Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев: «Қазіргі таңда республика бойынша жергілікті әкімдіктерде екпе жұмыстарын істейтін 15 мың ветеринар бар. Олардың 500 штаттық орны бос тұр, әлі кісі алынбаған. Яғни, қазіргі таңда тапшылық 500 адам деңгейінде. Былтыр ветеринарлардың айлығын көтеру үшін Үкімет резервінен де ақша бөлінген. Өйткені бүгінгі таңда ауылшаруашылығы саласында ең төменгі еңбекақыны осы ветеринарлар алады. Бүкіл республика бюджетінен, Үкіметтің резервінен екпе жұмыстарын жүргізу аясында 6,1 млрд ақша бөлінген. Одан басқа жергілікті әкімдіктер де ақша бөлген, соның арқасында еңбекақылары 50 пайызға дейін көтерілді. Биыл 35-тен 50 пайызға дейін көтеру жоспарда бар»,– деді. Айта кетерлігі, бұған дейін вице-министр Әбілхайыр Тамабек биыл ветеринарлардың айлығы ішінара өсетінін айтқан-ды.