Әділетті Қазақстанда әділетсіздікке жол жоқ!

Әділетті Қазақстанда әділетсіздікке жол жоқ!

 

ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың назарына

ҚР Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевтың назарына

Газет көтерген мәселе

    Өткен нөмірімізде ҚР прокуратурасына, Жоғарғы сотына белгілі журналист Сәуле Мешітбайқызының  «Әділетсіздіктің құрбаны болған Азаттың жанайқайын кім естиді?» деген мақала бердік. Газетімізде де, сайтымызда да, ғаламторда да оқырман өз үнін білдірді. Шетелдерден де хабарласқан жанашыр жандар бар. Кәсіпкер Азат Кәрімұлына жасалып жатқан әділетсіздіктерге, заңсыздықтарға халық осылай үн қосты. Солардың бірнешеуін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Азат түрмеден шығарылсын!

    Азат бауырымыздың жанайқайы мені де ашындырды. Қарапайым еңбек адамы, яғни Қытайдан елім, жерім, атамекенім деп келіп, енді Отаныма азды-көпті үлесімді қосамын деп келген қандасымыздың адал еңбегін пайдаланып кетуші Қытай елінің азаматы Лю Жунның залымдығына біз қатты ашулымыз. Шынында да Президентіміздің өзі ешқандай әділетсіздікке жол берілмесін деп айтса да, арнаулы тапсырма берсе де, мұндай әділетсіздікке бару, меніңше, үзілді-кесілді дұрыс емес. Алдымен Азат түрмеден шықсын! Менің таңғалғаным ол не үшін түрмеде отыр? Елі үшін жан-тәнімен еңбек еткені, қарекет жасағаны үшін бе? Азаттың адвокаттары шырылдап барлық деректерді нақты етіп жайып салса да, заң орындары неге оған мән бермей отыр? Адвокат емес, заңнан түк хабарсыз жай, қарапайым адамның көзімен қарасаң да бәрі жарқырап көрініп тұрған жоқ па? Көрінгенде қандай! «Көрмес түйені де көрмес» деген қазақтың тәмсілі бар. Сонда заң орындары көзжұмбайлыққа салынып отырғанын біз, халық, көрмейді, білмейді деп отыр ма? Халық Алланың бір аты. Заң орындары, райыңнан қайтыңдар. Аллам бәрін көріп тұр. Адамнан қорықпасаңдар да, Алладан қорқыңдар! Бала-шағаларыңның, жұмыстарыңның болашағын ойлаңдар! Сонда әділеттілік салтанат құрады. Аққа Құдай жақ дейді. Ендеше ақты қараға айналдырмай, Азатты ақтап, кәсібін өзіне қайтарып беріңдер!

  

Амангелді Жұмашев, қоғам қайраткері

 

Ұлттық рухты тірілтпесек,

қазақ азап шеге береді

    Сәуле Мешітбаеваны танымасам да, ол кісіні мақалалары арқылы жақсы білемін. Елана деген қасиетті атқа лайықты абзал жан. Үнемі үлкен ана ретінде әділетті ту етіп, жазған мақалаларын ылғи оқып жүремін. Ол кісі талай әділетсіздіктен жапа шеккен адамдарды қорғап көптеген мақалалар жазды. Олардың көбісін қорғап та шықты. Журналистер, Сәуле апайдан үлгі алыңдар! Ол кісінің әсіресе табандылығы ұнайды. Айтары бар, өзіндік үні бар журналист. Міне, бүгін тағы да бір шырылдаған әлсіз, әлжуаз жанға араша түсіп отыр. Мақаланы оқып шығып, әлі де болса Назарбаевтардың ескі, құйтырқы, жемқорлық сасыған ниеттері жүзеге асып жатқанына куә болдым. Иә, сот, прокуратура түзелмей, елімізде әділетсіздік тоқтамайды. Көрер көзге, тал түсте ешбір кінәсі жоқ адамды шырылдатып апарып түрмеге тығу не деген нағыз масқара! Лю Жун деген қазақ қыздарына білгенін істеген қатігез жанның астына өз қазағын салып беріп отыр. Егер Қытайда осындай болсыншы, онда бәрі керағар болар еді. Әттең, біздің қазақ боқ дүние үшін рухын да, намысын да, елін де, жерін де, Отанын да сатып жатыр. Бұл дегенің нағыз бейшаралық! Ұлттық идеологияны жолға салмай, жасамай, біз ел болмаймыз. Қазақтың ұлттық рухын ояту керек. Билік осыған зор мән беру керек.

Дариқа ЕШМҰРАТ,

көпбалалы ана

 

Бізде бәрі де ақшаға сатылады

    «Qazaqstan dauiri» газетін үзбей алып жүрген оқырманмын. Бұл басылым өзге басылымдарға ұқсамайды. Айтарын айтады, ұлттық мүддені қорғайды, әділетті жазады. Сәуле Мешітбайқызы, Ертай Айғалиұлы, Нағашыбай Қабылбек, Ерқазы Сейтқали, Рауан Мутаир... Міне, осы журналистер шындықты айтып, ақиқатты ақырып жазып жүр. Мінеки, Азаттың тағдырын қорықпай көтерген басылымға мың да бір рақмет. Қорғансыз қазақты кім қорғайды? Осы сұрақ мені қатты мазалайды. Газет бұл көкейтесті мәселелер жөнінде көп айтады. Бірақ оны билік оқымайды. Біздің зор кемшілігіміз, маған мына мақаладан кейін зор ой пайда болды. Ант қабылдаған дәрігер неге науқасты дұрыс емдемейді? Ақшаға сатылған. Шекарадан неге заңсыз нәрселер өтеді? Ақшаға сатылады. Ал соттар, заң қызметкерлеріне не көрінді? «Тұз сасыса», оған не істей аламыз? Мінеки, Азаттың ісіне әділетсіздік жасап отырған соттар неге қорықпайды? Бұл жерде жең ұшынан жалғасқан сыбайластық бар секілді. Олар бірін-бірі ешқашанда сатпайды. Себебі олар Отанын ақшаға сатып отырғандай. Азатты біз құтқара алмаймыз. Себебі соттар бізді адам қатарына жатқызбайды. Оны тек Президенттің өзі ғана қорғай алады.

Әбітбек, Жамбыл облысы

 

Бұл әрбір қазақтың намысын оятатын масқара жағдай

 

«Qazaqstan dauiri» газетіндегі «Әділетсіздіктің құрбаны болған Азаттың жанайқайын кім естиді?» деген мақаланы оқып, жүрегім алай-дүлей болды. Неткен масқара әрекет! Қайда бара жатырмыз? Елім деп еңіреп келген, бар қаржысын елдің дамуына салуды көздеген қандасымыздың қайдағы бір алаяқ қытай бизнесменінің арызына бола қамауға алынуы тіпті түсініксіз. Ол алаяқ, мақалада жазылғандай, Қытайдың қаржы салған бірнеше кәсіпкерін де алдап кеткен көрінеді.

Мақаланың терең зерттелгені көрініп тұр. Фактілері де сондай мықты. Қауіптің қай жақтан екенін де астарлап жеткізген. Менің оқырман ретінде айтарым – компания өкілі Лю Жун заң алдында жауап беруі тиіс. Барлық ісі үшін. Оның «Қазақ билігін сатып алуға қауқарым жетеді» деген сөзін естігендер бар екен. Бұл енді қазақ ұлтын мазақ ету. Бұл аз десеңіз, менің намысымды оятқаны – Лю Жун қазақ қыздарын қолғапша ауыстырып, дандайсып жүргені. Оған да бір тоқтам керек шығар. Ұлттық намысымыз қайда, ағайын?

Азат секілді ұлттық мүддені ойлайтын, қазағым деп келіп, кәсібін дөңгелетіп жатқан жігітті осынша қорлау, абақтыдан үйіне шығармай қинау, қытай азаматының бір арызы бойынша (дәлелдер жеткіліксіз болса да) сот процесін созбақтау кімге тиімді? «Аққа құдай жақ» дейді қазақ. Күндердің күнінде әділдіктің ақ туы желбіреп, Азат бауырымыздың бостандыққа шығарына сенемін. Тек сол күн тезірек келсе екен. Лю Жун секілді қара басын ойлаған сойқандарға – мазақ болып отыра беру – ұлттық болмысымызға жат және өте ұят. Жоғарыдағы ел сенім артқан тұлғалар, жанұшыра шырылдаған бауырларыңа қолдау көрсетіңдер! Еланасы Сәуле Мешітбайқызына рақмет айтамын. Нағыз ел анасына лайық мақала жазып, жазықсыз жапа шегіп жатқан Азат бауырына рухани демеу көрсеткен. Аман болыңыздар!

 

Сәлеммен, астаналық Роза апаларың

 

Жәбірленушіні айыпталушыға айналдырған қандай күш?

Азат Кәрімұлының жазықсыз қамалып, түрмеден жазған ашық хаты әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Газетіміздің де алдыңғы нөмірінде «Әділетсіздіктің құрбаны болған Азаттың жанайқайын кім естиді?» атты мақала жарық көрді. Осы тұрғыда «Азаматтық құқықтарымызды қорғайтын ел қайда?» деп ойланып қалады екенсің. Адам – мемлекеттің ең үлкен байлығы емес пе?  Қазақстан Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Адам – мемлекеттің ең үлкен байлығы» деп жазылған. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы – адамның ажыратылмайтын құқылары мен бостандықтарын жариялаған негізгі халықаралық-құқықтық құжат. 1948 жылғы 10 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған. Бұл халықараралық-құқықтық актінің міндеті – осы құжатта бекітілген адам құқылары мен бостандықтарының жалпыға бірдей мойындалуын және тиімді сақталуын қамтамасыз ету. Қазақ азаматтарын қорғайтын заң бар емес пе?!

 

«Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» дейді. Лю Жуннің иесі кім екені белгілі. Менің тәңірім – Көп. Көптің бір аты – Құдай! Көптен көмек, араша әділет сұрап отырмын. Бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін, құқығымыз үшін, әділет үшін күреспесек, жаңа, әділетті Қазақстан ешқашан болмайды. Қазақстанымыз кедей, мәдениетсіз елге айналады. Ұрпағымыз келімсектердің қолына қарайтын жалтақ, әлжуаз болады.

Хәкім Абай айтқан «Өлім барда – қорлық жоқ». Мен заңсыз, орынсыз, әділетсіз қорлыққа төзе алмаймын. Еркін өмірдегі туған-туыс, дос-жарандарым, Қазақстанның болашағына бей-жай қарай алмайтын, әділетті Қазақстан құруды сөз жүзінде ғана емес, шынайы өмірде көргісі келетін әрбір азамат мені қолдайды деп сенемін!» – деген түрмеден жолдаған хатында Азат Кәрімұлы.

Нақақтан-нақақ қамалып, бірнеше айдан бері қамауда отыған, өзі жәбірленуші бола тұра, айыпталушыға айналып кеткен Азат Кәрімге хаты арқылы көптің назары түсіп, ісі әділ шешіледі деп үміттенеміз.

РАУАН МУТАИР 

 

 

  

Құқық қорғау саласы халық үніне құлақ асуы қажет

Жасым сексенге таяп қалғандықтан, әлеуметтік желіде аса белсенді емеспін. Мен «Qazaqstan dauirі» газетінің тұрақты оқырманымын. Сәуле Мешітбайқызының 7 наурыз күні жарияланған «Әділетсіздіктің құрбаны болған Азаттың жанайқайын кім естиді?» атты мақаласын оқып, ұл-қыз тәрбиелеген ана ретінде жүрегім ауырды. Әлеуметтік желіде таралып жүрген хатты оқымағаныммен, «Qazaqstan dauirі» газетіндегі мақаланы толық оқып шықтым. Азат балама аналық қолдау көрсетуді жөн көрдім.   

«Ел құлағы – елу» деген, кейінгі уақытта еліміздегі құқық қорғау саласының әділ шешімдерінен бөлек, әділетсіз әрекеттерінен жапа шеккен адамдардың көбейіп бара жатқанын жиі еститін болдық.  Елім-жерім деп Қытайдан келген азаматтың түрмеде ар-ожданын таптап, қорлық көрсетуі адамдыққа жатпайды.  Оған жала жапқан Лю Жун деген қытайды құрықтап, түрмеге жабудың орнына өз қазағымызды қорлап отырғаны жаныма батады. Лю Жунді неге тексермейді? Азат Кәрімұлының  жанайқайына құлақ асып, жазықсыз адам түрмеге тоғытылмаса екен деймін. Азат шырылдап, өзінің жазықсыз екенін айтып түрмеден хат жазған екен. Азатты жақын танымасам да,  әділетсіздіктің құрбаны болмаса екен деп тілеймін. Билік пен халық арасында байланыс орнатушы «Qazaqstan dauirі» газетін әділетсіздікке қарсы тұрып,  халықтың жоғын жоқтаушы деп білемін. Газет бетінде жарық көрген Сәуле Мешітбайқызының мақаласы жәрдемдесіп,  елім деп Қазақстанға келген Азат Кәрімұлы ақталып шықса, нұр үстіне нұр болмақ. Соттың үнсіздігінен екіұдай күйге түскен Азаттың туыстарына Алла күш, сабыр  берсін. 

ҚР Жоғарғы соты, ҚР Бас прокуратурасы заңгерлердің  өтініштерін назарға алып  әділ шешім шығарып, Азат Кәрімұлын қамаудан босатады деген сенімдемін.  

 Бағлан БОТПАЕВА,

 зейнеткер

 

17.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 49
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 577
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 691
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 606
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 615

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8752
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8152
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11381
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9135
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10366