Семей қаласына әкім болып сайланғалы бері Бақытжан Байахметов тұрғындармен түрлі кездесулер ұйымдастырып келеді. Сондай жиынның бірінде арнайы кеңесте Абай облысын дамытудың түрлі аспектілері талқыланды.
«Маңызды мәселелердің бірі – қаланы жылумен қамту, сумен жабдықтау, су бұру және жолдарды жөндеу. Энергетика министрлігі жанынан Семей қаласын жылумен қамтамасыз ету мәселелерін қарау жөніндегі жұмыс комиссиясы құрылды. Оның жұмысы жемісті болады деп үміттенеміз», – деді Бақытжан Байахметов кеңеске қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ, 6 шағын ауданды дамытуға 2 млрд бөлінеді екен. Мұндай мәліметтерді Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов Нахаловка 14 шағын аудан, 905 құрылыс аудандарының, Цементшілер, Степной, Западный кенттерінің тұрғындарымен кездесуде келтірді.
Қала әкімі Бақытжан Байахметов:
«Қала әкімі қызметіне кіріскен сәттен бастап мен қала тұрғындарымен тұрақты түрде кездесулер өткіземін. Осы кезеңде 178 көшпелі кездесу өткізілді, оның 136-сы қалада, 42-сі ауылдық округтерде өтті.
Біз тұрғындармен кездесулердің қорытындысы бойынша Семей қаласының 2022 жылға арналған әлеуметтік тәуекелдер картасын құрастырдық. Аталған картаға сәйкес, 199 мәселе бюджеттен қаржыландыруды талап етеді», – деді кездесу барысында.