Адамгершілігі мол абзал ана

Адамгершілігі мол абзал ана

Ертіс-Баян өңірінде өзінің мәдени-рухани саладағы еңбегімен елге ақылшы, ұрпаққа үлгі болған ерекше парасатты аналар бар. Солардың бірін бүгін сөз етпекшіміз. Ол – Абғожинова Гүлжиян Ханафияқызы.

Гүлжиян Ханафияқызы 1942 жылы 25 ақпанда Павлодар  облысы Ертіс ауданында  дүниеге келген. Әкесі Ханафия  Асқарұлы Павлодар облысы, Қызылағаш болысы, 3-ші ауылының тумасы. Анасы – Нақия Ахметжанқызы Ертіс ауданындағы Кеңес  ауылынан шыққан. Гүлжиян Ханафияқызы  ауылда  медбике  қызметін  атқарды.    Жолдасы Абғожинов Совет Жангелдіұлы ауылда  тракторшы, шофер болды. Кейін  қаржыгер  мамандығы  бойынша жоғарғы білім алып, Екібастұз  аудандық қамсыздандыру бөлімінің басшысы болды. 

1960 жылы 1 қаңтарда ата-аналарының  келісімімен Совет  Жангелдіұлымен шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. 1967-69 жылдары Павлодар  медициналық училищесін  бітіріп, Ертіс аудандық  ауруханада  1972 жылдан 1993 жылға  дейін қызмет істеді. 1993 жылы зейнеткерлік  демалысқа шықты. Еңбегі  жанып «Еңбек ардагері», «Екібастұз қаласына – 50  жыл»,  «Павлодар облысына – 70 жыл» медалімен марапатталды. 2002 жылы Мұсылман  әйелдер  лигасында,  2007 жылы «Әжелер» тобында болып, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесімен айналысты. Шаңырақта Тасболат, Бекболат сынды ұлдарды, Бибігүл, Айгүл сынды қыздарды дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Олар да бүгінде елге танылған азаматтар болды. 

Ұлын  ұяға, қызын қияға  қондырған жанұяның  балалары  жоғары  білім алды, бірі  кәсіпкер, бірі құрлысшы, екі қызы дәрігер болды. Келіндері мен күйеу балалары да еліне елеулі, халқына  қалаулы  қариялардың  мақтанышы.  Гүлжиян қажы  Ханафияқызы имандылық, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл мен дін, адамгершілік тақырыбында «Әкем туралы ой толғау», «Өмір өткелдері, уақыт  өрнектері», «Иманды  отбасы болу – ақ некеден  бастау  алады» атты    кітаптарын шығарған. Павлодар облысының «Сарыарқа самалы», Екібастұз  қалалық   «Отарқа»,  республикалық «Ислам және өркениет» газеттерінде мақалалары мен  авторлық  туындылары, эссе,  шағын новеллалары талай жарияланды. Өмірден көрген  білгені, түйгені көп шежіреші Гүлжиян Ханафияқызы мен Совет  Жангелдіұлы бүгін 17 немере 24 шөбере сүйіп отыр. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласында тұрады. Баршылықта  өмір  сүріп отырған ата-әже  балалардың  арқасында жастайғы  бейнеттің зейнетін көріп  отыр. 

Кеңес  Өкіметі  кезінде кәсіподақ ұйымы арқылы Қырымда, Ялтада, Кавказда, Таулы Алтайда, Белокурихада демалыста болыпты. Ал 1991 жылы ел Тәуелсіздік  алғаннан  кейін балаларының  арқасында Чехословакия,  Филиппин     аралдары мен Сауд Арабиясында, Түркияда саяхатта болды. 1999 жылы Гүлжиян  Ханафияқызы мен Совет Жангелдіұлы мұсылмандық бес парыздың бірі – қажылық парыздарын орындаған. Одан кейін Ақкөл – Жайылмада Исабек ишан мешітін салуға айтарлықтай үлес қосты. 

Гүлжиян қажының өмірдегі  басты арманы – тұңғыш немересі Аланның  сырқатынан емделіп, жазылуы еді.  Бүгінде ол да отбасылы болған, сүйікті жары Самира екеуі Мекке-Мединеде тұрады екен. Ертеректе Гүлжиян апа Исабек ишан кесенесі жанындағы құдықты қайта  қазғызып, балаларынан Меккеден 63 литр су алғызып  құйғызып еді. Сол бір сауапты ісі де көпшіліктің әлі есінде. Ақкөл ауылында Исабек  Ишан мешітін салғанда да,  кесене  кешені көтерілгенде де балаларына қасиетті 63 санын ұлықтатып көрсетуі абзал ананың ақыл-парасаттылығы еді. Осы шарадан кейін заманның қиын тұсында ислам дінін уағыздау арқылы есімі тарихта қалған әулие адамға деген  ақкөлдіктердің құрметі арта түсті. Кезінде кәрі ата-енені күтіп батасын алған Гүлжиян қажының балалары бүгінде халыққа қайырымдылық жасап, жер-жерлерде бірнеше мешіт салуда. Сонымен қатар, мешіттерді қыста тегін көмірмен қамтамасыз етуде. Бұл – Гүлжиян ана мен балаларының асыл дінге деген жанашырлығының айғағы деп түсінеміз. Кезінде осы кісілермен ата көрші болған Жөкен Қамзиннің  баласы Жұмабек Гүлжиян апаның ұлдары Тасболат және Бекболаттармен бірге өсіп, спортта бокстан  әйгілі межеге  жеткен еді.  Бүгінде сол достықтары әлі ажырамаған. 

Бұл отбасы бүгінде Екібастұз қаласындағы 200 орындық оңалту орталығында және басқа да мектептер мен балабақшаларда көмекке зәру отбасыларға жиі қол ұшын береді.   Абзал  ананың еңбегін бағалау – құрметтің белісі.  Бір шаңырақ  астында 66  жыл  өмір  сүріп,  отбасына  тірек  болып отырған  үлкен қариялар қашанда өнеге. 

 

Сапарбек МАУСЫМБАЕВ, 

Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, 

білім беру ісінің үздігі 

21.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25301
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24799
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42230
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38084
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42571