқа деген. Қазақстанға Еуропаның жүйесін енгізе алмайсыңдар. Үкімет енді білімге көшті ма өзімен-өзі болсын деп. Әліппені алып тастап, балаларды мақау қылып, қайтадан әкелдіңдер ғой», – депті. Асығыстау жазылса да, арынды ой бар.
Тәртіп пен талап күшейсе, барлық сала да дамиды. Ол үшін сөзден іске көшіп, оң нәтижелерге иек арту керек. Жекеменшік мектептерге көшу білім сапасын арттырып жібереді дегенге де құлай сенбеу керек.
Үкіметтен қамқорлық бар, сол мүмкіндікті, бас-басына би болып, жан-жаққа тартқыламай, ұстаздар қауымы пайдаланып қалуы керек. Меніңше, ұлттық менталитет, ұлттық болмыс әр мектепке жетпей тұрған секілді. Кейде Кеңес кезіндегі бағдарламаны қайтарып, сол жүйемен оқытқан дұрыс па деп ойлаймын. Тым болмаса қажетті деген жерлерін бағдарламаға енгізуге не кедергі? Бұл ескіні көксегенім емес. Себебі оқушы диктант, мазмұндама жазатын. Бағдарлама бойынша оқығанын, көңіліне тоқығанын ауызша айтатын. Терең қаузайтын. Ойлау жүйесі кең болатын. Бүгінгідей тар шеңберге қамалып, тест бойынша «тақылдап» робот секілді бейғам отырмайтын. Ол кезде тәртіп те, білім де болатын. Қазір, ауыр болса да айтайын, қызыңнан ұят, ұлыңнан ар-намыс қашып барады. Не үйде, не түзде тәртіп көрмеген көргенсіздер өсіп келеді. Әл-Фараби бабамыз айтқан тәрбиесіз берілген білімнің ақыры осылай болатынын ешкім жоққа шығара қоймас.
Қазақ болудан бас тартсақ, ұлттық құндылықты құрдымға жіберсек, тіпті мектепте ұстаздар директорға бағынбаса, желкенсіз кеме секілді, бағытымыз, бағдарымыз белгісіз дүбара жұртқа айналып кетпейміз бе? Біздегі заңдар отбасы құндылығын одан әрі жоюға арналып жатқандай әсерге бөлейді мені. Тағы айтамын, мектептегі жүктеме өте ауыр. Мұғалімдерге қиын. Ол байғұстар оқушыға қарай ма, сабағына қарай ма? Кейбір қара көз балаларға, әсіресе үлкен қалаларда үйсіз-күйсіз жүрген отбасыларға мектепте баласын оқыту үлкен күш туғызуда. Біз болса жекеменшік мектептерді көбейтіп жатырмыз. Қазаққа жаны ашыған билік, халықтың әлеуметтік тұрмысын бір зерттеп алып, жекеменшік оқу ордаларын содан кейін көбейтсе де көштен қалмасы белгілі.
Мектепке телефон ұстап келуді шектейтін норма Парламентте биыл қайта ұсынылып отыр. Бұл тиімді ме? «Ауруын жасырған өледі» демекші, бұл да үлкен проблема екені даусыз. Әрине, мектепке мұғалімдердің өздерінен бастап ұялы телефон мүлдем ұстатуға тыйым салынса, мен қарсы емеспін. Оқушылар да алаңдаушылықтан арылып, сабаққа көңіл бұрары даусыз. Кейбір мұғалімдер сабақтарын дұрыс бермей, телефонға есі кетіп қарап отыратыны да жиі айтылады. Ал кейбір мұғалімдер сол телефон арқылы қарап сабақ түсіндіреді екен. Бұрынғы кезде телефонсыз сабақ өтіп, мұғалімдер сабақты жақсы түсіндіретін еді. Сондықтан бұл норманың енгізуін халық болып қолдауымыз керек-ақ.
Дамыған елдер жайлы өте көп айтамыз. Алайда біздің ел отыз жылда керісінше жемқор елдердің көш басында жүр. Өкінішті, әрине. Соңғы кездерде мектептердің өздері жемқорлық жүйеге бойсұнып барады. Директорлардың мұғалімдерден пара алатыны ашық айтылып жүр. Ставкалары да қомақты. Осындай жағдайда дамыған елдер туралы сөз айту, олардан үлгі алуға шақыру қаншалықты дұрыс шешім? Шетелге еліктеген дұрыс.
Олардың жолымен жүрсек, бәрі керемет болар еді дейін десең, қазіргі ахуал, діни, ұлттық, тағы да басқа факторлар ол жүйенің толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік бере қоймасы анық. Ертең 5 орыс мектебі мен 5 аралас мектеп біріге отырып, өздерінше жүйе құрып ала алатындай мүмкіндік берсек, олар бағынбай «өйтеміз, бүйтеміз» десе не болады? Осыны ойлаған жан бар ма? Бізде неше түрлі диаспора өкілдері тұрады, әркім өз мүддесін қорғай отырып, қалыптан шығады. Біз өз Мемлекеттік тілімізде мектеп санын көбейте алмай отырғанда мұндай жобалар қателік болып саналады. Шетелде ағылшын тек ағылшын тілінде, неміс тек неміс тілінде деген сияқты тәртіп ереже бар. Оқығың келсе, осы тілде оқисың. Ал біз бәріне құшақ жая мектеп ашып беріп, өз тілдерінде оқуына мүмкіндік жасап, нәтижесін енді көріп отырмыз. Өз қазағымызды өз тілінде оқыта алмай масқара болдық. Шетелдегі үрдіс дейміз бе, озығы мен тозығы бар заманға тап болдық. Қисыны келмейді. Біз қазір магнит сияқты, бар жақсы мен жаманды да тартып алып жабыстырып жатырмыз. Тек білім, ғылым жағы емес. Қынжылтарлық жайт осы, ағайын!
Мақаламды белгілі қазақстандық телевизиялық журналист Бейсен Құранбектің қойын дәптеріндегі мына жазбамен аяқтағалы отырмын. «Ар сақта! Намысты бол! Талаптан! Қарекет қыл! Тәуекел ет! Уәдеге берік бол! Мәрт бол! Ақылға сал! Қайратты бол! Жүрегіңді жылыт! Біліміңді көбейт! Өнерді үйрен! Мінезді бол! Еңбексүйгіш бол! Ана тіліңді біл! Ана тіліңді сүй! Арам мен адалды ажырат! Обалды ойла! Сауапты іс жаса! Салт-дәстүрді ұста! Өнер үйрен! Дәстүрді, мәдениетті игер! Ата тарихтан тәлім мен шабыт ал! Өзіңе, өзгелерге, айналаңа жақсылық жаса!» – депті марқұм. Бүгінгі қазақ баласы ұстануға тиіс пайым. Оқушы кезден көңілге түйіп, санасына қалыптастырып ер жетсе, құба-құп ақыл!
Жоғары рейтинг қуған білім ордалары көп. Осы рейтинг жоғымызды түгендеп бере ме? Жоғары рейтинг пен биік статус кімге керек? Оған ұмтыламыз деп жүріп, шынайы проблемаларға көз жұмып жатқан жоқпыз ба? Білім сапасын арттырудың, қордаланған мәселелерді шешудің орнына арзан атаққа алданып қалмадық па? Дамыған ел мен дамушы елдің қандай айырмашылығы барын шешіп алмай, төске шаба беру еш мемлекетке абырой әпермес. Білім ордалары ұлттық нақышта дамымай, ана тілін дамытпай, ата мен әженің тәрбиесі өрістемей, әке мен ананың балаға деген мейірімі күшеймей, тек мектеп қана баламды адам етіп шығарады деу – абсурд! Осыны терең түсінгенде ғана ұстаз бен ата-ана ымыраға келіп, құстың қос қанатындай оқушы баланы демеп, қияға қанат серметкенде ғана шуақты күндеріміз көбеймек, білім сапасы да арта түспек.
Биылғы бірлескен экспедициямызға Оқу-ағарту министрлігі де атсалысқанын жоғарыда жаздым. Бәрі басшыға байланысты нәрсе ғой. Әріден ойлаған адамға ұрпақ мәселесі, қазақ ұлтының келешегі бірлесіп іс еткенде ғана нәтиже бермек. Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді қашанда. Бірімізді-біріміз қорғамасақ, қолдамасақ, ауыл-елдегі мектептерге көңіл бөлмесек, іздемесек, бармасақ, бізге жақсы дүниені кім тауып береді? Тарихқа қарап отырсақ, кемеңгер мен данышпан, академик пен ғалым, ақын мен жазушы т.б. талант иелері ауылдан оқып, өніп, өсіп шыққан. Олай болса ауыл – біздің, қазақтың арқасүйер тірегі, тынбай соққан жүрегі!
Ел аралап жүргенде мектеп мұғалімдері мен ауылшаруашылық саласы шаруаларының бізге айтқан базыналары, министрге жеткізсеңіздер, Үкіметке жеткізсеңіздер деген аманаттары, уәждері жетерлік. Оны Астана қаласында қаңтар айының соңында болатын дәстүрлі дөңгелек үстелімізде айтатын боламыз. Ол жиынға арнайы шақырылатын «AMANAT» партиясының хатшылары, Ауылшаруашылық министрі мен қызметкерлері, Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен орынбасары, Оқу-ағарту министрі мен зиялы қауым өкілдері, Сенат, Мәжіліс депутаттары шақырылатын болады. Бұл дөңгелек үстел жылда өткізіліп келеді. Бір жыл бойғы экспедицияның есебі десек қателеспеймін. Сол жерде көптеген өзекті дүниелер айтылмақ. Сан алуан пікірлер мен сауалдарға жауап беріледі деген үміттеміз. Себебі аманатқа қиянат жоқ. Сосын ауыл мектебінің қала мектебімен арасына алтын көпір болу біз үшін үлкен арман! Ауылдағы мал баққан, егін еккен, бірді-екілі қарасын бағып күн көріп отырған ағайынның да өтініш-тілектері, субсидия, жер мәселесі, қымбатшылық т.б. толып жатқан проблемалары бір төбе!
Алматы қаласындағы «А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған қазақ орта мамандандырылған музыка мектеп-интернатында» директордың оқу-ағарту жөніндегі орынбасары болып қызмет істегендіктен, ауыл балаларының ой-өрісі, білім деңгейі, қарым-қабілеті маған өте таныс. Ел аралай жүріп бүгінгі білім саласына қатысты көңілге түйгенім де, білгенім де әжептәуір. Көп жылдық педагогтық тәжірибесі бар ұстаз ретінде бір-екі ауыз сөз айта кеткім келіп тұр.
1. Педагогтық мәртебені қайта қарайтын кез келді;
2. Вертикалды басқару жүйесі тиімді ме?
3. Ұлттық құндылықтарды пән ретінде оқу бағдарламаға қосу заман талабы. Ұлттық болмысты сақтап қалу үшін. Әлі де кеш емес;
4. Психологтардың сағатын көбейту де сұранысқа ие. Себебі оқушыларды интернет тәрбиелеп жатыр. Түрлі психикалық шабуылдарға тойтарыс керек;
Осы тәріздес ұсыныстар жетерлік. Бәрін жазып қойсам, не қызығы қалады? Көппен талқылаған кезде әлі де талай ойлар туары сөзсіз. Талап-тілектер де үстемелене айтыла жатар. Әзірге бәрі қағазға қатталып уақытын күтіп жатыр. Келер жылғы дөңгелек үстелде экспедиция қорытындыланып, ауылдағы мектептер мен қала мектептерінің арасындағы алшақтық та тілге тиек етілер. Дуалы ауызды игі жақсылардың пайымдары да есепке алынар. Білім саласына, мектепке талай сын айттым. Мұның бәрінің түйіні мен бағыты лауазымды орындарда жатыр. Қалай болғанда да айтылған көкейтесті мәселелерде нәтиже болуы тиіс. Оқу-ағарту министрі де ағынан жарылар. Сөйтіп, сынымыздан қорытынды шығар. Парламент депутаттары жиыннан соң ой-таразысына салып, Үкіметке депутаттық сауал жолдап, бізді қуантар. Осылайша «Келісіп пішкен тон келте болмайтынына» көзіміз жетер. Сол күнге аман-есен жетейік.
Осымен сөз тамам.
СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері