Дәрігер болу үшін мынадай қасиеттерге ие болу қажет: терең білім мен берік дағдылар; тез дұрыс шешім қабылдау қабілеті; жоғары еңбекке қабілеттілік; өзін-өзі ұстай білу және жоғары стрестік тұрақтылық; гуманизм, шыдамдылық, түсіністік, мейірімділік; жауапкершілік, адалдық, өзін-өзі жетілдіруге үнемі ізденісте болу қасиеттері керек. Сондықтан өз ісіне сеніммен, мейірімділікпен, табандылықпен қарай білетін жандарды нағыз дәрігер деп айтуға болады. Осы қасиеттерді молынан сіңірген дәрігер Арман Қажымұханов туралы айта кетсек болады. Қызылорла облысы Жаңақорған ауданында 1986 дүниеге келген ол бала шағынан болашақта дәрігер болуды армандайды. Сол арман жетегінде Алматы қаласыдағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне 2004 жылы түсіп, 2011 жылы бітірген. Қолына дипломы тие сала жас маман еңбек жолын Алматы қаласындағы емханада терапевт дәрігер болып бастайды. Қазіргі кезде 3 баланың әкесі, отбасының ұйтқысы болып отырған отағасы. Өзінің еңбек жолынан тәжірибелер жинақтай келе, ары қарай кәсіби шеберлігін дамыту жолында тынбай еңбек етіп келеді. Қайтадан білімін толықтыру, көп оқу сияқты дағдыларын ұштастыра отырып еңбектенуді талап етеді. Дәрігерлік мамандығына қоса Арман Қажымұқанов қайтадан квалификациялаудан өтіп, дәрігер кардиолог маманы болып жұмыс жасауда. Қазіргі кезде диагностика мен емдеудің жаңа заманауи әдістерін пайдалана отырып, туа біткен жүрек және қан тамырлары ақаулары, жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертония, созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігі және басқа да жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарға емдік іс-шаралар қолдана отырып жұмысын жауапкершілікпен жасап келеді. Өз мамандығын жетік білгендіктен емделушілердің алғыстарын жиі алып, оларды мейірімділікпен, кәсіби шеберлікпен емдеп, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, қолынан келгенше көмек көрсетіп келе жатқан білікті дәрігер деп айтуға болады. Осылайша ақжарқын келбетімен, кеңпейілділігімен адам жанын баурап алып, науқасты ауруынан айықтыру үшін сөзімен де, емімен де еңбек сіңіріп келе жатқан абзал жан. Дәрігер мамандығының қыр-сырын меңгеріп, осы қиын жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігерлерді халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Себебі, әр адам дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның денінің саулығы мен амандығына ақ халатты абзал жандарымыз жауапты. Ғаламтор беттерін ашып қалсаң, «жас болса да өз мамандығын сүйіп жұмыс жасайтын, еңбегіне адал дәрігер Арманға айтар алғысымыз шексіз» деп, Арман Қажымұхановқа емделушілер алғыстарын жаудыруда. Елімізде Арман секілді кәсіби шеберлігі мықты маман иелері артып, халқымыздың дендері сау болсын деп тілейміз.
Аяужан ЖАЙЛАУҚЫЗЫ,
Алматы қаласы