Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мемлекетінің Габала қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитіне қатысты және алқалы отырыста сөз сөйледі.
Ел Президенті ең алдымен, ерекше қонақжайлық көрсеткені үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ризашылығын білдіріп, бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша, күн тәртібі өзекті екенін айтты.
– Түбі бір түркі жұртының тарихы – тамырлас, халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар деп үнемі айтып жатырмыз. Мұның бәрі – берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымағымыздың алтын арқауы. Жақында елдеріміз «Түркі халықтарының ынтымақтастық күнін» атап өтті. Бұл – бірлігімізді бекемдей түсетін маңызды мереке. Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы достас халықтардың басын қосқан мәртебелі әрі беделді құрылымға айналды. Былтырдан бері Ұйымға құрметті Президент Садыр Жапаров бастаған қырғыз елі тиімді төрағалық етті. Қырғыз тарапына ризашылығымызды білдіреміз. Енді төрағалық құрметті Ильхам Гейдар оглудың басшылығымен Әзербайжан тарапына беріледі. Алдағы уақытта да Ұйымымыздың абырой-беделі арта түседі деп сенеміз, – деді Президент.
Бұл саммитте ел президенті ғаламдық проблемаларды, күрделі мәселелерді, саяси жағдайларды да тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында түркі халықтарының тұтастығы мен ынтымағын нығайта түсуге шақырды.
– Әзербайжанның әйгілі ақыны әрі осы тарихи жердің тумасы Бахтияр Вахабзаденің «Түріктің түрікке дұшпандық жасауға хақысы жоқ!» деген өсиеті бар. Біз аға буынның ұлағатты сөздерін жадымызда сақтап, түркілердің түбі бір туыс, бірлігі бекем бауыр екенін бүкіл әлемге паш етіп келеміз, – деді ол.
Мемлекет басшысы Ұйымға төрағалық ететін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке мол табыс және сәттілік тіледі.