ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ

ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ

Қызылорда облысы Жалағаш ауданының орталығы Жалағаш кентінде арнайы әскери киім-кешек, сауыткеудеше, сарбаздың темір дулығасын шығаратын зауыт бар десе, ешкім сене қоймайды. Әрине, бұл заңдылық, көзбен көрмегесін, қолмен ұстамағасын солай болатыны рас. «Үлкен қала, облыс орталығы емес, алақандай Жалағаштағы ол қандай зауыт?!» – деп таңданғандар болған. 

Ал, шын мәнінде, осындай зауыттың бары ақиқат. Бұл – бүгінгі күні негізі қаланып, жұмыс істей бастағанына он жыл болған «Өркен Әлем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жалағаштағы филиалы. Зауыттың негізін қалаушы – белгілі кәсіпкер азамат Әбесінов Ержан Серікұлы. Ал, филиал директоры – бүгінгі әңгімемізге арқау еткелі отырған Жақсылық Нұрбайұлы Өзденбаев. Ол талай саңлақтарды  дүниеге әкелген сұлу Сырдың бір пұшпағы Қызылорда облысының Жалағаш қыстағында 1967 жылы ұлыстың ұлы күні 22 наурызда дүниеге келді. 

2009 жылдан әскери құрылыс саласында жұмыс істеді. Әскери нысандардың құрылысын басқарды. «Өркен Әлем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Әбесінов Ержан Серікұлымен осы әскери нысандардың құрылысында жүргенде  танысып еді. Павлодардың тумасы, білікті басшы Ержанмен танысуының өзі бір хикая. Өз кәсібінде қандай да бер жетістіктерге жетсе, осы азаматтың арқасы деп біледі.

«Асарстройсервис» мекемесінде жұмыс істеп жүргенде қармақшылық Жарқын деген жігітпен танысқан. Жарқын бұлардың құрылыс нысандарына келіп, өзінің жүк көліктерімен құрылыс қалдықтарын шығару жұмыстарын атқарып жүретін. Кейін «Асарстройсервисте» жұмыс қысқарып, Жақсылық еңбек демалысын алып кеткен. Бір күні Жарқын хабарласты. «Жәке, біз бір жұмысты бастап жатыр едік, әскери салада істейтін бір ағам бар еді, сол кісінің жобасы бойынша Қапшағай мен Сарыөзектің ортасындағы Шеңгелдіде бір әскери бөлімді қайта тұрғызу керек. Осы жұмыстарға келсең қайтеді?» – деді амандық-саулықтан кейін бірден іске көшіп. Шеңгелдідегі кезінде дүркіреген әскери бөлім, КСРО күйреп, ел тәуелсіздік алған тұста тарап, егесіз, қараусыз қалған екен. Бұлар әскери бөлімдегі нысандарды қайта жөндеуден өткізіп, бір ай мерзімде толық қалпына келтірді. 

2009 жылдың 29 қарашасында Жарқыннан тағы хабар келді. Жұмысқа шақырыпты, бұл жолғы жоба – Жамбыл облысында Құландыдағы әскери бөлімге қырық танкке жай салу керек екен. Жігіттерін ертіп алып, Жамбылға тартып кетті. Аталған құрылысты тура 21 күнде бітіріп, тиісті кісілерге тапсырды. 2010 жылы тағы бір әскери құрылысты аяқтады. 

Осы аталған құрылыс нысандарының басы-қасында барлық ұйымдастыру жұмыстарында Ержанның өзі жүрді. Әскери саланың білікті маманы, әскери шені капитан, кәсіби десантшы Әбесінов Ержан Серікұлымен  осылай танысқан.

 

Сол уақыттан бері Ержанмен бірге жұмыс істеп келе жатқанына 15 жыл болыпты. Өздері екі ағайынды, үш баланың әкесі Ержан Павлодардың  Ақтоғай ауылында қарапайым отбасынан шыққан жігіт. Алматыдағы әскери институтты бітіргесін бірден әскери салада қызмет атқарды. Ол бүкіл саналы ғұмырын осы салаға арнады десе де болғандай. Оның бойындағы Жақсылыққа  ерекше бір ұнайтын қасиеті – алдына қойған мақсатына жеткенше тынбайтын жігерлілігі, кез келген қиындықтан жол табатын іскерлігі, досқа адалдығы еді. Бірге қызметтес болған жылдары бұған әбден көзі жетті. Талай қиын сәттерде Ержанның тығырықтан алып шыққанын қалай ұмытсын!

Серіктестік директоры Борис Александрович Бабин де құдай берген азамат. Ұлты басқа болғанмен, жүрегі бір, тілегі бір Борис қай кезде де қолдау-көмегін аяған емес. Жалпы бұларды «Сәтті үштік» деп атаса да болар еді. Бұл үш азамат бірін-бірі қолдап, қуаттап жұмыс істеп келеді. 

Әлі есінде, осы жұмысты бастаған алғашқы жылдары жоғарыдағы құзырлы орындардан 22 комиссия келіпті, әрине, солардың бәрі бұлардың үстінен қарша боратқан арыздың ізімен келген. Бір таңданғаны сондай күндерде де Ержанның саспайтын сабырлылығы еді. «Ешқандай абыржу болмасын, ең бастысы жұмыстарыңды адал атқарыңдар, бәрі жақсы болады!» – деп бұларды сабырға шақырып, жұмысшы-қызметкерлердің көңіл күйіне серпін береді. 

Бірде мынадай жағдай болды. 2019 жылы ақпан айында Қорғаныс министрлігінен сарбаздың оқтан, жарықшақтан қорғайтын дулығаға тапсырысын ұтып алды. Келісімшарт бойынша 30 қарашада тапсыру керек. Бірақ бұлардың үстінен жазылған бірнеше арыздарға байланысты тиісті қаржы аударылмады. Уақыт болса өтіп барады. Белгіленген мерзімде тапсырмаса тағы болмайды. Шикізатты алып келеді, оны дайындайды, тігеді, бұл жұмыстар бірталай уақыт алатын. Сонымен не керек, ақпан айында аударылуға тиісті қаржы қыркүйек айында аударылды. Арғы жағында қалған екі ай:  қазан, қараша. Тоғыз айда істейтін жұмысты екі айда бітіріп, тапсыру керек. Адамның мүмкіндігі шексіз ғой, азаматтар, тігінші қыз-келіншектер екі ай күнімен, түнімен жұмыс істеді.

 Жақсылық әдетте қыз-келіншектер не дегенмен нәзік жанды, ер-азаматтарға қарағанда әлсіз, осалдау деп ойлайтын. Осы екі айда ол ойының жаңсақ екеніне көзі жетті. Нағыз мықтылар осы қыз-келіншектер екен. Үйінің тіршілігі бар, отағасы мен балалары бар, солай бола тұрса да осы екі айда ер-азаматтармен бірдей жүріп, жұмыс істеді.

Соның өзінде үлгермейтін болғасын облыс әкіміне кіріп, Қорғаныс министрлігімен хабарласып, қосымша 15 күн қосымша мерзім алды. Сөйтіп, 15 желтоқсанда өнімді тапсырды-ау. Осындай қиын күндерде жұмыстың басында Ержан Серікұлы өзі жүріп еді.   

 

***

Сәл шегініс жасайық. 2014 жылы аудан әкімінің орынбасары Дәрібаев Алтынбек хабарласты. Бұл кезде Жақсылық Алматыда жүр еді. «Жәке, кәсіппен айналысып жүрсіз, ауылда кәсіпкерлерге жағдай жасалып, арнайы индустриалды аймақ ашылып жатыр. Елге келіп, жұмыс істесеңізші», – деді амандық-саулықтан кейін. Алтынбектің ұсынысына ойланды. «Расында елге де бір пайдам тиетін уақыт болған жоқ па? Осы уақытқа дейін сыртта жүріппін, елге де жұмыс істейін» деген ой келді. 

Сонымен елге келді. Алдымен электр қуатын үнемдейтін электродиодтық лампалар құрастыратын цех ашу жөнінде жоба жасалды, жер рәсімделді. 2015 жылы 9 қыркүйек күні цехтің ашылу рәсімі болды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі келіп, салтанатты рәсімге қатысты. Жұмыс басталып-ақ кеткен. Лампалардың детальдарын алдырып, алғашқы лек өнім шығып, пайдалануға берілді. Бірақ әрі қарай жұмыс жүрмеді, оның түрлі себептері болды. Оның ең бастысы рынок болмады. «Тұреке, бұл жерде түрлі себептер болды, бірақ оның бәрін айта беріп қайтеміз», – дейді Жақсылық жымия күлімсіреп. Соған қарағанда кәдімгі сауда, кәсіптегі біз біле бермейтін де жағдайлар болған болу керек. Оны әрі қарай қазбалай беруді жөн көрмедім. 

Бірақ бұл Жақсылықты жасытпады. Жаңа шешімдер қабылдауға тура келді. 2015 жылдың соңында әскери жабдықтар жасайтын цех болып, қайта жабдықталды. Бұл жұмыс алдымен Өскемен қаласында басталды. Ауылдан өзіне сенімді жігіттерді алып, Өскемен қаласына келгенде мамырдың мамыражай әдемі күндері болатын. Өскеменде жергілікті жердің азаматтарымен, ресейлік мамандармен бірлесіп, жұмысты бастады. Әскери киім-кешек, басқа да жабдықтар шығаратын цехтың негізі қаланып, қажетті жабдықтармен жарақтандырылып, конвейер жұмысқа қосуға дайын еді. Алайда нақ осы кезде жергілікті азаматтармен жұмыс шарттарына байланысты келіспеушіліктер туындамасы бар ма? Қай кезде де бизнесте даулы мәселелер болып тұратыны белгілі, адам пенденің пендешілігі де қалмайды. Бұл жерде де сондай жағдайлар болды. Бойға біткен сабырлы қалпынан танбайтын Жақсылық жағдайды ушықтырмай, ешкіммен кикілжіңге бармай, «Жігіттер, рақмет, жұмыстарыңа сәттілік!» – деді де, өз жігіттерін ертіп, Алматыға қайтты. Ойы – құрылтайшы Ержан Серікұлымен ақылдасу. Ержанның тығырықтан жол табатынына сенеді.

Осы кезде ауылдан әкесі қоңырау шалды. Амандық-саулықтан соң: «Балам, ауылда бастаған жұмыстарың аяқсыз қалды, сен осы Үкіметтен ақша алып, қашып жүрген жоқсың ба?» – деп сұрамасы бар ма. Жақсылық күлді: «Әке-ау, бұны  қайдан шығарып жүрсіз, мен Үкіметтен бір тиын да ақша алғаным жоқ, ол жұмыстарды өз қаржыма бастадым, уайымдамаңыз», – деді. Сөйтсе, жағдай былай болған екен, ауылда әкесі бір асқа барғанда ақсақал, қарасақалы бар бір әңгіменің орайында: «Ой, қазір балалардың жұмысы берекесіз болатын болды ғой, басын бастайды, аяғын тастайды. Сенің балаң да ана бір жұмысты бастап еді, сол аяқсыз қалды, соның аяғы не болды өзі, Үкіметтің ақшасын қайтара алмай, қашып жүрген жоқ па?» – деп бір әңгіменің шетін шығарып қояды. Нұрбай ақсақалдың: «Ойпырым-ай, мыналар не дейді-ау?!» – деп уайымдап хабарласқаны сол екен. Расында Жақсылық жалпы сметалық құны 98 миллион теңге болатын бұл жобаны Ержанның көмегімен Үкіметтен ешқандай ақша алмай, өз қаржысына бастаған. 

Нұрбай ақсақал әңгімесінің соңында: «Балам, ол жақтағы жұмыстарың не болып жатыр, реті келсе мына ауылдағы жұмысыңды аяқта, расында басын бастап, аяғын тастап кеттіңдер. Бұл дұрыс адамның жұмысы емес, берекесіздің жұмысы», – деп, бұлардың ауылға келгенін қалайтынын білдірді. 

 

Ауылға келіп, бастаған ісін аяқтау Жақсылықтың өзінің де ойында жүрген. Бұл жөнінде құрылтайшымен де келіскен. Енді әкесінің сөзі қамшы болды да, 2016 жылы қаңтар айында ауылға біржола көшіп келді. Әр нәрсеге бір себептер болады. Ауылдағы ақсақалдар әкесіне әлгі әңгімелерді айтпаса, әкесі бұған да ештеңе айтпас па еді, кім білсін? Ал, әкесі қамшыламаса, Жақсылық ауылға келер ме еді, келмес пе еді. Ол зауытты  үлкен жер ғой деп Алматыдан да ашқысы келген. Басқа қалаларды да ойластырып көрген. Бірақ он ойланып, тоғыз толғанып, ауылдан ашуға бел байлады. Біріншіден, әйтеуір елге пайдам тисін, елге қызмет істейін деді, екіншіден, ауылдың азаматтарын біледі. Төзімді, шыдамды, кез-келген жұмысқа епті, әбден шаруаға жегін болып, кез келген жағдайға бейімделген. Ауылға келіп, жұмыс бастаса, ауыл азаматтарынан өзіне қолдау болатынын білді.       

Әрине, нөлден басталған жұмыс қай кезде де оңай болмайтыны белгілі. Бірталай кедергілерден өтуге тура келді. Қажетті жұмыстарды ұйымдастыруда, рәсімдеуде аяқтан шалушылар да табылды. Дегенмен мақсатқа деген сенім мен жанкешті еңбектің арқасында барлық қиындықтар еңсерілді. Алдымен 8х50 метр болатын ғимаратын салды. Қыстыгүні жылуын жүргізді. Дүниеде жақсы адамдар бар ғой, бұл жерде де құрылтайшы Ержан Серікұлы істің оңға басуына үлкен қаржылай қолдау көрсетті. 

Ең алғашқы кездескен қиындық ауылдан тігінші мамандар табу болды. Тігінші жоқ, қолынан іс келетін азаматтар жұмысын тастап келуге жүрексінді. Оның үстіне әскери киім тігу үшін белгілі бір машық, біліктілік деңгейі болу міндетті. Сондықтан ауылдан шыққан тігіншілерді жаңа жағдайға бейімдеп, үйретуге тура келді. 

Ізденістің арқасында бұл шаруаның да орайы келді. Көрші Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде индустриалды-аграрлық колледжінде тігіншілер дайындайтын бөлім бар екен. Мамандар осы колледжде арнайы курста оқытылып, тігін жұмысын үйреніп, меңгеріп қайтты. Сонымен қатар Ресейден, Мәскеу қаласынан арнайы еңбек тәжірибесі бар үш тігінші алдырды. Олардың да көп пайдасы тиді, тігінші мамандар олардан біраз нәрсені үйренді. Қазір зауытта жоғары біліктілік деңгейіндегі 45 тігінші жемісті еңбек етуде. 

Зауыттың ең алғашқы өнімі сарбаздың оқтан, жарықшақтардан қорғайтын сауыткеудешесі еді. Сауыткеудешені жасау бірнешелеген күрделі сатылардан тұрады. Бір сауыткеудеше қырық екі деталдан құралады. Алдымен сауыткеудешенің пішіні алынады. Пішін матаның үстіне қойылып, қанша мата жұмсалатыны есептеледі. Көкіректі және арқаны қорғайтын бронепластина матамен көмкеріледі. Оқ өтпейтін техткан деп аталатын сары мата бронепластинаның ішкі бетіне қойылады. 22 қабаттан тұратын бұл мата арнайы бөлек тігіледі. Сауыткеудешеде эвакуациялық тетік деген болады. Бұл не үшін қажет, ұрыста түрлі жағдайлар болады. Сарбаз жараланып, сауыткеудеше ауырлаған жағдайда эвакуациялық тетікті тартып қалғанда сауыткеудеше сарбаздың иығынан еш қиындықсыз шешіліп, түсіп қалады. Сауыткеудеше осылайша тігіншілердің қолынан, тұтас конвейерден өтіп барып, дайын өнімге айналады. 

Зауыт кейін сауыткеудешемен бірге оқтан, соққыдан қорғайтын сарбаз дулығасы, соққыдан қорғайтын қалпақ, жарылғыш заттан қорғайтын костюм, әскери парашют, газдан қорғайтын маска,  сүзгі, химиялық қорғаныс киімі, бүркемелеуші тор, оққа қарсы қалқан шығара бастады. Бұл жабдықтардың шикізатын шетелден алдырды. 

Ең бастысы – өнім тетіктері басқа жақтан әкеліп, құрастырылмайды. Өнімге қажетті жабдықтар зауыттың өзінде жасалады. Сырттан тек гранула, каучук, көмір сияқты шикізаттар алдырылады. Бүгінгі күні зауыт өнімдері ұлттық сарапшылардың белгілеген нормаларына толық сәйкес келеді. Серіктестікке 2017 жылы «СТ-KZ» cертификаты берілді. Кәсіпорын сол жылы тапсырыс аясында 810 дана сауыткеудеше, 240 арнайы әскери киім шығарды. Ал, 2018 жылы тапсырыс көлемі ұлғайып, 5630 сауыткеудеше мен 2125 дулығаға арналған бүркеме шығарды. 2019 жылы бұл көрсеткіш 11 мыңға жетті.  

 

Қазір зауыт нарықтағы қандай да бір бәсекеге төтеп бере алады. Мысалы бұлардың бүгінгі нарықтағы басты бәсекелесі Астана қаласындағы «КазАРМС» және Өскемен қаласындағы «Казаммуниция» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. «Өркен Әлемнің» атап айтар бір ерекшелігі – бұл жерде кешенді өндіріс. Яғни, тек қана сауыткеудеше шығарып қоймайды, жоғарыда айтқанымыздай, әскери салаға қажетті барлық жабдықтар шығарылады. Сондықтан болса керек, «Өркен Әлем» «КазАРМС» пен «Казаммунициямен» салыстырғанда   тұтынушылардың  жоғары деңгейдегі сұранысына ие. 

Зауыттың өнімдеріне өзіміздің күштік құрылымдар, Республиканың Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық Ұлан, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, шекарашылар, «Каспий банк», Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің теңге сарайы, Астана ІТ Университеті тағы басқа мекеме, ұйымдар тапсырыс береді. Болашақ жобада қызығушылық білдіріп отырған мемлекеттер бар.

Он жылда атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай және ол қандай еңбекпен, маңдай термен келді десеңші! Алда жоспарланған жұмыстар көп, 2023 жылы 1100 шаршы метр болатын зауыттың жаңа ғимараты салынып, жұмысқа қосылды. Бұл ғимаратта газдан қорғағыштың барлық түрі жасалатын болады.  

Зауыт жұмысын ең алғаш 6 адаммен бастады, қазіргі таңда 70 жұмысшы маман тұрақты жұмыс істейді. Оның ішінде 45-і біліктілігі жоғары маман тігіншілер. Қазір зауытқа тапсырыс әлдеқайда ұлғайған және ол сапалы және уақытылы орындалады. 

 

***

Кәсіптегі жеңістері мен табыстары Жақсылыққа оңайлықпен келген жоқ. Ой, талай ұйқысыз түндер, жүйкені жұқартқан күлкісіз күндер өтті десеңші. Сондай қиын күндерде құрылтайшы Ержан Серікұлы мен серіктестік директоры Борис Бабиннің қолдау көмегін ұмытар ма?! Әлі есінде, 2018 жылы әскери шені подполковник Жамауов Мұрат деген Республика Қорғаныс министрлігінің өкілі келді. Тамыз айы болатын, бір жарым ай болды. Күнде Жақсылықпен бірге жұмысқа келеді, кешке қайтады. Жасалып жатқан жұмыстарды бақылайды, өнімнің сапасын тексереді. Бірақ  зауыттағы жұмысқа риза болды, пішімші, тігіншілердің жұмысын, өнім сапасын өз көзімен көріп, алғысын айтты. Тіпті арасында: «Мен де сендерге көмектесейін», – деп,  жұмысшы, тігіншілердің жанына барып, өзі де жұмысқа кірісіп кететін. 

Бірақ бұл азаматтың зауытқа іссапарының жайын кейінірек білді. Нақ осы тұста «Өркен Әлемнің» үстінен жоғары жаққа, Қорғаныс министрлігіне арыз қарша борап жатты. Кәдімгі қызғаныш, пендешілік, «Алақандай Жалағашта не қылған зауыт бұл, не жетіскен өнім шығарып жатыр дейсің, әншейін Үкіметтен ақша алу ғой. Шығарған өнімдері ешқандай нормаға, стандартқа сәйкес келмейді, жабу керек» деген сияқты негізсіз күйе жағу еді. Міне, подполковник Жамауов Мұрат осындай арыздардың ізімен жіберілген еді. «Тексер, егер арызда көрсетілген жайлар анықталса,  зауытты жап» деген тапсырмамен келген болатын. 

Бірақ зауыттағы жағдай арызда көрсетілгендей емес екеніне зауыттың табалдырығынан аттаған сәттен-ақ көзі жетті. Қайнаған тіршілік, қаз-қатар отырған тігінші қыз-келіншектер қызу жұмыс үстінде. Шығарылған өнімдер, әскери киімдер белгіленген нормаға толық сәйкес келеді. Бір жарым ай іссапар мерзімі аяқталып, қайтарында подполковник Жамауов Мұрат зауыт жұмысшыларына ризашылығын білдіріп, қимай қоштасқан еді.

Осындай жағдай 2019 жылы да болды. ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі подполковник Поздняк Алексей деген азамат келді. Жақсылық сағат бесте «Алматы-Ақтөбе» пойызынан күтіп алды. Бұл кісінің екпіні қатты екен. 

– Жолдан шаршаған шығарсыз, үйге барып шай ішіп, тамақтанып, сәл демалып алыңыз, – деді қазақы қонақжайлылық ізетпен. 

– Жоқ, ішпеймін, жұмысқа барамыз! – деді ол. 

– Жарайды, барайық, – деді де, мәшинесіне мінгізіп,  жұмысқа алып келді. 

Екеуі де үнсіз, үлкен жерден келген қонақ Жақсылықпен сөйлескісі жоқ, өзімен-өзі. 

Зауыт ғимаратының алдына келіп, мәшинеден түсті. Өндіріс цехының табалдырығын аттады да, бір сәт тұрып қалды. Қаз-қатар тізіліп қызу жұмыс істеп отырған тігіншілерді көрді. Өз көзіне сенбегендей, таңданып тұрғаны байқалды. Үндемеген қалпы, кабинетке келді, құжаттарды сұрады, жарты сағаттай отырып, құжаттарды қарап шықты. Сосын Жақсылыққа қарап:

– Мен аралап көруіме бола ма? – деп сұрады.

– Мархабат, көріңіз, көруге келдіңіз ғой, – деді Жақсылық.

Зауытты аралап, кабинетке қайтып келді. Үстел үстіндегі қораптан бір тал шылым алып тұтатты да, сыртқа беттеді. 

Жақсылық та шылым шекпекші болып сәлден соң сыртқа шықты. Қас қарайып қалған мезгіл еді. Поздняк мұны байқамады, қалтапонымен сөйлесіп тұр. Әлдекімдерді шешесінен сықпыртып жатыр екен. «Я бы в твою мать! Куда вы меня послали? Что вы хотите? В этой организаций все работает как положено!» – дегенін естіп қалды. Байқамаған болып, ішке қайта кірді, кабинетіне келді. Бұл өкілдің де іссапарының мақсаты белгілі болып қалған еді.

Сәлден соң Поздняк кабинетке кірді, жүзі жылыпты, алғашқы ызғар жоқ. Бірден шынын айтты. 

– Мен бұл жерде мынадай өндіріс орны бар деп мүлде ойлаған жоқпын, жарайсың! – деді ол Жақсылықтың қолын қысып.

– Енді шай ішеміз бе?

– Да, енді шай ішуге болады, – деп күлді Поздняк.

Дегенмен бұл да азамат екен, бір жарым ай болып, зауыттың жұмысын көріп, ризашылығын білдіріп, Жақсылықпен дос болып  қайтты. Осы уақытқа дейін хабарласып, мұндағы жұмыстарға қолдау білдіріп келеді, мерекелерде құттықтап тұрады. Республика Қорғаныс министрінен Қазақстанның тұңғыш вице адмиралы Қоңыратовтың да келіп кеткені есінде. Бұл кісі де зауыттың жұмысын көріп, ризашылығын білдіріп кетіп еді.      

    

***

Зауыт жұмысшыларына барлық қажетті жағдайлар жасалған. Жұмысшылардың айлық жалақысы 120 000-300 000 теңге аралығында, бұдан бөлек үш айлық көлемінде қосымша сыйақы беріледі.

Жаз мезгілінде салқындатқыш жұмыс істейді. Сағат 17.00-де 20 минуттық үзіліс беріліп, жұмысшылар зауыт асханасынан ыстық шай ішіп, ыстық шелпекпен жүрек жалғайды. Жұмысшы қызметкерлердің жұмысқа келіп, кетуі үшін арнайы көлік бөлінген. 

Ұлттық, мемлекеттік  мерекелерді зауыт жұмысшылары жоғары деңгейде атап өтеді. 8 наурызда қыздарға бір шоқ гүлмен бірге екі  жылқы сойылып, еті таратылып беріледі. Ал, ерлер мерекесінде бір жылқы сойылып, еті таратылады. Зауытта қыздарға қарағанда ер-азаматтар аз. 22 наурыз мерекесі үлкен дүрмекке айналып өтеді. Наурыз көже жасалып, алуан түрлі ұлттық ойындар ойналып, ән шырқалып, би биленеді. Құрбан айт мерекесінде екі жылқы сойылып, әруақтарға құран бағышталады. Жылқы еті іштегі қызметкерлерге және отбасы жағдайы төмен жеті отбасыға тегін таратылады. 

Несібелі күздің тамаша мерекесі сабан тойда жұмысшыларға кеусен таратылады. Әрбір жұмысшы қызметкерге бір-бір қаптан күріш, картоп, сәбіз, жуа беріледі. Жұмысшы қызметкерлердің балалары жыл сайын оқу киімдерімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ аудандағы  тұрмысы төмен он отбасы балаларына оқу киімдері мен құрал-жабдықтарына көмек көрсетіледі.

Жаңа жыл мерекесі де зауыт жұмысшы қызметкерлерінің сүйікті мерекелерінің бірі. Бұл мереке де өзіндік сән-салтанатымен өтеді, ұжым мүшелеріне сый-сияпаттар жасалады.  

Әрине, осының бәрі зауыт құрылтайшысының, басшылардың бастамасымен, қамқорлығымен болатыны белгілі. Айта берсек, филиал директоры Жақсылықтың жарқын істері көп, алда әлі бірталай жоспарлары да бар. «Өркен Әлемнің» сындарлы он жылы бір белес, бір мектеп деп біледі. Жақсылықтың осынау еңбегі елеусіз қалған жоқ, таяуда ғана өткен ауданның 85 жылдық мерейтойында «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» деген мәртебелі атақ берілді. Бірлігі жарасқан, берекелі еңбек ұжымының алар асулары әлі алда деп білеміз.  

 

Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы
15.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

Жұмысы сан салалы   бірлестік
Сұхбаттасқан – Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ - 16.11.2024 137
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 146
ӘКІМДЕР НЕГЕ ҚАУҚАРСЫЗ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 15.11.2024 46
«АДАЛ ҰРПАҚ» ЕРІКТІ МЕКТЕП КЛУБТАРЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ СЛЕТЫ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 15.11.2024 109
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 220
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 188
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 146
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 220
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 188
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 198
 «ҚОЛА ДОМБЫРА» – шымкенттік оқушыда
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 13.11.2024 193
Көкшеде тау-тау астық қар  астында жатыр
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Дахан ШӨКШИР - 13.11.2024 200
ТОҚТАМАЙТЫН ТОҚТАҒАЗИН  (Ескірмес эссе)
Нұрдәулет АҚЫШ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Алматы қаласы - 09.11.2024 1022
ЖҮРЕК ЖЫРШЫСЫ
Қанат ӘУЕСБАЙ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, PhD - 09.11.2024 1024

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8314
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 7717
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 10945
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 8693
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 9931