КВАДРОБЕР – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА ҚАУІПТІ ДЕРТ

КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ

Жаһандану заманы ғаламды тығырыққа тіреп, адамдарды  ұлттық құндылығынан – тамырынан ажыратуға бар күшін салуда.  Ол үшін ер мен әйелді теңестіріп, құқықтарын заңдастырып әлек. Соның жемісі –  «Раушан коммунистер» көбейді.  Ер түгілі еліне, салт-дәстүріне  түкіргендер қарасы молайды. 

Әлеуметтік желіде «өзің үшін бала ту, ата-енеге қарап, жас ғұмырыңды құртпа», «Сыланып, сипанып жүр, фигураңды жоғалтпа», «шұбыртып бала таба беруге сен міндетті емессің», «Күйеуіңе бас ұра берме, сенің құқың онымен тең» деп «уағыз» айтатындардан аяқ алып жүру қиын.   Алла Тағала нақтылап берген ер мен әйелдің орны ауыса бастады осылайша. Гендерлік саясат та өз дегенін жасап бағуда. Қазақстан ажырасудан әлемдік статистикада алдыңғы ондықтың ішінде жүр. Бұған бей-жай қарауға болмайды. Ең сорақысы батыстан, Америкадан жеткен «адами құндылықтар» баланы да есіртуде. Оған да құқық беріп, әке мен шеше баласына «әй» деп айтуға қорқып отыр. Балаңды түртіп көр, абақтыдан бір-ақ шығасың. Өз балаңа өзің кіріптарсың. Әкеден қаймығатын ұл, шешеден сескенетін қыз қалмай барады. Бұдан кейін қатын мен бала есірмегенде қайтеді? Дана қазақ мұндайда «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» деп түңілетін болған.  Еліктегіш қазақ мұның бәріне тез бейімделіп,  «уралап» қолдауға дайын топтар төбе көрсете бастағаны қынжылтады. Қайда барсақ та Қорқыттың көрі болып тұр. ЛГБТ, феминистер анау, күнде шеруге шығып, өз құқықтарын талап етуден таймай тұрған. 

 

2 миллионға жуық қыз-жігіт отбасы құруға асықпайды

 

Бүгінгі қоғамда саналы ата мен әже, ақылды әке мен шеше бойдақ ұл мен кәрі қыздың көбейгеніне алаңдаулы. Өткен жылы 2 миллионға жуық қазақстандықтың отбасын құруға асықпайтыны айтылды. Ұлттық статистика бюросы 230 мыңға жуық басы бос қыздың Түркістан облысында тұратынын мәлім етті. Солтүстік Қазақстан облысында тұрмыс құрмаған 45 мың әйел бар. Бұл көрсеткіш Алматыда да жоғары. Мұның бәрі демографияға әсер ететіні даусыз... Ата дәстүрден алыстап едік, көрген күніміз осы!

Мұның бәрі  иманның бойдан жоғалуынан. Балаға имани, дәстүрге сай тағылымды тәрбие бере алмауымыздан. Ана тілінен жерінген, сөйтіп ұлттық болмысынан бөлінген ұрпақтың көптігі де қазақтығымызға соққы болып тиіп тұр. Қайда бара жатырмыз? Біреудің қаңсығы біреуге таңсық деген рас-ау.  Әйтпесе еріне арқа сүйеген ана, әке мен шешенің алдынан кесіп өтпеген бала, қазақы тәрбиенің сөлін ішкен ұрпақ жаман болып па еді?

Ұлттық құндылықты дәріптеп, салт-сананы әлпештеп өтейік деп қаншама мақала жаздым. Билікке де дат айттым. Кейде жұмсақ, кейде қатты айттым. «Баяғы жартас – бір жартас» демей-ақ қояйын, бірақ билік тарапынан жалпы қолдау байқалмайды. Ұлттық идеологияға жауапты кісілер бейқам отырғандай әсерге бөлейді.  Қазақ баласы азғындап барады. Бұлай жалғаса берсе, арты – қасірет! Ұлттың жойылуына апаратын қадам. 

Естімеген елде көп. Осы күнге дейін көргеніміздің бәрі аздай, квадроберлер деген пәле шықты. Бұны бұрын ойын деуші едік, енді жойқын күші бар проблемаға айналып барады. Енді сақтанбасақ, ұлт болып қалуымыз қиын. Тарыдай шашылуымыз оңай! Әр қазақ отбасы шаңырағына берік болмаса, ұл-қыздарына абай болмаса,  ата-баба жолымен тәлімді тәрбие бермесе, жар шетіне келіп қалдық. Мемлекет басындағыларға да  өкпелей беру орынсыз болар. Олардың да шаруасы шаш етектен. Олардың да біреуі  сақау, біреуі мақау! Біреуі ұлттық құндылықтан жұрдай, басшының алдында жорғалайды құрдай. Әрине, ұлтқа жаны ашитын, жүрегі ауыратын азаматтар ол жерде де баршылық. Тек олардың қолында билік, бәлкім игілік жоқ. Содан да олар үнсіз, тілсіз! 

Біртуар Майқы бидің «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, бірлігің кетсе, нең қалар?» деген нақыл сөзі бар. Қабырғалы халқымыз үшін қай кезде де бірліктен, тұтастықтан артық дүние жоқ. Бектер кетеді, ел қалады. Қай заманда да солай болған, солай бола бермек. Ендеше ұлтты сақтау әр қазақтың өз қолында! Ол үшін иманды, ибалы ұл мен қыз, салт-дәстүрге бекем  ұрпақ өсіру қазақ үшін керек. 

 

Бұл – адамның  өз еркімен жануарға айналуы

 

Сонымен квадроберлер деген не? Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – адамдардың жануарға айналуы. Бұл көбіне жасөспірімдер арасында белең алып жатыр. Мұны кәдімгі дерт, қоғам ауруы десе де болады. Олар адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде өздерін жануарларға теңеп, төрт аяқтап жүріп, жануар кейпіндегі бетпердемен жүреді. Итше, мысықша өмір кешіп, соларды дыбыстайды. Мәшһүрше айтқанда, «Атайын десең – аң емес, сояйын десең – мал еместің» дәл өзі.

Бұл бәлені өзімізде ұлттық деңгейде, мемлекеттік өреде жиі-жиі жарнамалап, енді соның зардабын тартпасақ жарар еді. Мысалы балабақшада балалардың бетіне бетперде кигізіп біресе мысық, біресе қой қылып өргізіп ойнатады. Мемлекеттік деңгейде тойлайтын жаңа жылымыз да осы   квадроберге негізделген. Бала біткен аң мен құстың бетпердесін киіп, бірін-бірі қуалап, мәз болып жүреді. Оның астарына терең үңілген бір қазақ бар ма? Жоқ. Себебі арамза қулар арам ойларын бала санасына құю үшін түрлі әдіс-тәсілдерді меңгерген.  Ойын баласы түгілі, ақыл тоқтатқан ересек адамның өзі бұл ойындардың бала психологиясына әсер етерін білмеген. Енді келіп соның зардабын тарта бастадық. 

Осыдан бір-екі  апта бұрын жолда жүріп, депутат Дәулет Мұқаевтың квадроберлерге қатысты заң шығаруды ұсынғанын естідім. Мәжіліс депутаты өзінің instagram парақшасында қазір балалар мен жасөспірімдер арасында белең алып жатқан квадроберлер жайлы сөз қозғапты. 

«Құрметті ата-аналар, оқырман! Сіздерге айтатын маңызды ақпаратым бар. Квадробер деген терминді естіп жатқан шығарсыздар. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – адамдардың жануарға айналуы. Бұл көбіне жасөспірімдер арасында белең алып жатыр. Бұл кәдімгі дерт, қоғам ауруы десе де болады. Қазірден бастап алдын алмасақ, ертеңгі күні ұрпақтың тамырына балта шауып алуымыз мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдар, жасөспірімдер жануарға еліктейді, төрт аяқтап жүреді, солар секілді өмір сүреді, секіреді, тіпті көшеде жүрсеңіз, сізді тырнап, тістеп алу қаупі де бар. Бұл Еуропада да, АҚШ-та да белең алып жатыр. Сондай-ақ тіпті Ресейде де, Өзбекстанда да тіркелген жағдайлар бар. Сондықтан барынша сақ болайық», – деп ескертті ол. Иә, бұл бәленің қаупі зор. Сыртқы жаулар енді балаларды  адастыруға көшті. Алдап, арбап бала қиялына тұзақ құра бастады. Базарға барыңыз, толып жатқан супермаркеттерге кіріңіз, жолбарыс пен мысықтың, қасқыр мен иттің маскасы, матадан тігілген «дене мүшелері» көптеп сатылуда. Аңқау қазақ бала тыныштығын ойлап, осы жыламасын деген ниетпен сатып алуда. Оның арты баланың ит болып ырылдауына, қасқыр болып ұлуына, ата-анасына жолбарыс болып қарсы шығуына апарып соғуда. Бізге ендігі жетпегені осы еді. Ұрпақты азғындатудың тағы бір жолы шықты. Бекем бол, қазақ!

Депутат квадроберлердің әрекетін тиісті орындар мұқият зерттеу керектігін, қажет жағдайда Парламент арнайы заң шығаруға да дайын екенін айтты. «Президент үнемі айтатындай, тәртіп пен заң керек. Бізде мұндай квадроберлерге байланысты заң шығару керек те шығар. Себебі бұл аурудың, яғни дерттің алдын алмасақ, ертеңгі күні өзіміз опық жейтін боламыз. Және де айтарым, дәл осы квадроберлердің әрекетін құзырлы органдар тексеріске алу керек. Ал ата-аналарға айтарым –  балаларыңызбен міндетті түрде сөйлесіңіздер, дос болыңыздар, араласыңыздар, көңіл бөліңіздер. Себебі мұның артында үлкен бір күштер де тұруы мүмкін. Балаларыңыздың жануарға айналуы ақылға қонымсыз нәрсе, бірақ, өкінішке қарай, сондай болып жатыр. Мен сіздерге ескерту ретінде айтып отырмын. Сондықтан да барлығымыз бірге әрекет етейік. Мұның артында үлкен индустрия тұр. Елдер сол жануарға еліктеп, киімін алады, құйрық жалғап алады, одан кейін, тіпті соның тамағын да жейді екен. Бұл – қоғам дерті. Ол қоғамға қауіпті», – дейді Дәулет Мұқаев видеода. Меніңше, депутаттың жанайқайын билік те қолдайды деп ойлаймын. Қолдауы да керек. Салиқалы ұрпақ өсіру үшін. Қазақ ұлтын сақтап қалу үшін. 

 

 

Одан құтылу үшін  не істеу керек?

 

Мысалы Ресейде квадроберлермен күресу үшін іс-шаралар қабылдауға нақты қадамдар жасалуда. Еске салайық, Ресей ардагерлері ұйымы Ресейдің Бас прокуроры Игорь Красновқа балалар мен жасөспірімдер арасында квадробинг деп аталатын әуестіктің таралуын тоқтату туралы өтініш жіберді. Біздің ақсақалдар мен ардагерлер әзірге үнсіз. Жер бауырлап келе жатқан әбжылан саясаттың қауіп-қатерінен бейхабар секілді. Әйтпесе аттандап өре түрегелетін кез туды. 

Ресейлік ардагерлер ұйымы Ресейдің Бас прокурорына квадробингке байланысты тауарларды ірі маркетплейстерде және бөлшек сауда желілерінде сатудың заңдылығын тексеруді, балаларды квадробингке тартуды қолдайтын және ынталандыратын ата-аналарға қатысты жауапкершілік шараларын енгізуді,  ол бәлені мүмкіндігінше зерттеуді, сондай-ақ жаңа құбылыстың зиянды салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етіп отыр. Демек бұл – асқына бастаған ауру. Бала психологиясына зияны шаш етектен екені анық.

«Мұндай шаралар отбасылық құндылықтарды сақтауға және нығайтуға және қоғамымызды осындай қауіпті ағымдардан қорғауға оң әсер ететініне сенімдіміз», – делінген Бүкілресейлік қозғалыстың үндеуінде де.

Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда ІІМ квадроберлердің ата-аналарына айыппұл салуды қолға алыпты. Демек, қауіп қыр астында. Онда неге біздің мемлекет үнсіз отыр.

Өзбекстан Ішкі істер министрлігі балалар арасында квадробика деп аталатын субмәдениеттің көрінісі ата-аналардың өз міндеттерін орындамауы ретінде қарастырылатынын ескерткен.  «Әкімшілік жауапкершілік туралы Кодекске сәйкес, бұл үшін бес базалық есептік шамаға дейін – 1,875 миллион сомаға дейін айыппұл қарастырылған», – делінген хабарламада. Ал керек болса!

Сәл ғана түсінік бере кетейін.

Квадроберлер жайлы не белгілі?

Квадробика (латынша quattuor – төрт және ағылшынша aerobics – аэробика) – адамдар жануарлардың қозғалысын қайталап, төрт аяқтап жүретін спорттың ресми емес түрі. Адамдар квадробика кезінде жануарлардың маскасы мен құйрығын пайдаланады. Осылайша, олар мысық, түлкі, қасқыр сияқты киінеді. Бір жағынан бұл қиын акробатика, ал бір жағынан – бұл біртүрлі әуестік кейде шектен шығып, ақылға қонымсыз әрекетке айналады.

Енді мынаған қараңыз. Әбден ит пен мысықтың «образына енген» квадроберлер тек сыртқы кейіптерін ғана өзгертіп қоймай, иттерге тән әрекеттер жасап, адамдарға шабуылдау, яғни тырнау, тістеу фактілері де кездескен. Дәл бұл оқиғалар көрші Ресей және Өзбекстан елдерінде тіркеліп үлгерген. Бұл – бұл ма?!  Әлеуметтік желілерде квадробер болуды үйрететін арнайы топтар, жабық арналар пайда болып, арнайы сабақтар да ұйымдастырып жатқан көрінеді. Бұл бір қарағанда балалық қылық деп қабылдағанмен, балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізіп, шектен шығып бара жатқан «ойын». Ең сорақысы батыс елдеріндегі жағдай мүлдем күрделі, балалар сабақта сөйлеуден бас тартып, жануарша дыбыстауды әдетке айналдырып алғандары кездескен. 

Ал біздің ел, билік жайбарақат отыр. Көршілеріміз жанталасып жатыр. Депутаттың жанайқайы дұрыс. Оны халық болып қолдауымыз керек. 

Бәріміз де бала өсіріп отырмыз. Қауіптің алдын алмасақ, ертеңіміз бұлыңғыр. Болашағымыз күңгірт. Әр қазақ, әр отбасы балаға ойыншық алғанда абай болуы тиіс. Бала психологиясы – күрделі процесс. Бала қиялы еліктегіш. 

Қай-қайсысымыздың болмасын үйіміздегі балаларымыздың бірі үстеріне жамылғы жамылып, «Черный плащ» болып зыр жүгіріп, айғайлап жатса, бірі «Ниндзя-Черепаха» болып, қылышын сумаңдатып жатады, енді бірі «Супермен» болып, алқымыңнан алады, тағы бірі «Өрмекші адам» болып тыным таппайды. Мұның себебі де жоқ емес. Өйткені олардың сана-сезімін, бүтін психологиясын не адам бейнесіндегі емес, не құбыжық емес қалыптағы бейнелер жаулап алған. Ал оған тосқауыл боларлық деңгейдегі ұлттық өнімдеріміз жоқтың қасы. Бар, бірақ жарнамалануы, көрсетілуі нашар.

Жаһандану үрдісі белең алған шақта Батыстан келіп жатқан анимациялық фильмдер де жас ұрпағымыздың санасын улауда. Қайсыбір шетелдік мультфильмді қарасаңыз  да балаларды  қызықтыру үшін барлық жағдайды ойластырған. Тіпті балалар түгілі ересектердің өзін еріксіз баурап алады. Осыдан барып сана-сезімі, өзіндік ұстанымы әлі қалыптасып үлгермеген балалардың мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Күндіз-түні жағымсыз әсердегі фильмдер мен ағыл-тегіл ағылған қанды  көрген,  ит  пен мысықтың «келбетіне» еніп квадроберге айналған,  содан тәрбие алып өскен ұрпақ не болмақ? Жастарға қатысты сөз қозғала қалса, «өскелең  ұрпақ жігерсіз, намыссыз, ұлтжандылықтан жұрдай» деп кінә артамыз. Бірақ оның  себеп-салдарына  мән  бермейміз. Себебі  батыстың  былапыт дүниесі біздің жастарға тәрбие құралы  болып  отырған жайы бар. 

 

P.S. Газетіміз бұл мәселе жөнінде қосымша екі-үш ай бұрын дабыл қаққанбыз. «Киелі мекенді қорлап, Алаш баласын мазақ еткендерге жаза бар ма?» деген сұраулы тақырыппен («Qazaqstan dauiri»  газеті,  №32, 10 тамыз 2024 жыл. https://qazdauiri.kz/news/kieli-mekendi-qorlapalas-balasyn-mazaq-etkenderge-zaza-bar-ma) бір қызымыздың екі итті «үйлендіргені» туралы келеңсіз жайтты түңіле жазғанбыз. Сондай-ақ біздің сайтымызда (elana.kz)  мысықтардың тұсауын кескендерді бір түйреп өткенбіз. Бұл жүрек ауыртқан жайға, дабылымызға билік тырс етіп үндеген жоқ. Тағы да немқұрай-дылық, бойкүйездік  танытты.  Бүгінгі жарияланып отырған мақаламызға да осындай пейіл таныта ма деген қорқыныш бар. 

Әлі де кеш емес. Ойланайық, ағайын!

Сәуле Мешітбайқызы
21.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 43
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 574
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 688
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 603
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 612

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8749
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8149
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11378
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9132
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10363